Без рубрики

ҰЛАҒАТТЫЛАР ҰЛТҚА БӨЛІНБЕЙДІ

“Кентрон” – армян мәдени орталығының төрағасы Геворг Геворкянмен бұрын таныс емес едім. Ол кездесуге келіскен уақыттан ертерек келіп, өзінің тәртіптің адамы екендігін бірден сездірді. “Түсі игіден түңілме” дегендей, келбетті кескінінен мейірім төгіп тұратын жан екен.

Геворг Геворкянның қазақстандық болғанына да жарты ғасырға таяпты. Білім қуған жас жігіт Семей қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын зоотехник-ветеринар мамандығы бойынша үздік тамамдаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жолдамасымен Солтүстік Қазақстан облысына табан тірейді. Мұнда оған бірден бас зоотехниктік қызмет ұсынылғанымен, оқуды жаңа бітірген, әлі тәжірибе де жинақтамаған ол бұл жұмыстан бас тартып, еңбек жолын бұрынғы Возвышен ауданының “Суворов” кеңшарында қатардағы маман ретінде бастайды.  

– Зайыбым екеуміз жаңа қосылған кезіміз. Қолымызда жеңіл-желпі киім-кешек салған чемоданымыз ғана бар. Қараша айының ортасы, ал менің аяғымда туфли, – деп ол сол кездегі кейпін есіне алып күліп алды. – Сол жылы қыс та суық болды. Бізге жазда құрылысшылар тұрған жатақхананың бір бөлмесі бұйырды. Ішінде қатар-қатар тізілген 12 кереуеттен басқа көзге ілігер ештеңе көрінбейді. Қақаған суықта от жағатын пеш те, терезеге құратын перде де жоқ. Кеңшардың кеңсесінен ескі газеттер сұрап әкеп, терезелерді сонымен жауып қойған едік, – деп әңгімесін сабақтады.

Геворг Вардановичтің күле отырып, еске алған әңгімесінен оның талай қиындықты басынан өткергенін аңғардым. “Еңбек ширатады, өмір үйретеді” дегендей, ол теориялық тұрғыда алған білімі мен жастық жігерін ұштастыра біледі. Табиғатында бар еңбексүйгіштігінің арқасында Геворг Геворкян өзіне тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай етіп, аудан басшыларының назарына да тез іліккен. Көп ұзамай “Молодежный” кеңшарына – бас зоотехник, одан соң Возвышен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалады. Өзіне артылған сенім биігінен шығу үшін бар білімі мен күш-қайратын салып еңбек етті. Іскерлігімен көзге түскен маман енді Сергеев ауданындағы әбден тұралаған “Семипольский” кеңшарына директор етіп жіберіледі. Кері кеткен кеңшарды қатарға қосу үшін өзі де, қарамағындағылар да күндіз – күлкі, түнде – ұйқы көрмей, тынымсыз еңбек етті. Халықтың қамы үшін жанкештілікпен төккен тер зая кетпеді. Аз уақыттың ішінде кеңшардың шатқаяқтаған шаруашылығы оңға басып, етек-жеңін жинап, қатарға қосыла бастады. Жұмысы тоқтап қалған кірпіш зауытының тамырына қан жүргізіліп, клуб қалпына келтірілді. Үйлер, балабақшалар салынды.

– Кеңшар бір жылы 44 мың тонна астық жинады. Бұл әр отбасыға бір бөлке наннан есептегенде, бүкіл облыс тұрғындарын асырауға жетіп, артық та қалатын еді. Ет, сүт, сүт өнімдері, жүн, барлығын жұмысшылар өздері өндірді. 10 жылдың ішінде жұмысшыларға арнап 200-дей үй салынды. Кейбір жақсы жұмыс істеп, еңбегімен еленгендерге құрмет көрсетіліп, автокөліктер сыйланды, – дейді Геворг Геворкян.

“Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы” ғой. Осылайша кеңшарда ірі қара – 4,5 мың, шошқа – 5, қой 12 мың басқа дейін жетеді. Тұрғындардың әл-ауқаты көтеріліп, еңселері тіктеледі. Бірақ Кеңес Одағы ыдыраған кезде маңдай терін сыпыра жүріп, қарамағындағы жұмысшыларымен бірлесіп өз қолдарымен тұрғызып, тірнектеп жинағанның қирап қалғанын, “ұстағанның қолында, тістегеннің аузында” кетіп жатқанын көру Геворг Геворкянға қатты батты. Сол жылдары ол өтініш жазып, кеңшардан кетіп, Петропавлда өз бизнесін ашады.

“Әркімнің жүрген жері – Мысыр шаһары” дегендей, тұрағын Қазақстанда тапқан азамат үшін осы жерден артық жұмақ жоқ. Өйткені, осы жерде еңбек етті, өзінің жеке ісін ашты, жаны жайсаң Ніл Болатбаев, Жақсылық Ысқақов, Геннадий Бубнов, Мәркен Ахметбеков, Есім Шайкин, Евгений Викторов сияқты құрметті азаматтармен қызметтес болып, жора-жолдастарды да осы жерден тапты.

“Біз қазір ғажап заманда өмір сүрудеміз”, – деген Геворг Варданович еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы қиын жылдарды ой елегінен өткізгендей үнсіз қалды да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне сенген халықты алмағайып кезеңнен сүріндірмей алып шыққанына, басқа елдердегідей емес, өз мемлекетімізде алаңсыз өмір сүріп отырғанымызға, ұйқымыздың тыныштығына шүкіршілік етіп, қуанатынын айтты.

– Мұның бәрі – Мемлекет басшысының көрегендікпен жүргізген саясатының нәтижесі. Ел тәуелсіздігінің ең жауапты кезеңінде бірлігіміздің бастауы болған, Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы да оның салиқалы саясатының жемісі. Ассамблея өміршеңдігін көрсетіп, бейбіт қоғамның ажырамас бөлігіне айналды, – деді “Кентрон” армян мәдени орталығының төрағасы Геворг Геворкян.

Өмірден көргені мен түйгені мол азаматтың пікірінше, жақсы адамдар ұлтқа бөлінбейді және жаман ұлт жоқ. Жақсы-жаман болу адамның өзіне байланысты және әркім өзінің іс-әрекетімен ұлтын сипаттайды. Мемлекетіміздің беделін түсіретін де, көтеретін де – өзіміз. Сондықтан әрқайсымыз сүттей ұйыған мемлекетімізге өз отбасымыздай жанашырлықпен қарап, өмір сүріп отырған ортамызда тәртіп сақтап, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қарсы бірге күресіп, адал еңбек етіп, ар алдында таза өмір сүруіміз керек.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Добавить комментарий