Без рубрики

ЖАПОНИЯ мен ГЕРМАНИЯДА тағылымдамадан өтудің сәті түсті

Бүгінгі таңда елімізде ұстаздар мәртебесін көтеру мәселесі өткір қойылып отыр. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де елімізге ортақ бұл міндетті шешудің түрлі жолдары қарастырылуда. Өткен 2012 жылдың ішінде университеттің 161 оқытушысы біліктілік дәрежелерін көтерген болатын. Соның 155-і шеберліктерін отандық білім беру жүйелерінде шыңдаса, 6 оқытушы шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.

Жанар ОМАРОВА,

журналист.

 

Таяуда ғана университет оқытушылары Жапония мен Германия елдерінде өткен екі апталық тағылымдамадан оралды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жанындағы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институты ұйымдастырған біліктілік курстары Жапонияның Цукубаун университетінде өткен.

 

– Мен бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын маман ретінде Жапония елінің білім беру саласындағы қазіргі әдістер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жағынан жаңа мағлұмат алдым. Алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибемен таныстым. Сонымен қатар жапондықтардың білім берудің көпсалалы жүйесін көзімізбен көрдік. Көптеген білім мекемелерін араладық, – дейді саз-педагогика факультетінің доценті, педагогика ғылымының кандидаты Елена Квасных.

Тағылымдама курстары төрт модульға бөлінген. Оның ішінде білім берудің үздіксіз жүйесінің қазіргі әдістері, оқыту барысында заманауи сандық технологиялар қолдану мәселелері талқыланған. Қазақстаннан барған өкілдер жапондық әріптестерімен педагог кадрларды даярлаудағы өзекті мәселелерін ортаға салған.

География және экология кафедрасының аға оқытушысы Галина Гордиянова Күншығыс елінің осы бағыттағы ұстанымдарын байқап қайтқанын айтады. Ол жердегі мектептерде экология пәні қарастырылмаған. Алайда, табиғатты сүюге олар бала кезінен тәрбиелейді. Балаларын табиғат мұражайларына, океанариумдарға жиі апарып, оны ерекше қастерлеуге баулиды.

Математика кафедрасының аға оқытушысы Яна Белошистова жапондықтарда әрбір баланың жеке басына, оның өзіндік қасиеттеріне балабақшадан бастап ерекше көңіл бөлінетінін байқаған. Ал студенттер болса, керісінше, көбіне өздері оқып, ізденеді. Сондай-ақ жапондық жоғары оқу орындарында кредиттік жүйе толығымен жолға қойылған. Өкінішке қарай, бізде бұл жүйе толықтай жүзеге асырылып жатқан жоқ.

Біліктілігін Германияда жоғарылатып келген оқытушылардың да неміс әріптестерінен үйренгені аз емес.

– Біз инженерлік кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарды аралап, зертханалардың осызаманғы құрылғыларымен таныстық. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушыларының шетелдік тағылымдамаға шығуының пайдасы зор болды. Біріншіден, басқа елдің білім жүйелерінің ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік алсақ, екіншіден, шетелге жолымыз ашылды. Енді ғылымда да, оқытушылық қызметімізде де ортақ жобаларды жүзеге асыруымызға болады. Қазіргі жаһандану заманында шетелдіктермен тәжірибе алмасудың артықшылықтары мол. Отандық ұстаздарға осындай мүмкіндік жасалғаны қуантарлық жағдай, – дейді математика кафедрасының доценті, физика-математика ғылымының кандидаты Ольга Григоренко.

Добавить комментарий