Без рубрики

САХНАДА – ӘЖЕЙЛЕР

Анна КУЧЕРЕНКО.

Қалалық Мәдениет үйінде “Әже – 2012” байқауы өтті.
Сайысқа қатысушылар алғашқы кезеңде өздері жайында айтып, бірнеше сұраққа жауап беру керек болатын. Екінші кезең “Әженің рецепті” деп аталып, онда әжейлер өздерінің ең дәмді тағамдарының жасалу әдісімен бөлісті. Үшінші кезеңде әжелер тігу, тоқыма тоқу және өзге де өнерлерін паш ету керек болатын. Қорытынды кезең әжейлердің бойындағы шығармашылық дарынды анықтауға арналды.
Байқаудың барлық шарттарын орындаған қатысушылар ән айтуда бірінен-бірі асып жатты. Қалалық ардагерлер хорының мүшесі Антонина Мотур “У природы нет плохой погоды” әнін тамылжыта орындады. Вера Рогачева қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған казак халық хорының 20 жыл бойы әншісі болған. Ол да сайыста көрермендерге шығармашылық қырынан таныла білді. “Цветы луговые” әнін орындаған Маргарита Юндина және казак әнін орындаған Анна Вагапова екеуі де жоғары аталған хорда бірнеше жылдар қатарынан ән айтып, көрермендерге о бастан таныс. Ал әншілерді баян аспабымен сүйемелдеген Сергей Снурницын еді.
Әрбір айтылған ән көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сайыс қорытындысы барлық қатысушыларды таңғалдырды. Қазылар алқасы ешкімді бөліп-жармай, әжелердің барлығы жеңімпаз атанып, сыйлыққа шай сервизін алды. “Экспромт” би театры жиналғандарға би билеп, өнерлерін паш етсе, Мәлік Шигабутдинов “Бабушки-старушки”, “Сиреневый туман”, “Гусилебеди” және татар халық әндерін орындап, әжелерді қуантты.
Байқау сәтті өтті. Сахнадағы әжелердің өнерін тамашалағандар осындай қызықты да мәнді сайыстардың жиі өтіп тұруына өтініштерін білдірді.

Добавить комментарий