Без рубрики

ТІЛЕГІМІЗ БІР

Тағдырдың жазуымен осыдан 30 жыл бұрын Отан алдындағы борышымды өтеп жүргенде Ақмарал есімді қазақ қызымен таныстым. Бір-бірімізге деген сезімдеріміз жарасып, отау құрдық. Мен өзім Әзірбайжан елінде туып-өссем де, отбасылық өмірге аяқ басқан соң зайыбыммен Қазақстанға келдік.

Бүгінгі таңда ұлымызды – ұясына, қызымызды қиясына қондырып, ұрпақ сабақтастығын көріп отырған бақытты жандардың біріміз. Топ жарып алға шығып кетпесек те, қатарымыздан қалмай еңбек етіп, еліміздің дамуына қолдан келгенше үлес қосудамыз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды мүмкіндігінше пайдаланудамыз. Қазір өзіміздің шағын цехымыз бар. Ағаштан жиһаз жасап, тапсырыс берушілердің көңілінен шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Өнімдерімізді сатып алушыларға ыңғайлы, әдемі және заман талабына сай сапалы етіп жасаймыз.

Алыстан кім келсе де, құшағын жайып қарсы алатын қазақ халқы дарқан даладай кеңпейіл және мейірімді. Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, сонау жүз жыл бұрын басына күн туғанда қазақ аспанының астынан қаншама этнос өкілдері пана тапқан. Кейін көптеген адамдар өз Отандарына қайтып барса да, арада біраз уақыт өткен соң ол жерді жерсінбей, Қазақстанға қайта көшіп келген жағдайлар аз кездеспейді. Мұның барлығы – елде орнаған ынтымақ пен бірлік тамырының тереңде жатқандығының белгісі. Қазір Қазақстанда тұратын барлық ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасалуда. Бұл – Елбасының сындарлы саясаты.

Біз тарихи Отанымызға отбасымызбен жылына бір рет барып, ағайын-туыстармен қауышып тұрамыз. Бірақ қайда жүрсек те, Қазақстанға ораламыз. Өйткені, бұл – біздің балаларымыздың кіндік қаны тамған жер. Олар осы жерде туды, өсті, ержетіп, білім алды. Қазір отбасын құрып, қалаған мамандықтары бойынша қызмет етуде. Ертеңгі күнге алаңсыз аяқ басып, балашағаның өсіп-өркендеуін көрудің өзі бір ғанибет.

Қазақстанда тұратындықтан, мемлекеттік тілді білуді, оған құрметпен қарауды өз парызымыз санаймыз. Сондықтан да қазақша сөйлеп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласамыз. Өйткені, алға қойған мақсат бір. Ол – Мәңгілік Елдің іргесін бірге қалау.

Адалят АЗИЗОВ,

кәсіпкер.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Добавить комментарий