Без рубрики

ӘЛІМЖЕТТІК ЖАСАҒАНДАРДЫҢ ойлағандары іске аспады

Петропавлда колледж оқушылары 18 жастағы баланы тонап, істі болып отыр.

Жәбірленуші қаңтардың 24-і күні кешкі уақытта үйіне келе жатқан. “Плазма” мәдени-ойын-сауық кешенінен алыс емес жерде оған жас жігіттер тиіскен. Алдымен “Қайда оқисың, қайда барасың, телефоның қандай?” деп сұрап, кейін артынан еріп отырған. “Океан” дүкенінің маңындағы үй ауласында оған шап беріп, сабап, ұялы телефонын тартып алған. Бозбала үйіне келген соң туғандарына бұл оқиға жайлы айтқан.

 

Хабар түсісімен полицейлер қылмыс орын алған ауданды тексеріп, екі күннен кейін колледждің екі оқушысын тапқан. Олардың бірінен қолды болған мүлік тәркіленді. Күдіктілер ұялы телефонды сатып, ақшасын өзара бөліспек болыпты. Қазір балалар ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйлеріне босатылды.

Жыл басынан бері 15 тонау фактісі анықталып, 11-нің ізі суытылмай ашылды.

ҚЫЗҒАНЫШ БУҒАН ӘЙЕЛ

“күндесін” өлтіріп тынды

 

Айыртау ауданының Антоновка ауылында әйелдер арасында орын алған жанжал біреуінің өлімімен аяқталды. Нәзік жандылар ер адамды бөлісе алмай қалған.

Лобаново ауылының тұрғыны – 26 жастағы келіншек құрбысымен бірге Антоновкаға сүйіктісіне қонаққа келіп, ер адамның басқа бір әйелмен жүретінін біліп қойған.

Қарсыласының да кездесуге келіп, ауылдың басқа тұрғының үйінде тоқтағанын біліп алған құрбылар ішімдікке тойып алып, сол үйге беттеген. Көп сөйлемей бірден жұдырыққа жүгінген. Бір әйелге жабылған екі бойжеткен оны ұрып-соғып, одан кейін сүйікті ер адамының үйінде отырыстарын жалғастырған.

Жәбірленуші әйел оқиға орын алған күні кешке көз жұмған.

Полицейлер екі күдіктіні де қолға түсірді. Қазір олар Айыртау аудандық ІІБ-нің уақытша оқшаулағышында отыр. Қылмыстық іс қозғалды.

СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий