Без рубрики

Алаң иелері — алда

Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында 500-ден астам жасөспірімнің басын қосқан облыстық ұлттық ойындар спартакиадасы өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бұл шарада спортшылар қазақ күресі, бес асық, тоғызқұмалақ, лапта, гір көтеру, қол күресі сынды спорттың алты түрінен сынға түсті.

Бес күнге созылған спартакиаданың алауын қазақ және еркін күрестен облыстық жарыстардың жеңімпазы Айдар Жолбарысов тұтатты.

Ұлттық спорт түрлерін дамыту, насихаттау – бүгінгі спорт саласындағы басты бағыттардың бірі. Еліміз егемендік алғаннан бері ауданымызда 135 спорт нысаны іске қосылды. Спортпен айналысушылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Ауданымызда ұлттық спорт түрлеріне ықылас танытып жүрген өрендер облыстық сайыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Сондықтан біздің ауданның облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға мүмкіндігі мол.

Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша, қазақ күресінен Уәлиханов ауданының балуандары жеңістің биік тұғырына көтерілді. Петропавл қаласының өкілдері екінші болса, Шал ақын ауданы үшінші орынды місе тұтты.

Бес асық ойынында алаң иелерінің жолы болса, есілдіктер мен аққайыңдықтар екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

Мағжан Жұмабаев ауданының спортшылары лаптада көш бастаса, Ақжар және Шал ақын аудандары үздік үштіктің қатарынан табыла білді. Армреслингте уәлихановтықтар мен ақжарлықтарды артта қалдырған жамбылдықтар жеңімпаз атанды. Гір көтеруде тайыншалықтар жеңіске жетті. Тоғызқұмалақта Шал ақын ауданы өкілдеріне тең келер ешкім болмады. Ал екінші, үшінші орындар Ақжар және Жамбыл аудандарының еншісінде.

Бәсекелі дода барысында 104 ұпайға қол жеткізген Уәлиханов ауданының командасы спартакиаданың жеңімпазы атанды. 99 ұпай жинаған ақжарлықтар екінші болса, олардан екі ұпайы кем Жамбыл ауданының командасы үшінші орынға тұрақтады.

Спорттық шараның салтанатты жабылу рәсімінде облыстық ұлттық ойындар спартакиадасының жалауы Жамбыл ауданына тапсырылды.

Сарман АЯЗБЕКОВ,

журналист.

Уәлиханов ауданы.

Добавить комментарий