Без рубрики

ЕҢСЕСІ БИІК ОТБАСЫ

Тоғаевтар отбасының ішкі істер органдарындағы жұмыс өтілі жарты ғасырға жетіп қалады. Бұл жайында әулеттің кенжесі Руслан Тоғаев әңгіме тиегін ағытты.

Погон таққандардың басы – Русланның әкесі Өмірбек Тоғаев 1976 жылы әскер қатарынан оралған екен. 1982 жылы Алматы милиция мектебін тамамдағаннан кейін Петропавлға келіп, Калинин тірек қосынында учаскелік милиционер қызметін атқарады.

– Мен кішкене күнімде әкеме еріп келе жатып, көшеде онымен амандасқан адамдардың оған ілтипат білдіретінін байқаушы едім. Оны жақын-таныстары түгел сыйлайтын. Мұндай адамдар үйімізде де жиі болатын, – деп еске алады Руслан Өмірбекұлы.

Арада төрт жыл өткен соң Өмірбек Николаевичтің қызметі өрге басып, аға учаскелік милиционер болды. Тағы екі жылдан соң оның погонына милиция майорының жұлдызы тағылады. Сол жылы ол «КСРО Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген учаскелік инспекторы» белгісімен марапатталады.

– Солтүстік Қазақстан облысында мұндай белгіге екі адам ғана ие болды, – дейді облыстық ішкі істер департаменті мұражайының меңгерушісі, отставкадағы милиция подполковнигі Любовь Осинская.

Өмірбек Николаевич қылмысты ашу үстінде айрықша ыждағатпен жұмыс істеп әдеттенгенін әріптестері жиі айтады. Ол өзіне серт бергендей «Қылмысты аша аласың ба?!» дейді екен. Бұл жолда ол еңбекқорлығына, тындырымдылығына, іске берілгендігіне сенім артатын көрінеді.

Қызметі өрлеп, жолы болғаны отбасында да сезіледі. Жас отауда үш бала өседі. Айнаш, Амангелді және Руслан ата-ананың көзқуанышына айналады. Балалар адалдыққа, өз ісіне жауапкершілікке, еңбеқорлыққа тәрбиеленеді. Әсіресе, оларға әкелерінің әдемі тұлғасы, милиция қызметкерінің жауапты да қиын жұмысы жайындағы әңгімелері әсер етеді. Өмірбек Тоғаевтың өзі әкесінен осындай тәлім алып өскен.

Оның үлкен ұлы Амангелді Өмірбекұлы 2001 жылдан бастап полиция қызметінде. Қазір Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жедел қимыл бөлімшелерінің бірінде жұмыс істейді. Қызы Айнаш болса, үш жылдан аса уақыт облыстық ішкі істер департаментінің тергеу бөлімінде қызмет атқарды. Күйеу баласы Досан – әскери офицер.

Кенжесі Руслан 2005 жылы полицияға қызметке кіріп, оны кәмелетке толмағандар істері бойынша инспекторлықтан бастады.

– Мені ұжым бірден жылы қабылдады, – деп еске алады Руслан Өмірбекұлы. – Ал жеткіншектермен жұмыс істеу қиындау болды. Өйткені, әркімнің өз түйсік-түсінігі бар. Сондықтан олармен тіл табыса білу керек.

Содан үш жыл өте келе Руслан Тоғаев кадрлық жұмыс басқармасына ауысса, бір жылдан кейін әкімшілік полициясына қызметке кіріп, полицияның учаскелік инспекторларының жұмысын ұйымдастыру бөлімшесін басқарды. Ал қазір, бір жылға тарта, облыстық департамент штабының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің жұмысына басшылық жасайды. Осы бөлім бүкіл департаменттің қызметін үйлестіріп отыруға міндетті, облыстағы шұғыл жағдайлар осында сарапталып, солардың қорытындылары бойынша шешімдер қабылданады, департамент бастығының ведомство жұмысын толық басқарудағы нұсқаулары шешімін табады.

Руслан Өмірбекұлының іскерлігін ішкі істер департаментінің штаб бастығы, полиция полковнигі Сәуле Андағұлова алдымен аңғарып, осы қызметке тартқан екен.

– Мен оның мақсаткерлігін, тапсырылған іске жауапкершілігі мен ыждағаттылығын, біліктілігін байқадым. Ол жас та болса, кәсібилігін, ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді, – дейді штаб бастығы. – Оны әріптестері құрметтеп, ақыл-кеңес сұраса, Руслан Өмірбекұлы ешкімнің бетін қайтармайды, білгенін аямай, көмектеседі.

Оның осы қабілетін «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің үздігі» төсбелгісі, министрлік, департамент тарапынан және облыс әкімінен алған отызға тарта марапаттары айғақтайды.

Ол әкесіне тартқан, жұмысқа жан-тәнімен берілген, белсенді. Футболды тамаша ойнайды. Соған қоса, «Парасатты полицей» байқауына қатысатын команданы екі жыл бойы басқарып келеді.

Кәсіби қызметін атқаруда ол департамент бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Думан Таев, әкімшілік полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Рақымжанов, штаб бастығы Сәуле Андағұлова сияқты тәлімгерлерінің іс-тәжірибелеріне, ақыл-кеңестеріне сүйенеді.

Оның әдебиетке құмарлығы жайында да әріптестері сүйсіне айтады. Орыс және қазақ әдебиеті саңлақтарының шығармаларын сүйсіне оқиды. Үш жасар қызы Дәмеліге Пушкиннің ертегілерін жиі оқып береді.

Руслан Өмірбекұлы анасы Мәдине Әмзеқызына, жан жары Айжан мен қызы Дәмеліге жан теңгермейді.

– Отбасының жарасымы – өмірімнің шамшырағы іспетті. Жарық нұры жарқырап, сәуле шашып тұрғандай, адаспайсың, – дейді ол.

Бұл шаңырақ демалыс күндері бүкіл отбасы болып, қазақтың ұлттық тағамдары қойылған ақ дастарқан басында жарасты әңгіме-дүкен құруды әдетке айналдырған.

– Біздің отбасымыз үшін Конституция күні – маңызы зор мемлекеттік мереке. Берекелі де баянды тірлігімізді нығайтып, еліміздің гүлденуіне кепілдік беретін Ата Заңымызды бүкіл отбасымызбен ардақ тұтамыз. Әкем өмірден озғалы алты жыл болды. Алайда, ол бізбен бірге жасап, тірлік кешіп келе жатқандай. Өйткені, бойымызда бір жақсылық болса, ол әкемізден дарыған деп білемін. Ол бізге отаншылдық нұрын сеуіп, сүйікті еліміз – Қазақстан Республикасының азаматы болуды жүктеп кетті, – дейді Руслан Өмірбекұлы.

Ольга ШИЯН,  

 облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.

Добавить комментарий