Тіркеуде іркіліс жоқ

Печать

Өңір басшысы Ерiк Сұлтанов аппараттық кеңес басталмас бұрын жиналғандарға Қазақстан Республикасының “Азаматтарға арналған үкiмет” мемлекеттiк корпорациясы” коммерциялық емес акционерлiк қоғамы басқарма төрағасының бұйрығымен “Халыққа қызмет көрсету орталығы” департаментiнiң Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры болып тағайындалған Мұхамадияр Өмiрзақұлы Исматовты таныстырды.

argaiv1087

Мұхамадияр Исматов Қазақ гуманитарлық-заң университетiн құқықтану мамандығы бойынша тамамдаған. Еңбек жолын 2009 жылы Астана қаласында жер ресурстары мен жерге орналастыру маманы ретінде бастаған ол кейін Оңтүстiк Қазақстан облысы Сайрам аудандық мәслихатының ревизоры, Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы болды. Бұдан кейін Астана қаласында “Сапалы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгерi, “МиГ кредит Астана” микронесиелiк ұйымының корпоративтiк клиенттермен жұмыс департаментiнiң басшысы қызметін атқарды. Сондай-ақ, Солтүстiк Қазақстан облысының Қызылжар аудандық, Ақмола облысының Целиноград аудандық №1 және Астана қаласының халыққа қызмет көрсету орталығы филиалдарының бөлiм басшысы болды.

2016 жылдың қыркүйек айынан бастап, осы тағайындауға дейiн Алматы қаласы бойынша “Азаматтарға арналған үкiмет” мемлекеттiк корпорациясы” коммерциялық емес акционерлiк қоғамының халыққа қызмет көрсету орталығы филиалы департаментiнiң мамандандырылған бөлiмiнiң басшысы қызметiн атқарды.

Аппараттық кеңес барысында жергiлiктi полиция қызметiнiң бастығы Қанат Айтбаев өткен жылы атқарған жұмыстары жайлы есеп берді. Жалпы қылмыс саны азайғанымен, жолда жүру ережесiн бұзудың 88812 фактісі тіркелген. Өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов енді әкiмшiлiк айыппұлдарды төлету бойынша жұмысты күшейтудi тапсырды.

Үстіміздегі жылы “Б” корпусындағы әкiмшiлiк мемлекеттiк қызметшілер аттестаттаудан өтетіні белгілі. Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi облыстық департаментiнiң басшысы Ғалым Тұрсынбаев аттестаттауды өткiзу мерзiмімен және тәртiбiмен таныстырды.

Сонымен қатар, тұрғындарға міндетті тiркеу жөніндегі заңнама нормаларын түсiндiру жайы да сөз болды. Бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығында өзге өңірлердегідей қарбалас тудырмау үшiн тиімді шаралар қолға алынған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.