Без рубрики

Сегіз саңлақтың сайысы

2016 жылғы 10 маусымда Францияда ту көтерген Еуропа чемпионатының қызықты, ең тартысты ойындары түн ұйқымызды төрт бөлдіріп, үркер ауа көгілдір экранға көз тіктіріп жүр.

Ширек финалға берілетін соңғы екі жолдаманың бірін алдымен 27 маусым күні Италия мен Испания сарапқа салды. Екі түбектің тұрғындары – Аппениннен және Пиренейден келген қос құрама қашаннан бәсекелес. Соңғы жылдары римдіктер мадридтіктерге үнемі есе жіберіп жүргенді.

Осы жолғы бәсеке өте тартысты болды. Италияның Марчелло Липпи мен Фабио Капелло сияқты бапкерлерінің жолы болмағанының есесін Антонио Конте жақсылап қайтарды. Оның ұйғарымымен Италия футболшылары бұрындары қорғаныста тас қамал саналып келген “Каттеначио” (қарсыластың әрбір шабуылшысын жекелей қыспаққа алу) әдісін жетілдіре отырып, орталық алаңда үстемдік танытуға қол жеткізді.

Соның нәтижесінде ойынның 33-ші минутында Испания қақпасына Кьеллини алғашқы допты соқса, аса шебер шабылушы Пелле 90+1 минутта испандықтарды мүлде қапы қалдырды.

Осы ойыннан соң Испанияның бас бапкері Висенте дель Боске тізгінді қолынан сусытатын шығар? Ғаламторда сондай әңгіме тарай бастады.

Ал 1/8 финалдың екінші кездесуінде ағылшындар көршілері исландықтардан 1:2 есебімен ұтылды да, бас бапкер Рой Ходжсон құраманы басқарудан бас тартып, өтініш берді. Ширек финалдың алғашқы кездесуі 30 маусымда Марсельде өтеді. Жанкүйерлер поляк Роберт Левандовский мен португал Криштиану Роналдудың жекпе-жегін тамашалайды.

Қалған ойындарда Уэльс – Бельгия (1 шілде, Лилль); Италия – Германия (2 шілде, Бордо) және Исландия – Франция (3 шілде, Сен-Дени) құрамалары күш сынасады.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Добавить комментарий