Без рубрики

ҚАНШАМА ӨРТ ШЫҚТЫ ҚАҢТАРДА…

Жыл басынан бері облыс көлемінде залалы 24 млн. теңгеден асып түскен 42 өрт оқиғасы тіркелді. Отта 13 адам көз жұмса, оның екеуі – балалар. Сондай-ақ 2 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды.

Өткен аптада Айыртау ауданының Новосветловка ауылында жеке тұрғын үйде өрт шығып, оқиға орнына жедел жеткен жергілікті “Новосветловское-Алиби” ЖШС-нің жұмысшылары отты ауыздықтау барысында 53 жастағы үй иесінің мүрдесін тапты. Жергілікті тергеушілердің айтуынша, өрт оқиғасы ер адамның мас күйде темекі тарту салдарынан орын алып отырған сыңайлы.

 

Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылында газ плитасында түскі ас пісіру кезінде өрт шыққан. Лап еткен жалынды қолына түскен заттармен сөндірмек болған 62 жастағы зейнеткердің беті, мойны мен қолдарын күйік шалып, оның 83 жастағы әкесі газбен уланған. Жапа шегушілер орталық аудандық ауруханаға жеткізілді.

Жамбыл ауданының Озерное ауылында тұрғын үй отқа оранды. Тілсіз жауды ауыздықтауға “Хлебная база №4” ЖШС-нің техникасы мен қызметкерлері жұмылдырылды.

Ал Петропавл қаласының Жамбыл көшесіндегі тұрғын үйде орын алған өрт үй жиһаздарымен қоса баспана төбесіне зақым келтіріп, жиһаздар мен тұрмыстық техниканы от шалды. Өрттің шығу себебі – төсек жанып тұрған пешке жақын қойылған. Отты ауыздықтау барысында өрт сөндіру мамандары үйдің 2 тұрғынын қауіпсіз жерге көшірді.

Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы екі пәтерлі тұрғын үйдің бірінде орын алған өрттің кесірінен үй шатырына айтарлықтай зақым келген. Өрт сөндіру қызметкерлерінің пайымдауынша, электр сымдарының тұйықталуы өрттің шығуына себеп болған. Үй тұрғындарының өмірлеріне ешқандай қауіп төнген жоқ.

Өткен аптада тілсіз жау моншаларды жиі шарпығандығын айта кеткен жөн. Мысалы, Қызылжар ауданының Рассвет, Тайынша ауданының орталығы мен Петропавл қаласының Комсомол көшесіндегі осындай нысандар отқа оранды.

М.Жұмабаев ауданының Ұзынкөл елді мекенінде түн уақытында “Үлгілі” ЖШС-де өрт шығып, 96 шаршы метр шатыр жойылды. Қызыл жалыннан 30 бас жылқы, 20 бас қой құтқарылды. Серіктестіктің күзетшілері жылытуға арналған пешті жағу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаушылықтан осындай жағдай орын алған.

Облыс орталығының Потанин көшесіндегі “Сириус” дүкені және кеңсе бөлмелері орналасқан екі қабатты ғимаратта өрт шығып, оның шатыры зақымданды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда.

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий