Без рубрики

МҰРАЖАЙ — ТАРИХ АЙНАСЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Егемен еліміздің мәдени өмірінде мұражайлардың орны айрықша. Тарихымызды терең зерттеп, оның тәжірибесінен тағылым алу – Қазақстанда патриотизмді қалыптастырудың, Отанның лайықты азаматтарын тәрбиелеудің басты шарттарының бірі…”, – деген сөздері еліміздің мұражай қызметінің басты ұстанымына айналып отыр.

2004 жылы Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің мұражайы ашылған болатын. Осы игі бастаманы кейбір өңірлер де іліп әкетіп, облыстық тарихи-өлкетану мұражайларында зал аша бастады. Бірақ ондай залдар республика бойынша саусақпен санарлықтай ғана. “Ақ түйенің қарны жарылған” осындай қуанышты сәт біздің облысымызда да орын алды. Осыдан төрт жыл бұрын тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні аталып өтті. Осы айтулы оқиғаға байланысты облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Тұңғыш Президент залы ашылды. Алты бөлімнен тұратын экспозицияда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне қатысты материалдар, жәдігерлер, фотосуреттер орналасқан. Экспозицияның ғылыми тұжырымдамасын мұражайдың тарихи-экспозициялық бөлімінің қызметкерлері, ал көркемдік тұжырымдамасын Алматы қаласындағы “Дара” фирмасы жасаған.

Залға кіргенімде менің көзіме бірден ұшыраған жәдігерлердің ішіндегі ең көрнектісі – Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-бабасының шежіресі болды. “Жеті атасын білген ұл, жеті ұрпақтың қамын жер”, дейді халық даналығы. Бұл жасалған туындыда Президенттің шыққан тегі көрсетілген.

– Оның руында XVII ғасырда өмір сүрген қолбасшы Қарасай батыр сияқты тарихи тұлғада болған. Президент батырлар шыққан Шапырашты руынан. Атасы би болып, қазылық айтқан екен. Ал әкесі Әбіш – қарапайым шаруа адамы. Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында дүниеге келді. Ол отбасындағы төрт ұлдың үлкені болды, – дейді мұражай қызметкері Гүлжауһар Сәдуақасова.

Президент биографиясы Теміртау қаласымен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Әбішұлы: “Егер Теміртау болмаса, президент ретінде мен де болмас едім. Комбинат домнасындағы 9 жылдық қызмет барысында әрқайсымыздың төзімділігіміз шыңдалды”, – деп айтқан болатын. Тағы бір экспозицияда Нұрсұлтан Назарбаевтың Теміртау қаласындағы комбинатта жұмыс істеген кезінде киген киімінің көшірмесі және фотосуреттері қойылған. Бұл киім үлгісі Теміртаудағы мұражайдан алынған. Нұрсұлтан Әбішұлы домбыра тартуды осы шаһарда жүргенде үйренген.

Сонымен қатар, келушілер назарына Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің өңірімізге жұмыс сапарлары, облыс әкімімен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен, кәсіпорын қызметкерлерімен, студенттермен, мектеп оқушыларымен, соғыс және еңбек ардагерлерімен кездескен сәтінен түсірілген фотосуреттер де ұсынылған.

Залдың дәл ортасына тәуелсіз Қазақстанның символы болып табылатын “Астана – Бәйтерек” мемориалдық кешенінің кішірейтілген көшірмесі қойылыпты. Оң жақ қабырғада суретші Алексей Шимов салған Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті тұр. Суреттің ерекшелігі – залды аралай жүріп, қай жағынан қарасаң да, Нұрсұлтан Әбішұлының көзі сенде болып тұрады. Сондай-ақ, мұражайда Мемлекет басшысы туралы түсірілген фильмдер көрсетіледі.

Гүлжауһар Бексұлтанқызының сөзіне қарағанда, тарихи-өлкетану мұражайында экскурсия жиі өтеді. Мұнда мектеп оқушылары мен студенттер үзбей келеді екен. “Экспозицияларды сөйлете отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяны арқылы Қазақстанның тәуелсіздікке жеткен жолын көрсету басты мақсатымыз. Оқушылардың патриоттық тәрбиесі Қазақстанның әйгілі, ұлы адамдарының өмірлік іс-әрекеттерін үлгі етуден басталуы тиіс”, – дейді мұражай қызметкерлері.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Добавить комментарий