Без рубрики

БІР АТАНЫҢ БАЛАСЫНДАЙ

Әр жылдары тағдырдың жазуымен облысымызға табан тіреген көптеген этностардың ұрпақтары бүгінгі күні тамырын тереңге жайып, қазақ халқымен біте қай­на­сып кетті. Бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп, бірлігін бекітіп, достығын нығайтты. Қа­зақ­станды өз Отаным деп сүйіп, қай салада болса да жемісті ең­бек етіп, тұғырлы мемлеке­тіміз­дің мерейін өсіре білгендері қаншама?!

Қазіргі таңда жастарға үкілеген үміт артылып, “Елдің ертеңі – өнегелі, білімді ұрпақтың қолында”, – деп зор сенім білдірілуде. Олардың заман талабына сай білім алуына, қызмет етуі мен елдің азаматы атануына барлық жағдай жасалған. Елімізде орныққан тыныштық пен береке, бірлікті жастар да жоғары бағалайды. Оған Петропавл қаласындағы өткен жылы ғана есігін айқара ашқан химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқып жүрген бірнеше жас өркенмен кездесу барысында көзіміз жетті.

Аталмыш білім ордасына Айыртау ауданындағы Лавровка ауылынан 5 оқушы түскен екен. Солардың ішінде Татьяна Есауленкомен кездесіп, әңгімеге тартудың реті келді. Лавровка орта мектебінің орыс сыныбында оқыған Татьянаның мемлекеттік тілге қызығушылығын оятып, оны жетік меңгеруіне үлес қосқан қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жанар Құсайынова екен. “Отбасымызда әпкем екеуіміз қазақша білеміз. Әпкемнің де мұғалімі әрі сынып жетекшісі Жанар Қазезқызы. Қазақ тілін үйрену үшін алдымен оқушының құштарлығы және өз пәнін қызықты да тартымды етіп өткізе алатын мұғалімнің болғаны жақсы”, – деген Татьяна түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болғанын айтты. Ол Халықаралық “KATEV” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қазақ тілінде өтетін “Жарқын болашақ” олимпиадасының облыстық кезеңінде “Сөз шебері” аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алып, республикалық кезеңде жүлдегер атанған. “Қазір мен қажетті ақпаратты ғаламтордан қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде іздеп табамын. Көп тілді білуімнің арқасында түрлі этнос балаларымен еркін сөйлесіп, достық қарым-қатынастамын. Осындай мүмкіндікке Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алуымның арқасында қол жеткіздім”, – дейді Татьяна Есауленко.

Қазақстанды құтты мекені санап, оның болашағы қазақ тілінде деп шешім қабылдаған әке-шешесі тәжік қызы Азиза Сохибованы өздері тұратын Тайынша қаласындағы №5 орта мектепке қазақша оқуға берген. Бастапқыда қазақша түк түсінбей, қатты қиналған Азиза біртіндеп тілді үйренеді. Орта буынға келгенде Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатқа қабылданады. “Аталмыш білім ошағында қазақ тілі мұғалімі Жақсылық Есенғалиеваның көмегі зор болды. Ол мұғалім маған дұрыс сөйлей білуді, мәнерлеп өлең оқуды үйретті”, – деген Азиза Сохибова қазір Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сыныбында оқып жүр. Ол қазақ, тәжік, орыс, ағылшын тілін жетік меңгерген, енді французша үйренуде. Бұған қоса, Азиза ән айтып, би билейді, сурет салып, шахмат ойнайды.

Тәжікстанда туған Мижгона Нуралиеваның сөзіне қарағанда, қазіргі Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиядағы ол оқыған сыныпта өзінен басқа алты өзге этнос өкілі болыпты. “Қазақ тілі сыныптағы ұйғыр, әзірбайжан, орыс, тәжік, тағы басқамызды біріктірген ортақ қатынас құралы болды. Біз бір-бірімізбен мемлекеттік тілде сөйлесіп, тату болдық. Мен Қазақстанда тұрып жатқан әр азамат қазақ тілін білуі керек деп есептеймін. Өйткені, біз – қазақстандықтармыз. Біз үшін еліміздің барлық есіктері ашық”, – дейді Мижгона Нуралиева.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқитын тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір әр этнос өкілдерінің жан-жақты қалыптасуларына, өмірден өз орындарын табуларына барлық жағдай жасалған. Аталмыш мектепте оқушылар бірнеше тілде сөйлеп, нанотехнология, биотехнология, робот техникасы сияқты ғылымдардың негізін қалыптастыруда. Болашақ мамандығын тілмен байланыстырып, дипломат болғысы келетін Мижгона қазірдің өзінде қазақ, орыс, тәжік, өзбек, ағылшын, француз тілдерін біледі.

Біз әңгімеге тартқан қыздардың барлығы да жаңа мұғалімдерге, бөтен ортаға тез бейімделе алмаған. Қазір алғашқы беттегімен салыстырғанда сөздік қорлары молайып, сөйлеу мәдениеті күннен-күнге жақсарып келе жатқанын айтады. “Біз көп тілді білу арқылы білікті маман иесі атанып, Қазақстанның дамуына өз үлесімізді қосатын боламыз. Болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді “Мәңгілік Ел” етуді мұрат еткен Елбасының мақсат-міндеттерін жалғастырамыз. Біз тәуелсіз Қазақ елінің перзенттеріміз”, – дейді олар.

Бұл татулығы мен бірлігі жарасып, бір атаның балаларындай бір білім ошағында оқып жүрген көкірегі ояу, көзі ашық, жүректері елім, жерім деп соққан патриот жастардың сөзі.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Добавить комментарий