Без рубрики

ҚЫЗМЕТІМЕН ҚОШ АЙТЫСАТЫНДАР арасында Қызылжар ауданының әкімі де бар

ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша басқармасының бастығы Тілеген Қаскиннің төрағалық етуімен өткен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында Қызылжар ауданының әкімі мен Мамлют ауданы әкімінің орынбасарын қызметінен босату ұйғарылды. Онда барлығы 10 мәселе қаралды.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Мирзабек Гаджиев 2007 жылы мемлекеттік қызметке қабылданғанға дейін өз шаруа қожалығын басқарып келген. Краснознаменское ауылдық округінің әкімі болып тағайындалуына байланысты фермерлік ісін зайыбына сенімді басқаруға тапсырған. Алайда, прокуратура өкілдерінің айтуынша, бұл лауазымды тұлға осы күнге дейін “Гаджиев М.М.” шаруа қожалығын өзі жүргізіп келген. Мемлекеттік қызметте болған бес жылдың ішінде аудан әкімінің орынбасары лауазымына дейін өскен Мирзабек Магомедовичтің бұл әрекеті салық органдарына есеп беру кезінде әшкереленген. Мәселен, электронды базадағы салық төлеуші туралы жалпы ақпаратта М.Гаджиевтің СТН-і (салық төлеушінің тіркеу нөмірі) көрсетілген. Аудан әкімінің орынбасары: “Шаруа қожалығымды зайыбымның атына аударғаным туралы құжаттар бар. Мемлекеттік қызметке орналасқаннан бері бұл іске мүлде араласқан емеспін. Бірақ мен СТН-ді ауыстыру жөнінде арыз білдіру керектігін білген жоқпын”, – деумен болды. Кеңес мүшелері мемлекеттік қызметке қатысты қатаң талаптарды білмей келген Мирзабек Гаджиевті жұмыстан босату жөнінде ұсыныс білдірді.

 

Екінші тәртіптік іс Тайынша ауданы Ясная Поляна ауылдық округінің ветеринары Сергей Кульчицкийге қатысты болды. Бұл мемлекеттік қызметші сойылатын малды тексерістен өткізу тәртібін бұзған. Өзі жауап беретін аумақтан тысқары жерде, яғни Тайынша қаласындағы жеке кәсіпкердің ауласында ірі қараны сояралды тексерісін жүргізген-міс. Заң бойынша, ол бұл міндетін өзіне бекітілген аумақта ғана орындауға құқылы. Бұл – бір. Екіншіден, заң бойынша, мал тек арнайы орындарда сойылып, ветеринардың анықтама қағазы сол жерде толтырылуы тиіс. Ал Сергей Кульчицкий болса, өз ауласында мал сойған жеке кәсіпкерге заңсыз құжат ресімдеп берген. Ветеринар: “Жаздың ыстығына, әрі мал сою пунктінің елді мекеннен алыс болуына байланысты осындай шешім қабылдадым. Бұлай әрекет етпегенімде, мал еті тез бүлініп, сатуға жарамсыз болар еді”, – деп ақталды. Алайда, оның заң бұзушылығы анық, сондықтан бұл мемлекеттік қызметшіні де жұмысынан босату ұйғарылды.

Заңсыз әрекеті салдарынан Қызылжар ауданының әкімі Виктор Редин де қызметінен кетуі тиіс. “Абакшино” фермерлік шаруашылығының басшысы В.Дмитриенконың осы биік лауазымды тұлғаға қатысты шағым білдіруі негізінде облыстық прокуратура арнайы тексеріс жүргізген. “СК Вагулинское” ЖШС-іне Вагулино ауылдық округінде бақшашылықпен айналысу мақсатында жалпы аумағы 35 гектар жер учаскесін пайдалану құқығы қолданыстағы заңнаманы бұзушылықпен берілген. Бұл қаулыға аудан әкімі Виктор Рединнің өзі қол қойыпты. Аталмыш жер учаскесі жеке заңды тұлға, яғни “СК Вагулинское” ЖШС-іне тек сауда (конкурс, аукцион) өткізу арқылы ғана берілуі керек-тін. Алайда, іс жүзінде олай болмаған. 2012 жылдың 17 қыркүйегінде прокуратураның ұсыным енгізуі нәтижесінде аудан әкімі қол қойған қаулы заңсыз деп танылды. Сондай-ақ В.Редин 2011 жылғы декларацияда жекеменшігінде сенімді басқаруға берілген жалпы аумағы 5408 гектар жер учаскесінің және 36 көлік техникасы бар екендігін көрсетпеген. Ол Қызылжар аудандық салық басқармасының хабарламасынан кейін ғана қосымша декларация тапсырған.

Петропавл қаласы әділет басқармасының бастығы Жанболат Самашев, осы басқарманың бас маманы Елена Соловьева, облыстық әділет департаментінің бөлім бастығы Ерік Есентаев пен бас маманы Анна Дорофеева Петропавл қаласы бойынша нысандарды қабылдау кезінде заң бұрмалаушылыққа жол берген. Атап айтқанда, олар жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу кезінде тиісті қабылдау комиссиясы құрамына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органының өкілі қосылмағандығын ескермеген. Заңнама талабына сәйкес, қабылдау комиссиясының бірде-бір актісі аталмыш орган өкілінсіз тіркелмеуі тиіс. Тәртіптік жауапқа тартылған мемлекеттік қызметшінің төртеуіне де қызметтеріне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту жариялау ұйғарылды.

2012 жылдың 9 айында мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының қызметіне талдау жүргізілген. Соның нәтижесінде бірнеше мемлекеттік мекемелердің және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерін тәртіптік жауапқа тарту тәртібінің бұзылғандығы белгілі болып отыр. Мемлекеттік тәртіпті нығайту, кемшіліктерді жою, оларға орын берген лауазымды тұлғалардың, тәртіптік комиссиялар мен кадр қызметі мүшелерінің жауапкершілігін арттыру және қарастыру бойынша ұсыныстар жасалды.

Добавить комментарий