Без рубрики

ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛУ ҮСТІНДЕ

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаменті “СевКазЭнерго” АҚ-мен бірлесіп, “Солүстік Қазақстан Электр желілерін тарату компаниясы”(СҚ ЭТК) АҚ-ның 2013 жылға жоспарланған инвестициялық міндеттемелерінің орындалу барысы туралы баспасөз турын ұйымдастырды. Оған БАҚ және жұртшылық өкілдері шақырылды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

“Солтүстік Қазақстан Электр желілерін тарату компаниясы” АҚ-ның өндіріс жөніндегі вице-президенті Вячеслав Утябаев (суретте) кәсіпорынның мәжіліс залында өткен брифингте аталмыш компанияның биылғы жылғы жаңғырту және қайта жабдықтау жұмыстарына егжей-тегжейлі тоқталды. Петропавл қаласы мен сегіз ауданға электр қуатын беру және бөліп тарату ісімен айналысатын компания өз қызметін сапалы және тиімді атқару үшін инвестициялық бағдарлама негізінде 857,2 миллион теңге қаржы бөлген. Монополиялық субъектінің қызмет көрсету аумағы 44952 шаршы километрді қамтиды. Сондай-ақ оның балансына бірнеше жүздеген қосалқы стансалар мен ұзындығы 13566,40 км. тартылған электр желілері кіреді. Бүгінгі таңда ол құрал-жабдықтар мен желілердің қаншалықты тозғандығын ескерсек, инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырып жатқан компания оларды жаңғыртуға қомақты қаржы бағыттауда. Мәселен, 2012 жылы 702 миллион теңге жұмсалса, биыл бұл сома 22 пайызға артқан. Ал келер жылға жоспарланып отырған қаржы 1 миллиард теңгеден асады. Бұл қаражаттың басым бөлігі тарифтен алынып отыр. Сондай-ақ компания биыл Еуропаның қайта құру және даму банкімен келісімшарт жасап, олардан 9 миллион АҚШ долларын несиеге алмақ.

“СҚ ЭТК” АҚ-ның президенті Александр Рейзлин баспасөз турына қатысушыларды өзі бастап, жаңғыртылған нысандарға апарды. Баспасөз турының бірінші нысаны Ғ.Мүсірепов көшесіндегі 10/0,4 кВ-тық №8 тарату қосыны болды. Әбден тозығы жетіп, электр қуатын таратуда қиындық тудырып жүрген оның ескі құрал-жабдықтары мен сыртқы имараты 40 миллион теңгеге жаңартылыпты. Бұл станса 3 мыңға жуық тұтынушыға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Рига және Я. Гашек көшелерінің қиылысына, Брусиловский көшесіне орнатылған трансформаторлық қосалқы стансаларды қалпына келтіру, №3 қалалық аурухана мен телеорталық жанындағы 10/0,4 кВ-тық қосалқы стансалардың ұяшықтарын жаңа буынды коммутациялық аппараттарға жалғау, заманауи технологиялар негізінде дайындалған ұяшықтарға ауыстыру жұмыстары да кешіктірілмей аяқталыпты. Осы қосалқы стансаларды қалпына келтіру үшін 7,06 миллион теңге жұмсалған. Жалпы 2013 жылы кәсіпорын жаңа он стансаға 50,14 млн. теңгенің қаржысын жұмылдырған.

Кәсіпорын биыл А. Шәжімбаев көшесіндегі ұзындығы 1,54 километрлік, Абай көшесіндегі ұзындығы 3,3 километрлік әуе желілерін де қалпына келтірген. Бұл жұмыстарға 12 миллион теңге жұмсалған. Сонымен қатар, кәсіпорын 85 млн. теңге қаражатты Петропавл қаласы (18,18 км.) мен Қызылжар ауданында (18,32 км.) заманауи сым тартуға жұмсапты. Энергетиктердің айтуынша, мұндай сымды пайдалану кәсіпорынның шығынын азайтып, үнемділігін арттырады. Сондай-ақ ол қызмет көрсететін жұмысшылар мен тұтынушылар үшін де қауіпсіз.  

2013 жылы “СҚ ЭТК” АҚ инвестициялық бағдарламаға бағыттаған 857,2 миллион теңге қаржының 514,37 миллион теңгесін электр жабдықтары құрылысы мен қайта құрастыруға, 302,11 миллион теңгені энергияны үнемдеуге, 14,72 миллион теңгені электр жабдықтарын ауыстыруға, 26,0 миллион теңгені автокөліктер сатып алуға бөліп, бүгінде осы жоспарлы шараның 75 пайызын жүзеге асырған. Әрине, оның нәтижесі тұтынушыларды электрмен сапалы жабдықтаудан, электр энергиясының нормативтік шығындарын төмендетуден, апаттық жағдайлардың азаюынан, жоспардан тыс шығындарды төмендетуден, тұтынушылардың қажетіне қарай энергиямен қамтамасыз етуден көрінеді.

 

Добавить комментарий