Без рубрики

ҰЛЫ АҚЫННЫҢ ЕСІМІМЕН АТАЛАДЫ

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалында Алаш жұрты ардақтаған біртуар талант иесі – жыр пайғамбары, қазақ этнопедагогикасының көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаев атындағы кабинет ашылды.

Азат өмірді, халқының тәуелсіз ел болған қалпын көруге ұмтылған, сол жолда білегіндегі күшімен де, жүрегіндегі жырымен де күресіп өткен қайраткер ақынның атындағы білім мүйісін ашу құрметіне ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мүтәллап Қанғожин мен “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Алма Мырзалинова ие болды.  

“Мағжанның мәңгілік өмірі басталып жатыр. Мағжан Жұмабаев атындағы мектептер, кітап дүкендері, алаңдар, көшелер, аудандар бар. Енді оның атындағы кабинет те жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру үшін есігін айқара ашты. Оның ақындығы, педагогтігі, есімі жұрт жадында қайта жаңғыруда. Болашақ ұрпақ тәрбиесінде істеріңіз оңға басып, Мағжанның рухы қолдасын”, – деп ақ батасын берді Мүтәллап Мұхамәдиұлы.

Ұйымдастырушылар стендке ақынның жырларын топтастырыпты. Мұнда Мағжан Жұмабаевтың туған жері – Сарытомардағы мұражайынан да материалдар жинақталған.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, мағжантанушы ғалым Сабыр Сеңкібаевтың пікірінше, Мағжанның өз заманында айтқан: “Баланы заманына сай оқыту керек”, – деген сөзі бүгінгі әлемдік жаһандану кезінде де өзектілігін арттыра түспесе, кеміткен жоқ.

– Бабамыздың атындағы кабинеттің бір ерекшелігі – Мағжан туралы деректі, бейнефильмдер, суреттер, мәтіндер, тағы басқалардың барлығы смарт технологияның көмегімен электрондық түрде үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жүктелген. Курсқа келген әрбір ұстаз оларды планшеттер арқылы көруіне, өздеріне қажеттілерін алуларына мүмкіндік жасалған, – деді аталмыш мекеменің мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру кафедрасының аға оқытушысы Гүлдарай Қайнетова.

Кабинетке Мағжан Жұмабаевтың өмірі, шығармашылығы, тағдыры, педагогикалық зерттеу еңбектерінен мәліметтер беретін материалдар жинақталған. Олар әлі де толықтырылып, ұстаздардың игілігіне қызмет ететін болады. Біліктіліктерін арттыруға келген ұстаздар үшін қазақтың тарихына, этнографиясына, этнопедагогикасына байланысты дәрістер, Мағжан сабақтары осы кабинетте өтеді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Добавить комментарий