Без рубрики

ҚОЛА АЛҚА – ОНЫҢ ҚОЛЫНДА

Қытай Халық Республикасының Нанкин қаласында өтіп жатқан Жасөспірімдердің екінші Олимпиадасының кезекті жарыс күнінің 27 тамыздағы тікелей көрсетілімін теледидардан тағатсыздана тостым. Мұның өзіндік бір себебі де бар еді: сол күні біздің көркем гимнасшы қыздарымыз финалдық сайыста сынаққа түсетін. Ал Қазақстан құрамасында петропавлдық он бес жасар гимнасшы Дарья Медведева да ел намысын қорғауға тиіс.

Ол құрбылары Виктория Гусляковамен, Әмина Қожахатпен, Нұрай Құмаровамен, Әлия Молдахметовамен бірге Олимпиаданың топтық сайысында сынға түседі.

– Олимпиадаға топтық жаттығуларда 2014 жылғы Азия чемпионы болған Олеся Колышева аттануға тиіс еді. Алайда, ол жарқаттанып қалды да, құрамаға Д. Медведева шақырылды, – деді осы ойындар басталар алдында балалар мен жасөспірімдердің “Гимнастика” спорт мектебнің директоры Есілбай Омаров. – Біз одан зор үміт күтеміз.

Жанымды шүберекке түйіп, теледидардан көз алмадым. Өзбекстан қыздары әуелі белқұрсаумен жарысқа шығып, үшінші нәтиже көрсетті. Ресей мен Болгария қыздары мүлде қара үзіп кетті. Біздің бойжеткендер – төртінші.

Екінші топтық жаттығу – ұршықтармен өнер көрсету. Міне, осы жарыста біздің қыздарымыз аспанға өрледі. Әрине, ресейліктер көш басын берер емес. Екінші – болгарлар. Біздің құрама еш ағаттық жіберместен, көп ұпай еншіледі. Бойжеткендеріміз қоссайыс қорытындысында 25,050 ұпай алып, қола алқаны қолға салды.

28 тамызда “Қарасай” стадионындағы акробатика залында Дарьяның бапкері Людмила Ленциковамен және Есілбай Омаровпен жолықтым.

Д.Медведева – 15 жаста, спорт шеберіне кандидат. М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы лицейде жеті сыныпқа дейін оқып, 2013 жылы спортқа дарынды балалардың мамандандырылған мектеп-интернатына қабылданған. Көркем гимнастикамен “Гимнастика” спорт мектебінде жаттығады.

– Біз әріптесім Екатерина Блинова екеуміз балдырған қыздарды бес жасынан бастап жаттықтырамыз. Көркем гимнастикада бес түр бар. Олар – доппен, белқұрсаумен, ұршықпен, лентамен және секіртпе жіппен өнер көрсету. Дарья осының бәріне жетік. Сондықтан ел құрамасына қабылданды, – деді Л.Ленцикова. – Ал топтық сайысқа екі түрі ғана енеді. Ел құрамасының жаттықтырушылары Дарьяның осы түрлерді жақсы меңгергенін байқағандықтан, оған сенім артты. Ол сенімді ақтады. Бұл – біз үшін де үлкен абырой.

Жаттықтырушылардың айтуына қарағанда, Д. Медведеваның ересектер арасында да жұлдызы жарқырайтын күндер алыс емес.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Добавить комментарий