Без рубрики

АКЦИЯЛАРДЫ САТУ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұрнағы күні облыстық әкімдікте “Халықтық IPO” бағдарламасы бойынша “ҚазТрансОйл” АҚ-ның акцияларын орналастырудың барысы туралы семинар өтті. Бұл басқосу аталмыш компания қызметкерлерінің бағалы қағаздарын сатылымға шығару шарасы кезіндегі инвесторлармен соңғы кездесуі. Өйткені, оның акцияларының жеке сатылу мерзімінің аяқталуына санаулы күндер қалды.

Семинарда “ҚазТрансОйл” АҚ-ы шығыс филиалының “Петерфельд” өндірістік-диспетчерлік стансасы желісінің бастығы Ғалымжан Нұрмановтың айтуынша, 29 қарашаға дейін елімізде аталмыш компания қорына инвесторлар 5 миллиард 500 миллион теңге аударуға өтініштерін білдірген. Бұл өтініштер 15 желтоқсанға дейін сарапталып, артынша жаңа акционерлерге хабарламалар таратылады. Осы үдерістен кейін олар толыққанды акционер деп танылады. Ал компанияның қалған бағалы қағаздары зейнетақы қорларына сатылады. Ал 24 желтоқсаннан бастап бұл компанияның акциялары қор биржасына сатылымға шығарылады. Жалпы болашақ акционерлердің есіне сала кететін жайт: егер акцияларды сату мен сатып алу шаралары брокерлер арқылы жүргізілсе, онда салық төленбейді. Ал сатушы сатып алушыны өзі тауып, келісімді нотариус бойынша құжаттаса, салық төлейді. Семинарда осы сияқты қор биржасындағы қаржы айналысының тетіктері түсіндірілді.

Добавить комментарий