ДӘСТҮРЛІ САЛАДА ӘЛЕУЕТІМІЗ ЗОР

Печать

Үкімет пен әкімдерге мынадай тапсырмалар беремін:

argaiv1428

біріншіден, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет;

екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауында: “Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. “Made in Kazakhstan” бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Сонымен қатар астық өнімдері бойынша біз Еуразияда “нан кәрзеңкесі” болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз”, – деп атап өтті. Мемлекет басшысы отандық агроөнеркәсіптік кешен инновациялық даму жолына бағыттау туралы ойын ашық айтты. Шынында да, агроөнеркәсіптік кешен – Қазақстан экономикасының негізгі әрі келешегі зор саласы.

Елімізде, оның ішінде біздің өңірде, ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі ұлғаюда, тиімді бағдарламалар іске қосылып, мемлекеттік қолдаудың жаңа институттары құрылуда. Статистикаға зер салып қарайтын болсақ, ауыл шаруашылығы саласының өсу қарқынын байқау қиын емес.

Мемлекеттің қолдауының арқасында өткен жылы ауданымызда ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірілген жалпы сомасы 38 млрд. 816,8 млн. теңгені құрады. Ауданда 361 агроқұрылым ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады. Оның 101-і – ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, қалғандары фермерлік қожалықтар.

“Агробизнес – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын субсидиялау көлемі де артты. Өткен жылы асылтұқымды мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды қолдау үшін он жеті кәсіпорынға сомасы 2 млрд. 671,5 млн. теңге субсидия төленді.

Заманауи технологияларды пайдалану және техникаларды қайта жарақтандырудың арқасында астық өнімділігі артты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданымыз майлы дақылдар көлемі бойынша облыстық рейтингте төртінші орынға табан тіреді.

Аудан картоп және көкөніс бойынша өзінің ішкі қажеттілігін толығымен қамтамасыз ете алады. Сүтті мал шаруашылығы да дамуда, бүгінде сүт өндірісімен 4,5 мың бас сиыры бар “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі, “Петерфельд-Агро”, “Якорь СК”, “Большемалышенское” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Редин”, “Қызылжар” шаруа қожалықтары айналысады. Сонымен қатар “Зенченко және К” КС-і мен “Петерфельд-Агро” ЖШС-інде 3 мың басқа арналған екі мал бордақылау алаңы бар.

“Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру” жобасын жүзеге асыру аясында асылтұқымды жеті мыңнан астам мал өсіретін алты репродуктор жұмыс істейді. Жылқы саны да тұрақты өсуде, олардың арасында асылтұқымды шаруашылықтар құрылуда, ауданда өсірілген жылқыларға республикамыздың басқа аймақтарынан сұраныс артты.

Құс шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Мемлекеттің қолдауының арқасында жұмыртқа өндіретін құс фабрикаларын жаңғырту жүргізілді. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында өткен жылдың соңында “Фирма Алекри” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 71,3 млн. теңгеге жылына 197,1 млн. жұмыртқа шығаратын жаңа цехты іске қосты. Қазіргі күні біздің аудандағы құс фабрикаларында өндірілетін жұмыртқалар Қазақстанның барлық өңірлеріне және көрші Ресейге де жіберіледі. Осы орайда, Елбасының 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау қолдан келетін іс екеніне көз жеткізіп отырмыз.

Өткен жылдың басынан бері ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін (АӨК) құру жұмыстары қолға алынды. Елбасы биылғы Жолдауында Үкімет пен әкімдерге бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту жөнінде нақты тапсырма берді. Бүгінгі күні аудан көлемінде 18 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істеуде. Мәселен, Бугровой ауылдық округінде Василий Алексеевтің жетекшілігімен “Лесной” өндірістік кооперативі құрылды. Олардың бағыты – малды асылдандыру. Қызылжар ауылдық округінде Анатолий Нетесовтің жетекшілігімен “Заря” АӨК құрылды, олар малды асылдандырумен бірге, сүт қабылдау қосынын ашпақшы. Сондай-ақ, Архангельск ауылдық округінде Вруйр Геворгянның басшылығымен “СК АНИ” АӨК құрылды. Олар мал асылдандырумен қатар, ет және сүт сатып алумен, сүт өңдеумен және сары ірімшік (өрілген) өндірумен айналысады. Петерфельд ауылдық округінде Гүлнәр Жолдасбаева “Петерфельд” АӨК құрды. Бұл кооператив бүгінде ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 6 млн. 300 мың теңгеге сүт таситын автокөлік сатып алды. Жалпы былтыр сегіз, жыл басынан бері 10 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады.

Үстіміздегі жылы 198,01 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар егу жоспарланып отыр. Оның 113,5 мың гектарына дәнді және бұршақ дақылдары, ал 44,4 мың гектарға жемазықтық дақылдар егіледі. Майлы дақылдарға 35,1 мың гектар алқап бөлінген. Оның ішінде рапс, зығыр, күнбағысқа басымдық берілді. Сонымен бірге 4,4 мың гектар жерге картоп, 600 гектар жерге көкөніс егіледі. Ауыл шаруашылығы егістік алқаптарын әртараптандыру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында майлы дақылдар егілетін алқап 3,0 мың гектарға ұлғайтылды. Бұршақ дақылдары егістігінің көлемі 4 есеге, жүгері егістігі 500 гектарға көбейді.

Бүгінде “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі бидайдың тұқымын қазақстандық жаңа элиталық тұқыммен алмастыру және жаңалаумен айналысуда. Сонымен бірге тұқым шаруашылығымен шұғылданып келе жатқан “СК Вагулинское”, “Шағала-Агро”, “АБИ ЖЕР” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде сатылатын 5520 тонна тұқым бар. Бүгінге дейін тұқымды жаңалауға облыс аумағынан тыс жерлерден 373 тоннасы әкелінді, соның ішінде 220 тоннасы Ресейден сатып алынды. Ауданда “Есіл” несиелік серіктестігі жұмыс істейді. Бұл серіктестік құрамына кіретін құрылтайшылар агроқұрылымдарға минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер, жанар-жағармай материалдарын сатып алуға несие береді. “Есіл” несиелік серіктестігі 23 қатысушыға көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдастыру үшін 519 млн. теңге сомасында несие бөлді.

Қарап отырсақ, осы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы біздің дәстүрлі саламыз болғандықтан жаһандық бәсекеде бәс тіге алатындай деңгейге жетуіміз қажет. Бұл орайда жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізуі тиіс.

Өмiрбай ОМАРОВ,

Қызылжар аудандық ауыл

шаруашылығы бөлімінің басшысы.