Без рубрики

ЖУРНАЛИСТЕР АҚТӨБЕДЕ БАС ҚОСТЫ

Бүгіндері елімізде облыстық, қалалық және аудандық жүздеген басылымдар мен телеарналар жұмыс істейді. Оған қоса жүздеген мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары да өз оқырмандарына өнімдерін ұсынуда. Ақпарат айдынындағы өңірлік БАҚ өкілдерінің алқалы жиынын өткізу, өзара пікір, тәжірибе алмасу туралы идея біраздан бері айтылып жүр еді. Оны алғашқы болып Ақтөбе облысының әкімдігі қолға алыпты.

Қыркүйек айының 25-ші жұлдызында Ақтөбе қаласының Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында “Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын жаңғырту” тақырыбында медиа-форум өтті. Бұл алқалы жиынға еліміздің барлық облыстарынан газеттер, телерадио мен электронды БАҚ өкілдері қатысты.

– Біздің облыстық ішкі саясат басқармасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қатысты әлеуметтік жоба дайындаған болатын. Осы жоба аясында еліміздің өңірлеріндегі БАҚ өкілдерінің басын қосып, осындай форум өткізудегі басты мақсатымыз – журналистердің кәсіби шеберлігін арттыру, біліктілігін шыңдау. Білікті журналист әрқашан кез келген оқиғаға, құбылысқа терең мән беріп, жан-жақты талдап, мәселені объективті және субъективті тұрғыдан бағалай алады. Сонда ғана оқырмандарға, көрермендерге шынайы ақпарат жететін болады, – деді медиафорумды ашқан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқанова.

Өңірлерден келген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында “Эра” телекомпаниясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңесінің төрайымы, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, Мәскеу қаласынан арнайы шақырылған режиссер, продюсер Евгений Головня, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, режиссер Гүлбану Үкітайқызы сөз сөйлеп, жиналғандарды толғандыратын мәселелер төңірегінде салиқалы ойлар қозғады, БАҚ-тың санымен қатар сапасын көтеру, журналистердің шеберліктерін шыңдау қажеттігін алға тартты.

– Медиафорумның Ақтөбе облысында ұйымдастырылуы мені қуантып отыр. Өйткені, журналистика саласындағы негізгі үлкен жұмыстар өңірлерде өтеді. Сондықтан олар, яғни жергілікті БАҚ өкілдері халыққа жақын. Қазіргі кезде журналистиканы дамытудың небір технологиясы бар. Олардың ішінен заман талабына сайын таңдап алу шеберлікті талап етеді. Кейбіреулер тіпті газеттерді жабу керек деген ақылға сыймас пікір білдіреді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Меніңше, әрбір облыстың, қаланың, ауданның өз газеттері болуы тиіс. Жергілікті билік мемлекеттік саясатты жүргізу шеңберінде сол басылымдарға қолдау жасауы тиіс. Өйткені, БАҚ – халық пен қоғам арасындағы көпір, – деді Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.

– Еліміздің өңірлерінің журналистері үшін мұндай медиафорумның өткізілуі өте орынды деп санаймын. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салып, болашақта жүзеге асыратын міндеттерін белгілеуге мүмкіндік алады. Ал көтерілетін мәселелер аз емес екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мәселен, жергілікті жерлердегі немесе орталықтардағы ақпарат құралдарының құрылтайшыларымен қарым-қатынас орнатудың өзі бір тақырып емес пе? Қазір әлеуметтік желілер өмірімізден үлкен орын алып жатыр. Салиқалы ой айтатын, тұшымды пікір қосатын кәсіби желілермен қатар жеке тұлғалар да сайттар ашуда. Осы әлеуметтік желіні журналистиканың бір саласына жатқызуды жақтайтындар мен оған қарсылар пікір таластырып жүр. Бұл мәселе де форумда талқыға түсуі тиіс, – деді “Түркістан” газетінің бас редакторы Шамшиддин Паттеев.

Түстен кейін медиафорумға қатысушылар үшін шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Ол “Жергілікті БАҚ-тың қызметі. Жұмыс тәжірибесі”, “БАҚ-тың жұмысын жаңғырту: мақсаттар мен мәселелер”, “Тележүргізушінің сөйлеу шеберлігі. Қимылдар тілі”, “Операторлар жұмысының шеберлігі”, “Жаңалықтар жанрының заманауи үлгілері. Бүгінгі телевизия”, “Шығармашылық ойлау: газет дизайны”, “Әлеуметтік роликтер режиссурасы”, “Заманауи бағыттар: ғаламтор және БАҚ”, “Кино мен телевизиядағы деректеме. Этика және шеберлік” тақырыптарында өтті. Шеберлік сыныптарын Астана, Алматы, Мәскеу қаласынан арнайы шақырылған тәлімгерлер өткізді. Оның барысында медиафорумға қатысушылар БАҚ-тың жұмысын жаңғырту, жергілікті БАҚ-тың қызметі, жаңалықтарды жеткізу үлгісі, ғаламторды тиімді пайдалану тәсілдері, тележүргізушінің шеберлігі, әлеуметтік роликтер режиссурасы, оператор жұмысының қыр-сырына үңілу сияқты жұмыстар бойынша тәжірибелі мамандардан дәріс алды.

Медиафорумның екінші күні оған қатысушылар “Қазақстан – Ақтөбе” және “Рика” телекомпанияларының жұмысымен танысты. Содан кейін “еліміздің батыс қақпасы” теңеуіне ие Ақтөбе қаласының өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандарын аралады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл – Ақтөбе – Петропавл.

Добавить комментарий