БЕЛЕСТЕР БИІКТЕЙ БЕРЕДІ

Печать

 

argaiv1682

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов өңір тұрғындары алдында өткен жылы атқарған жұмысы жөнінде есеп беріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауында қойылған міндеттерді орындау жоспарымен бөлісті. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен кездесуге Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысты. Өңір басшысының тұрғындармен кездесуі телеарна және интернет сайт арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

Өңір басшысы жиналғандар алдында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасап, аграрлық аймақтың жеткен жетістіктерін тізіп шықты. Өңірлік ішкі өнімнің төрттен бірін шығаратын ауыл шаруашылығында өсім 1,8 пайызға артып, 426 млрд. теңгені құраған. Өткен жылдың орағында 5,5 млн. тонна астық жинаған солтүстікқазақстандық диқандар жыл сайын 1,5 млн. тонна бидай, 250 мың тонна ұн және 150 мың тонна майлы дақыл экспорттауда. Бұл жетістікке мемлекеттік қолдаудың арқасында ғана қол жеткізілді.

Есепті жылы республикалық бюджеттен 31 млрд. теңге субсидия берілуі – соның айғағы.

– Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешу үшін мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. 241 отбасылық бордақылау алаңдары салынады. Алдағы бес жыл ішінде 30 мыңдай қосалқы және шағын фермерлік шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру көзделген. Алынған өнімді қайта өңдеу де өзекті мәселелер қатарынан. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу картасы жасалып, оған 64 жоба енгізілді. 20 жоба өткен жылы жүзеге асырылып, 500-дей жаңа жұмыс орны ашылған болатын, – деді өңір басшысы өз баяндамасында.

Жиналғандар облыстың өнеркәсіп саласындағы оң өзгерістерден де құлағдар болды. Жалпы-ұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы тұсауын кескен Петропавл трактор зауыты шығарған техника қуаттылығымен ерекшеленеді. Жақында аталмыш кәсіпорын егіс кешенін құрастырған. Инвестициялық жобалар ішінен қытайлық “Айцзю” компаниясының қаржысына салынған Тайынша ауданындағы май зауыты болашақта өңірдегі ірі өндіріс орындарының біріне айналмақ. Қазіргі таңда алғашқы кезеңі іске қосылды. Облыс әкімі “Радуга” ЖШС-нің тұрмыста қолданылатын әртүрлі бұйымдар шығаратын және тәтті таңғы ас дайындайтын цехтар ашқанын, оның өнімдері еліміздің 12 өңіріндегі филиалдарында және көрші Ресейде сатылып жатқанына тоқталды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауынан туындаған міндеттердің бірі – жаңа сандық технологияларды енгізу. Бұл тұрғыда Киров атындағы зауыт ширақтық танытуда. Кәсіпорын мамандары құрастырған 3D принтерлер қазір алғашқы сынақтан сәтті өтіп жатыр.

Есепті кездесуге жиналған өңір тұрғындары кәсіпкерлік және туризм, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға да қанықты.

– Облыста құрылыс қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде экономиканың күретамыры – жол салуда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Астана-Петропавл жолын жөндеу аяқталды, енді оны Ресейдің шекарасына дейін жеткізу көзделген. Ол 2018 жылы іске қосылады. Өткен жылы жалпы ұзындығы 385 шақырым жол жөнделді, биыл көрсеткішті екі есе көбейтіп, 647 шақырымын қалпына келтірмекпіз. Сонымен қатар баспана құрылысына басымдық берудеміз. Былтыр 619 пәтерлік 7 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек бес ауданда 135 пәтерлік қызметтік үйлер мен жатақханалар салынды. Ал биыл облыста 1440 пәтері бар 16 тұрғын үйде қоныстойы тойланады. Президенттің алдағы 15 жылда 1,5 млн. тұрғынды баспанамен қамту туралы тапсырмасын осылайша жүзеге асырып жатырмыз, – дей келе Ерік Хамзаұлы жеке тұрғын үй салу үшін Петропавл қаласынан 4 мың жер учаскесі берілетінін де айтып өтті.

Өңірде шешімін тапқан мәселелердің бірі – апаттық және үш ауысымда оқитын білім ордаларының жайы. Еліміздің өзге өңірлерінде өзекті болып тұрған бұл қиындық бізде келмеске кетті. Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда салынған заманауи мектептер өткен күзде есіктерін айқара ашты. Білім саласында ақырындап шешімін тауып келе жатқан тағы бір мәселе – балабақша тапшылығы. Бүгінде 3-6 жас аралығындағы сәбилердің 98 пайызы балабақшамен қамтылған. Облыс әкімі сәбилер үйін салуда мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің берері мол екенін атап өтті. Петропавлда ашылған балабақшаның біреуі “Нұрлы жол” бағдарламасы бойынша бой көтерсе, екіншісін жеке кәсіпкер өз қаржысына салдырыпты.

Солтүстік Қазақстан облысы спортшыларының жеткен жетістігі өңірде бұл саланы қолдау жоғары дәрежеде екенін аңғартқандай. Өңір тұрғындарының 30 пайызы саламатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтырумен ұдайы шұғылданады. Соңғы үш жылда 460 спорт алаңы салыныпты. Құйылған қаржы өз жемісін беруде, облыстың “Қызылжар” футбол командасы мен “Барыс” баскетбол ұжымы ел чемпионатында қола жүлдегер атанса, “Құлагер” хоккейшілері Қазақстан кубогын жеңіп алды.

– Өңірдің ғана емес, тұтас елдің намысын қорғап жүрген жерлестеріміздің жеңісіне ерекше тоқталып өткім келеді. Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атанған Жанат Жақиянов бүгін осы залда отыр. Ал шаңғышы Ринат Мухин Алматы Универсиадасында күміс еншілесе, іле Жапонияның Саппора қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында ел қоржынына алғашқы алтын жүлде салып отыр. Бұл – үлкен жетістік, – деді Ерік Хамзаұлы.

Өңір басшысының есеп беру кездесуіне Астанадан арнайы келген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Солтүстік Қазақстан облысы елдің саяси-экономикалық өмірінде аса маңызды орын алатын, жыл өткен сайын қарқынды дамып келе жатқан өңір екенін және халықтың әл-ауқатын арттыруда кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Осының барлығы Елбасы саясатын жүзеге асыруда аймақ басшылығы мен тұрғындарының бір кісідей жұмылған бірлігінің арқасында жүзеге асырылып отырғанына тоқталды.

– Бүгінде Қазақстанда жаңғыртудың үшінші кезеңі басталды. Елбасы бұл жаңғыру қазіргі қатерлермен күрес жоспары ғана емес, “Қазақстан – 2050” Стратегисынан туындаған елді алға бастайтын сенімді қадам екенін айтты. Жолдауда Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу міндеті жүктелген. Қазір әлем төртінші технологиялық революция алдында тұр. Біз де бұған дайын болуымыз қажет. Солтүстік Қазақстан облысы аграрлық аймақ болғандықтан, осы салаға жаңа технологияларды әкелуі қажет, – деді министр. Астаналық мейман өз сөзінде алыстағы ауылдық жерлер тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарымен де бөлісті. Алдағы екі жыл ішінде 2 млн. тұрғыны бар 1300 елді мекенге сапалы интернет желісі тартылады екен. Ғаламтор желісі теріскейдің де ауылдарын орап өтпейтінін айтты.

Дәурен Абаев логистика саласы мен электрондық сауда және мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде көрсетуге байланысты да пікірлерімен бөлісті. 2017 жылы еліміз бойынша 4,5 мың шақырым жол жөнделеді деп күтілуде. Бұл кең-байтақ Қазақ елінің аймақтары арасындағы ғана емес, шетелдермен де алыс-беріс пен барыс-келісті арттырары анық. 2017 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 85 пайызына дейін электронды түрде көрсетуге көшу көзделіп отыр екен.

Есепті кездесуге келген өңір тұрғындары сауалдарын ауызша да, қағазға жазып та, тіпті, телефон арқылы Call-орталыққа хабарласып та қалдыра алды. Аққайың ауданы Тоқшын ауылының тұрғыны Бақыт Әбдусадықов бұрынғы сүт зауытының қаңырап тұрған ғимаратын қайта іске қосу мүмкіндігін сұраған екен. Өңір басшысы бұл зауытқа жақын күндері жаңа инвесторлар келіп, цехтарда фанера өндірісін іске қосатынына тоқталды. Облыс бұл құрылыс материалын Ресейден тасып келген екен.

Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылының тумасы Абылайхан Есенбаев жазушының есімі берілген елді мекенге апаратын жолды жөндеу жайын сұрапты. Ерік Сұлтанов Сәбит ауылына дейінгі жолдың 6 шақырымын қалпына келтіруге биыл 56 млн. теңге бөлінгенін, жөндеу жұмыстары осы жазда атқарылатынын жеткізді.

Ақжар ауданы тұрғындарының атынан сөйлеген Қайырлыбай Омаров тұрғындарға тиесілі жерді банкке кепілдікке қойып, жұртты тақырға отырғызып кеткен “Богви” компаниясының әрекетін сынға алып, ауылдықтар тиесілі пайларынан қағылып отырғанын хабарлады.

– “Богви” компаниясының мәселесімен құқық қорғау және сот органдары айналысуда. Серіктестікке тиесілі 850 мың гектар жердің 750 мыңын сот арқылы мемлекетке қайтарып алдық. Ал қалғаны бойынша іс әлі жалғасуда. Бұл мәселені үнемі назарда ұстап отырмыз, – деді облыс әкімі. Және ауыл тұрғындарының арызын арқалап келген азаматқа облыс прокуроры Берік Асыловқа жолығып, мән-жайды түсіндіру қажеттігін айтты.

Аққайың ауданының орталығы Смирноводағы №3 мектеп директорының орынбасары Жайнагүл Үмбетованың “ЭКСПО – 2017” көрмесіне балаларды апару туралы сауалына жауап берген Ерік Хамзаұлы сапарды ұйымдастырумен туристік фирмалар айналысып жатқанын айтты. Астанадағы көрмеге шамамен 100 мыңдай тұрғынды апару көзделген. Оның ішінде сабақ үлгерімі жақсы, үлгілі әрі тәртіпті оқушыларға да тегін жолдамалар берілуі мүмкін екенін жеткізді. Көрме тақырыбын әрі қарай өрбіткен Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылдық округінен келген фермер Мәулет Айтмағамбетов ауылдың 10 тұрғынын өз қаржысына Астанаға апаратынын айтты.

Кездесуге келген тұрғындар тарапынан су, жол, үй аулуларын асфальттау, спорт алаңдарын салу, жұмысқа тұру және тағы да басқа тақырыпта сауалдар жолданды. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов барлық сұрақтар бойынша тиісті шаралар қабылданатынын айтып, халықтың өтініші мен мұң-мұқтажы ескерусіз қалмайтынына сендірді. Ел алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр, сол міндеттерге бірлескен жұмыстың, ынтымақ пен татулықтың арқасында ғана қол жеткізуге болады.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.