Без рубрики

Қадірлі кісі қартаймайды

Өмірде өнегелі ісімен, елеулі еңбегімен, іскерлігімен, адами мінезімен, жақсылығымен өзге жұрттан ерекше көрініп, маңайындағылардың сыйластығына ие бола білген азаматтар бар. Ел игілігі жолындағы еңбегі ескеріліп, жерлестерінің ілтипатына бөленгендердің бірі Болат Сағындықов десем, артық айтқандық емес. Қаршадайынан тағдырдың тезіне шыдап, ат жалын тартып мінгеннен бастап халқына жанашыр бола білген азамат бүгінгі күні 80 жасқа толып отыр. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен кеште мерейтой иесін облыс әкімі Ерік Сұлтанов және өңіріміздің зиялы қауым өкілдері құттықтады.

 

“Болат Мағазұлын облыс жұртшылығы әділ басшы ретінде таниды. Қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жала жабылған боздақтардың адал есімін қайтару жолындағы еңбегіңіз Сіздің азаматтық тұлғаңызды айғақтады”, – деді Ерік Хамзаұлы. Өңір басшысы өз сөзінде оның “Память” қоғамдық қорын басқарып, қуғын-сүргін құрбандарына арнап мемориалдық кешен ашуға ұйытқы болғанына ризашылығын білдіріп, Құрмет грамотасын табыс етті. Мінбеге көтерілгендердің бәрі де Болат Мағазұлы өз парасат-пайымын, қажыр-қайратын өңіріміздің әлеуетін арттыруға арнағанын, бүгінгі күні балалары үшін асқар тау, ал немерелеріне баурайы толған баудай болып отырғанын мақтанышпен айтып, ұзақ ғұмыр, жақсылық тіледі.

Тындырған ісі мен жүріп өткен ізі кейінгілер үшін өнеге бола алған Болат Сағындықовты құттықтауға Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат шәкірттері арнайы келіп, оның жыр шумақтарын оқыды.

Кеш соңында мерейтой иесінің баспадан жаңа шыққан “Көңіл сыры” атты өлеңдер жинағының тұсауы кесілді. Бұл кітапқа ақынның бертін жазылған 200-ден астам өлеңдері топтастырылып, берілген екен.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Добавить комментарий