Без рубрики

САЯСИ ЛАГЕРЬГЕ БАРЫП ҚАЙТТЫ

Қыркүйек айында Ақмола облысының Зеренді ауданында орналасқан “Сұңқар” сауықтыру кешенінде “Жастар – Отанға!” атты республикалық саяси лагерь жұмыс істеді. Осы шараға біздің облыстан қатысқан делегация құрамында Мағжан Жұмабаев ауданынан “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Шәріпов (суретте: солдан оңға қарай – бірінші) те болды. Біз одан республиканың белсенді жастарының басы қосылған маңызды шарадан алып қайтқан әсерімен бөлісуін сұраған едік.

– Азамат Сайранұлы, осы шараның мақсаты жайлы айтып берсеңіз.

– Мен аудандық “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы ретінде республикалық маңызы бар шараларға екі рет қатыстым. Өткен жылы Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткізілген шараға, жуырда Ақмола облысының Зеренді ауданының “Сұңқар” сауықтыру кешенінде өткізілген саяси лагерьге барып келдім. Бұл жолы біздің Мағжан Жұмабаев ауданынан екі адам – мен және Булаево қаласының №2 мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің ұйымдастырушысы, “Жас Отан” жастар қанатының мүшесі Жанат Әубәкіров болды. Солтүстік Қазақстан облысынан делегация құрамында жастар ұйымдарының көшбасшылары, белсенді жастар, барлығы – 17 адам қатысып қайтты. Саяси лагерьде кеңбайтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен кезінде Мағжан бабамыз айтып кеткендей, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, ел болашағы – 300-ге тарта өрімдей жалынды жас бас қосты. Бұл шараның басты мақсаты: “Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!” жаңа Саяси доктрина жобасын талқылау және “Жас Отан” жастар қанатының жаңа форматтағы жұмысын түсіндіру. Жеті күнге созылған шара барысында еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары – Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қазақстанның менеджмент, экономикалық болжау институтының білікті ұстаздары әр қилы тақырыптарда лекциялар мен тренингтер өткізді. Күн сайын лекциялардан соң түрлі спорт түрлері – шағын футбол, волейбол, стритбол, үстел теннисінен жарыстар ұйымдастырылды. Кешкісін күн сайын мәдени шаралар өткізілді. Бір айта кетерлігі, “Нұр Отан” ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықовпен кездесулер өткізіліп, ел жастары көкейінде жүрген сауалдарын қойды. Жастар қанатының атқарушы хатшысы сонымен қатар жастар қанатының болашақтағы міндеттеріне тоқталды. Аталмыш саяси шараның пайдасы зор деп санаймын. Өйткені, ел өңірлерінен келген жастар өзара тәжірибе алмасып, білім мен біліктілігін арттыру мүмкіндігіне ие болды.  

Сұхбаттасқан

Медет БЕКІШЕВ,

журналист.

Добавить комментарий