Без рубрики

ЖАРНАМАСЫЗ ТАНЫМАЛ КӘСІПОРЫН

 

– Жақында бір жарнама агенттігі хабарласып, тауарларымыздың сатылымын жақсарту үшін өздерінің қызметін ұсынды. Бірақ бізге маркетингтің бұл бағыты керексіз деген тұжырым жасадым. Өйткені, біздің тауарлардың өтімділігі ойдағыдай. Біле білсеңіз, қазір тұтынушылардың тапсырысы бойынша ғана жұмыс істеуге тура келіп отыр. Сауда орындарын дайын өнімдермен толтыруға уақытымыз жетпей жатыр. Тапсырыс өте көп. Біз өңірімізде, елімізде кәсіпкерлікке қатысты ұйымдастырылып жатқан шаралардан тыс қалмаймыз. Осының өзі бизнеске жақсы жарнама, – деп бастады әңгімесін “Левин” жиһаз кәсіпорнының директоры Елена Левина.

“Левин” тауарлық белгісімен сатылатын жиһаздарға қазақстандықтар ғана емес, Ресейдің бірқатар өңірлері қызығушылық танытып отыр. Мұндай беделге кәсіпорын оңай қол жеткізді десек, қателесеміз. Оның іргетасы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қаланғанын ескерсек, тарих қойнауында қалған ол жылдар ел өміріндегі аса бір қиын кезең болатын. Кеңестік құрылым ыдырап, Қазақ елі қалыптаса бастаған кезде Левиндердің кәсіпкерлігі де тәй-тәйлап тұра бастаған еді. Ол жылдардың ауыртпалығын кәсіпорынның негізін қалаушы Владимир Левин жақсы біледі. Әупірімдеп іске кіріскен Владимир Давыдович қажымай еңбек етіп, ізденіп, әулетіне абырой мен табыс әкелетін бизнес қалыптастырды. Бүгінде кәсіпкерлік тізгінін қызына ұстатып, оның айналасына немерелері шоғырлана бастағанын көріп, көңілі орныққан.

– Мен ес білгеннен әкемнің қолынан қылқаламы түскен емес. Ол – шығармашыл жан. Сурет салумен қатар, қолөнерге де жақын. Сол әуесқойлығын табыс көзіне айналдыра білді. Үйдегі жиһаздардың барлығын өз қолымен жасайтын. Сондықтан кәсіп етуге оның осы бағытты таңдағандығы мені таңғалдырған жоқ. Бұл – оның сүйіспеншілікпен бастаған ісі. Әкемнің бүгінгі көңіл-күйіне қарап, арманын шындыққа ұластыра алды деп ойлаймын. Ол әлі де қатарымызда. Әкемнің ақыл-кеңесі біз үшін маңызды, – дейді Елена Владимировна.

“Левин” жеке кәсіпкерлігінің құрылғанына 30 жыл толады. Бастапқыда ол кооператив түрінде бой көтеріп, Владимир Давыдович әріптестерімен бірге жиһаздар жасаумен айналысқан. Содан бері қаншама қиындықтар еңсерілді, қаншама белестер бағындырылды. Қазіргі таңда бұл кәсіпорын – жүзге тарта адамды жұмыспен қамтып отырған іргелі өндіріс орны.

Саудадағы басты көрсеткіш – сапа мен баға. Осы қағиданы берік ұстанған кәсіпорын жаһандық дағдарысқа да мойымай, серпінді дамып келеді. Былтыр шетел валюталарының бағамы өскен кезде көптеген кәсіпкерлердің тығырыққа тірелгенін белеміз. Бірақ отандық шикізатпен жұмыс істейтіндер қысылған жоқ. “Осы жайттан кейін біздің тынысымыз ашылды. Өйткені, шетел валюталарының өсімі сырттан әкелінетін тауарлардың бағасын қымбаттатып жіберді”, – деп түсіндірді Елена Владимировна.

Нарықтағы ахуалды бақылап отыру кез келген кәсіпкерге тән. “Левин” жеке кәсіпкерлігі де тауарлардың сапасы мен үлгісін жаңартып отыру үшін шеберлердің біліктілігін арттыруға және өндірісті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге үлкен мән береді. Бүгінде екі үлкен өндіріс орнында жиһаз жасайтын станоктардың түр-түрін көруге болады. Құралдардың басым бөлігі несиеге алынған. Кәсіпкер былтыр Петропавл қаласының “Береке” шағынауданында фирмалық дүкен ашқан. Ол қарыздың жылдық үстемеақысына “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша демеуқаржы берілгендігін ризашылықпен жеткізді. Ал алдағы жылы сол ауданда үлкен сауда ғимаратының құрылысын бастамақ ойы бар екенін де айтты.

Кәсіпорын Астана қаласында жиһаз сататын делдал компаниялармен жұмыс істейді. Астаналық “Тұлпар” сауда үйімен олардың ынтымақтастығы 17 жылдан бері жалғасып келеді.

Бала күннен әкесінің қасында жүріп, бизнеске дағдыланған Елена Владимировнаның кәсіпкерлікте қалыптасқан өзіндік көзқарастары бар. Шикізаттан бастап, дайын тауарға дейінгі үдеріс толықтай кәсіпорында жүргізіледі. Орманнан кесіліп әкелінген ағашты өңдеу, оны қажетті пішінге келтіріп жону, бояу, үлгі жасау, өндіру – үлкен іскерлікті талап етеді. Бояу технологиясына қатысты шараны Владимир Давыдович өзі басқарады. Цехтардағы жұмысты үйлестіру немерелеріне жүктелген. Владимир Левиннің жөргегінен бастап өзі мәпелеп келе жатқан бизнесінің өміршеңдігін қалайтыны сөзсіз. Ол кәсіпкерлікке бейімді, еңбекқор, ізденімпаз қызын мақтан етеді. Немерелері де атасының бастамасын абыроймен жалғастыруға дайын. Осылайша, отбасылық кәсіп жылдан-жылға өркендеп келеді.

Алты бала тәрбиелеп отырған Елена Левина – іскер әйел ретінде республикаға танымал тұлға. Ол былтыр желтоқсан айында Астана қаласында өткен әйелдердің төртінші Еуразиялық саммитінде “Ажар жұлдызы – бизнестің тұрақты дамуына 20 жыл” сыйлығының лауреаты атанды. Ал биылғы 8 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикаға танымал әйелдердің басын қосып, оларды арнайы құттықтаған кезде біздің өңірімізден салтанатты шараға қатысу мәртебесіне Елена Левина лайық деп танылды. “Бұл мен үшін ұмытылмайтын сәт болды. Президенттің қолынан әдемі алқаны сыйға алдым”, – дейді ол тебіреніп.

Кәсіпорынның өңір аумағында, республика бойынша ұйымдастырылатын байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындармен абыройын асқақтатып жүрген сәттері де көп. Ол 2014 жылы Қазақстанның үздік тауары ретінде Елбасының қолынан “Алтын сапа” жүлдесін алған. Биыл да байқаудың облыстық кезеңінде жеңіске жетіп, республикалық сайысқа қатысуда, оның қорытындысы 7 желтоқсан күні белгілі болады. Сондай-ақ, биыл “Халықтық марка” жобасына да қатысуда. Осындай көрсеткіштерден кейін шын мәнінде “Левин” тауарлық белгісіндегі жиһаздарға жарнаманың қажеті жоқ екендігіне көз жеткізе түсеміз.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Добавить комментарий