Без рубрики

ӘЙГІЛІ ҰСТАЗДЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛДЫ

Есіл ауданының Николаевка ауылында әйгілі ұстаз, КСРО және Қазақ КСР ағарту ісінің озаты, Ленин орденінің иегері Асқар Игібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен облыстық білім басқармасының VІ ашық кубогы өтіп, дарынды жас балуандар бақ пен баптарын сынады. Шараға Ақмола облысының балуандары да қатысты.

Мерейлі жиында Асқар Игібайұлының әріптестері, шәкірттері, ұлы Марат болды.

Спорттық шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еділ Тұтқышев:

– Асқар Игібайұлы көзі тірі болса, биыл 85 жасқа толар еді. Білім саласының үздігі, бірімізге ардақты аға, бірімізге құрметті ұстаз болған Асқар Игібаев жайлы айтылған сыр да, жазылған жыр да аз емес. Ол кісінің білім беру саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, – дей келіп, ардақты ұстаз ширек ғасырға жуық басқарған мектепке аудан әкімі Мұратбек Әбішевтің атынан ноутбукті сыйға тартты.

Содан кейін сөз алғандар да марқұмның білім саласына, жас ұрпақты тәрбиелеуге көп еңбек сіңіргенін, оның әрдайым досқа адал, бауырмал, көпшіл адам болғанын, өзі таңдап алған мамандығына бар саналы ғұмырын арнағанын тілге тиек етті. Облыстық күрес федерациясының басшысы Бауыржан Құлжанов пен дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлықтың өңірлік оқу әдістемелік орталығының басшысы Қанат Сәдуақасов боз кілем үстінде шеберліктерін сынауға ниет білдіріп келген спорт мектептерінің қазақ күресінің балуандарына сәттілік тіледі.

Жеті салмақ дәрежесі бойынша өткен сайыста балуандар топ болып жарысты. Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орын мен жарыс кубогы петропавлдық күрес мектебінің балуандарына бұйырды. Ал екінші және үшінші орындарды Көкшетау қаласы мен Шал ақын ауданының құрама командалары өзара бөлісті.

Ал облыс орталығының балуаны Райымбек Алпысовқа сайыстың “Ең үздік техникасы үшін” аталымының жүлдесі бұйырды.

Спорт шарасы соңында Марат Игібайұлы жарысты ұйымдастыруға бір кісідей жұмыла білген жерлестеріне алғысын білдірді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Есіл ауданы.

Добавить комментарий