ЖАҢА ДӘУІР ТАЛАБЫ ЖОҒАРЫ

Печать

 

argaiv1293

Елбасы саяси мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.

Қазақстан халқына жəне Президентіне Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы А.Смолин, Бас прокурор Ж.Асанов, “Сырбар” сыртқы барлау қызметінің директоры Ғ.Байжанов, сондай-ақ, Президент Əкімшілігінің басшылық лауазымдағы бірқатар тұлғалар, Үкімет мүшелері, облыстар мен Алматы қаласының əкімдері салтанатты түрде ант берді.

Қазақстан Президенті мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап арта түсетінін атап өтті.

– Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану жағдайлары жиі кездесіп жатады. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын құқық бұзу жайттары мемлекеттік қызметтің ғана имиджіне емес, жалпы мемлекеттік басқару жүйесіне теріс əсерін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жиналған мемлекеттік қызметшілердің бəріне алдағы цифрлық дəуір талабы жаңашыл шешімдерді, оларды тиімді іске асыра алатын жетекшілерді қажет ететінін айтты.

Қазақстан Президенті ел дамуының жаңа кезеңінде маңызды орын алатын өңірлік кəсіпкерлікті дамыту мəселесіне тоқталды.

– Бұл жұмысты атқару əкімдерге жүктелген. Оларға тиісті өкілеттіктер мен мүмкіндіктер берілді. Біз жұртты бизнеспен айналысуға үйретуге тиіспіз, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы əлеуметтік саланың ұдайы назарда болатынын жеткізді.

– Экономика мен əлеуметтік саладағы түбегейлі өзгерістер саяси жаңғырумен қатар жүреді. Алдағы уақытта билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу Парламенттің, Үкіметтің жəне жергілікті мемлекеттік органдардың рөлін арттыратын болады. Сондықтан кешіктірмей, мүлде жаңаша жұмыс жүргізе бастау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Елбасы елдің басқарушы корпусы алдында тұрған міндеттердің ауқымдылығы мен күрделілігін, ол саяси мемлекеттік қызметшілерден жоғары жауапкершілік талап ететінін атап өтті.

– Сіздер халықтың мүддесіне мінсіз қызмет етіп, өз міндеттеріңізді абыроймен атқарады деп сенемін. Біз тəуелсіздігімізді нығайту жолында жəне Қазақстанның жарқын болашағы үшін қолымыздан келгеннің бəрін жасауға тиіспіз, – деп түйіндеді сөзін Қазақстан Президенті.

(“Егемен Қазақстан”,

3 ақпан 2017 жыл).