Без рубрики

ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ – ЖУРНАЛИСТ БОЛУ

Еліміздің ертеңгі иелері саналатын жас өрендеріміз отансүйгіш, белсенді, білімді, бәсекеге қабілетті болса, мемлекетіміздің де келешегі кемел болатыны сөзсіз. Сондай жастардың бірі – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Тіл және әдебиет институтының 3-курс студенті Нұржан Сейілбеков.

Есіл ауданындағы Алқа ауылында дүниеге келген Нұржанның мектеп жасынан-ақ туған тілдегі туындыларға деген ықыласы ерекше. Қазақ ақын-жазушыларының том-том кітаптарының тереңіне бойлағанды жаны сүйетін жас білім байқауларына қатысып, пән олимпиадаларының белестерін жиі бағындыратын. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта оқып жүріп, “Жарқын болашақ” атты “Тіл білімі” бағытындағы байқауда, қазақ тілі және әдебиеті пәндері бойынша облыстық олимпиадаларда бірінші орындарға, “Тарих ата – 2011” республикалық сырттай олимпиадасында Қазақстан тарихы пәнінен 3-орынға ие болады. Осындай сайыстарда шыңдалған жас 2012 жылы Қарағанды қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық пәндер олимпиадасында Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университеті грантының иегері атанып, келесі жылы Алматының түбінде орналасқан сол жоғары оқу орнында білім ала бастайды. Оқудан қиналмағанымен, үлкен қалада жүріп-тұруға қажетті қаражат жағы қалтаға салмақ салғандықтан, солтүстік өңірге қайтып оралған Нұржан СҚМУ-де қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша білімін жалғастырады.

Қиялға қанат бітірген ару қала – Алматыдан алшақтаса да, Нұржан асқақ арманынан қол үзген емес. Бастысы – қаламы қарымды журналист болу. Ол үшін оқу-білімін жетілдіруден жалықпайды. Жоғары оқу орнында білім ала жүріп, республикалық сайыстар – “Әскерге шығарып салу” эссе байқауына, М. Жұмабаевтың “Тек “ел” деген сөзі үшін” атты талантты жастардың сайысына, “Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері” атты фоторепортаж және “Аңызға айналған аймақтар” байқауларына қатысып, жүлдегер атануы да қол бұлғаған арманға алғашқы қадамдары.

– Мектептегі ұстазым Әлия Малдыбаеваның арқасында әдебиетке деген қызығушылығым арта түсті. Шығармашылыққа бағыт-бағдар берді, жетектей отырып, жетістіктерге жеткізді. Болашақта ата-анамның сенімін ақтап, беделді журналист атанып, ел мүддесі үшін қызмет етсем деймін. Осы екі мақсат үшін бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін де сарп етуге дайынмын, – дейді талапты жас.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Добавить комментарий