Без рубрики

Абай мен Махамбет оқулары

Өңіріміздің жалпы білім беретін мектептері оқушыларының арасында жыл сайын өткізілетін республикалық Абай және Махамбет оқуларының облыстық кезеңі өтті. Байқауға облыс мектептерінің 5-11-сыныптарынан 91 оқушы қатысты.

Абай оқуы үш бөлім бойынша өткізілді. “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” деген бірінші аталымда оқушылар Абай мен Шәкәрімнің шығармаларын жатқа оқудан сайысқа түсті. Бұл аталымда Шал ақын ауданы Жаңажол орта мектебінің 9-сынып оқушысы Данагүл Аюпова алдына жан салмады.

“Көңілім әнді ұғады” аталымында Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындаудан сайыс ұйымдастырылды. Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Әлихан Жақсыбаев жеңімпаз деп танылды.

Жас дарындардың өз шығармаларын орындауға арналған конкурста Айыртау ауданы Дәуқара орта мектебінің 8-сынып оқушысы Заманбек Әлібеков көш бастады.

Махамбет оқуының шымылдығын “Ел құтқарар ер едім” аталымы ашты. Онда Махамбет Өтемісұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз Жарылғасұлы мен Фариза Оңғарсынованың шығармалары жатқа оқылды. Оның жеңімпазы Аққайың ауданы №3 Смирнов орта мектебінің 9-сынып оқушысы Сырым Дүйсенбаев болды.

Екінші аталым “Ұлы арман” деп аталды. Махамбеттің күйлері және Фариза Оңғарсынованың өлеңдеріне шығарылған әндерді орындауда Есіл ауданы Асқар Игібаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Әсет Ерман ерекше дарынымен көзге түсті.

“Тартынбай сөйлер асылмын…” аталымында жас дарындар өз өлеңдерін, әндерін, басқа да музыкалық туындыларын орындау бойынша додаға түсті. Онда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишим орта мектебінің 9-сынып оқушысы Алина Нұртазина озды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Добавить комментарий