Без рубрики

СПОРТ пен ЖАСТАР САЯСАТЫ – егіздей жарасатын салалар

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатта “Облыстағы спорт және жастар саясатының жоспары мен болашағы” тақырыбына арналған брифинг болып өтті. Оған облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин мен облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Виктор Молодовский қатысты. Брифингті облыс әкімінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесшісі Әсем Уақышева жүргізіп отырды.

Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру барысында атқарылып жатқан игі істер біздің өңірде жеткілікті. Ал мына өткізілген іс-шара соның бір айғағы іспетті. Облыс бойынша бүгінде 14 пен 29 жас аралығындағылар саны 133937 адамды құраса, солардың 57945-і – қалада, 75952-сі ауылдық елді мекендерде тұрады. Ал осылардың жалпы алғанда 24,7 пайызы дене шынықтырумен және спортпен айналысады. Өйткені, өңірімізде спорттың 60-тан аса түрі тұрақты дамып келеді. Бүгінгі күні 300 мыңға жуық адамды қамти отыра жыл сайын 1200-ден астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған.

Облысымызда 26 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат, 3 спорт клубы, 2 жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиада резервін даярлау орталығы және 21 аулалық клуб жұмыс істейді.

Үстіміздегі жылы мүгедектердің барлық жастағы топтарын спортқа тарту мақсатында “Үміт” мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған клубы” ашылды. Мұнда мүгедектер спорттың 9 түрімен айналыса алады. 2013 жылдың IV тоқсанында құрамына “Андерлер”, “Элита” санатына өткен велошабандоздар кіретін велоклуб ашу жоспарлануда. Оған 19 және одан жоғары жастағылар қабылданады.

Облысымызда 2287 спорт ғимараты жұмыс істесе, оның 1830-ы – ауылдық жерлерде. Бүгінгі күні 295 солтүстікқазақстандық спортшы Қазақстан Республикасы құрама командаларының құрамына енгізілген.

Брифинг барысында оған қатысушылар сауалдарға жауап беріп отырды. Солардың бірі қаламызда жаңадан бой көтеретін Спорт сарайына қатысты болса, оның құрылысы енді көп кешікпей басталмақ. Ғимараттың болжамды құны – 1,5 миллиард теңге. Жиналған жастарды 2014 жылы Сочи қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына біздің өңірден баратын үміткерлердің кімдер екендіктері де қызықтырады. Бүгінде Олимпиада ойындарына дайындық жұмыстары қызу жүзеге асырылуда. Бұл орайда конькимен сырғанаудан Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасына 5 адам кіру көзделген болса, олар: Дмитрий Бабенко, Роман Креч, Татьяна Сокирко, Елена Урванцева және Никита Ставцев.

Добавить комментарий