Без рубрики

ӨРЛЕУ ЖОЛЫ

Елімізде егемендік таңы атып, бүкілхалықтық референдумда Негізгі Заңның қабылдануы – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы аса маңызды оқиға. Конституция мемлекеттік егемендігімізді, билік пен қоғам құрылымының демократиялық қағидаттарын нығайтып қана қоймай, еліміздің одан әрі дамуының бағытын айқындап берді, әлеуметтік-экономикалық жаңарудың ойдағыдай жүргізілуінің бағдарына айналды. Бүгінде Конституция нормалары отандастарымның күнделікті өмірінде нық орын тапты. Өзіміз өмірге келуінің куәсі болған Ата Заңымыздың баршаның жүрегіне жол тауып, кемелдігін танытып отырғаны шексіз қуантады.

Бүгінгі баянды істеріміздің барлығы бастауын Ата Заңымыздан, оның конституциялық нормаларынан алатыны белгілі. Жалпы еліміздегі сияқты, өзіміздің өңірімізде де әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктеріміз бен алға қойып отырған зор мақсаттарымыздың болашағы соған байланысты. Оны мен халық қалаулысы, 5-ші шақырылған облыстық мәслихаттың депутаты ретінде нақты сезінемін. Өз сайлаушыларыммен, тұрғындармен қоян-қолтық араласа жүріп, оларға жасалып отырған мемлекеттік қамқорлық аясына, жерлестерімнің лайықты жұмыс және қолайлы еңбек жағдайларына бір кісідей қанықпын.

Конституцияда бекітілген мемлекеттік құрылым үлгісі өзін толық ақтап, соның арқасында елде президенттік институт нәтижелі жұмыс істеп, қос палаталы Парламент, Үкімет, конституциялық бақылау органы – Конституциялық Кеңес және өзге мемлекеттік органдар қызмет етуде. Біздің облыстық мәслихаттың да осы мықты мемлекеттік құрылымның өзіне сай жүктелген міндетін атқаратын лайықты бір буыны екені сөзсіз. Қарапайым тілмен айтқанда, облыс аумағындағы заңдылық нормаларының орындалуы оның назарынан тыс қалмауы тиісті. Өйткені, жергілікті бюджеттің кірісі мен шығысы облыстық мәслихаттың сессиясында бекітіліп, одан қаржыландырылатын мемлекеттік бағдарламалардың барлығы халық қалаулыларының үнемі назарында болады. Бұл – өңірдегі шешімін күткен маңызды әлеуметтік мәселелердің бірде-бірі депутаттық бақылаудан тыс қалмайды деген сөз. Онымен негізінен облыстық мәслихаттың депутаты Әлім Шөкенов жетекшілік ететін экономика, экология, бюджет, салық және қаржы салаларының мәселелері жөніндегі өзім мүше болып табылатын комиссия айналысады. Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуде бірінші кезекте “Жұмыспен қамту – 2020”, “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Дипломмен – ауылға!”, “Ақ бұлақ” және “Таза ауызсу” бағдарламаларын қаржыландыруға айрықша көңіл бөлінеді.

Өзім депутаттыққа сайланған №21 сайлау округінің аумағында қазақ-түрік лицейі, дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі және №23 орта мектеп сияқты әлеуметтік маңыздағы мекемелер бар. Олардың облыстық мәслихаттағы сенім артқан өкілі ретінде мұң-мұқтаждарына жете зер салатыным рас. Әсіресе, еңбек жолымның басында үш жарым жыл математика пәнінен ұстаздық еткен №23 орта мектепке деген ықыласым зор. Бүгінде оның әбден тозығы жеткен шатырының жөндеу жұмыстарын бақылауымда ұстап отырмын. Осы мектептегі өзгелерге үлгі боларлық бір жақсы дәстүр – “Жұлдыздар шеруін” жыл сайын өткізеді. Онда үздік оқушылар, пән олимпиадаларының жеңімпаздары, жеңімпаз спортшылар мен жақсы өнерпаздар марапатталады. Мүмкіндігім барында, Халық банкі зейнетақы қорына жетекшілік еткен кезімде Халық банкі облыстық филиалы мен “Қазақинстрах” ЖШС-ін тарта отырып, аталмыш шараға демеушілік жасап келдім. Қолымнан келгенше, алдағы уақытта да бұл үрдісті жалғастыру ойымда бар.

Конституцияда көрсетілгендей, еңбекке жарамды әр адамның жұмыспен қамтылуға тиістілігін кейде өзің-ақ шешіп берсең, қалай қуанбайсың? Сондай бір жас маманға көмегім тигенін айтайын. Өзі осында туып, психолог мамандығы бойынша оңтүстіктен оқып келген Александр Гакштетер есімді жас маман жұмысқа орналасуға көмектесуімді сұрады. Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі басқарманың басшысы Виктор Молодовскиймен сөйлесіп, оған жаңа ашылған жастар орталығынан жұмыс тауып бердім. Сол сияқты Динара Сейпілова есімді жас маманның “Каспий банк” филиалында өндірістік тәжірибеден өтуіне көмектестім.

Қандай да болсын мемлекет заңы оны жүзеге асыратын адамдарының ісімен танылады. Әр кез соны ұмытпаған жөн. Әрине, аз қамтылған, жетім, мүгедек жандарға мемлекеттің көрсетер арнайы әлеуметтік көмегі бар. Десе де, ұйымдар мен мекемелердің тарапынан да қолғабыс беру артықтық етпейді. Оның өзі басты құндылығымыз – адамға деген құрметті білдірсе керек. Сондай мақсатта осыған дейін өзім басқарған зейнетақы қоры екінші топтағы мүгедек Алексей Мирошниковты қамқорлыққа алып, талай мәрте материалдық көмек көрсетті. Сондай-ақ, отбасылық үлгідегі балалар үйімен де тығыз байланыста болдық. Бұрнағы жылы ондағы балаларды түгел дүкенге апарып, өздеріне ұнаған аяқкиімдерін сатып әпердік. Ұнағанын киген балалардың қуанышында шек болған жоқ. Алтын Заңымыздың аясындағы балалар осылай шаттанса керек қой. Өткен жылы Мамлюткадағы санаториялық мектеп-интернатына барып, қайырымдылық шараларын жасадық. Сол мектептің ата-анасыз қалған бір оқушы қызын қалаға шақырып, оны кәсіпкер туысқаным Сара Мұхамбетованың “Дарквин” дүкеніне апарып, басынан аяғына дейін таңдаған киімдерін әперіп, киіндірдім.

Сайлаушыларым қалада болғанымен, үгіт-насихат жұмыстарымен облыс аудандарына да шығып тұрамыз. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауларын тұрғындарға жете түсіндіріп жеткізуде халық қалаулылары көп жұмыс атқаруда. Жолдауларда белгіленген еліміздің даму бағыттарының нақтылы іс-жоспарлары түптеп келгенде негізгі заңымызбен астарласып жатқан тұтас Стратегиялық жоспарларымызға саяды. Сондықтан қай бағытта жұмыс жүргізсек те, олардың құяр арнасы біреу – бәрімізге ортақ еңбек қоғамын құру болып табылады.

“Нұр Отан” партиясының соңғы съезінде орталық комитеттің тексеру комиссиясының мүшелігіне сайландым, партияның облыстық филиалында да дәл осындай міндетті атқарамын. Комиссияның алдағы отырысына материалдар дайындау үшін жуырда Есіл, Тайынша, Қызылжар және Айыртау аудандарында болып қайттық. Менің айтайын дегенім, партия ұйымдарында ашылған аз-мұз кемшіліктер емес, екпінді өрлеу жолына түскен өңір аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң көріністерінің бірден көзге шалынатыны. Көпшілік ауылдарға таза ауызсу жетіп, ондаған жылдар бойы жөнделмеген жолдарды түзеу қолға алына бастапты. Сол сияқты, егіншілік саласы қуатты осызаманғы техникалармен жарақтанып, етті-сүтті мал шаруашылығын дамытуда асылтұқымды мал табындарының қосылып жатқаны қуантады.

Мұның бәрі ел болашағының кемелдігіне, Ата Заңымыздың негізгі қағидаларының орнықтылығына және елдегі болып жатқан оң өзгерістердің маңыздылығына көз жеткізеді.

Райхан ӘБДІРАХМАНОВА,

облыстық мәслихаттың депутаты.

Добавить комментарий