АУЫЛДЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Печать

Қазақ жұрты тәуелсіздігімен қауышқалы әлемнің алпауыт елдерімен үзеңгі қағыстыруға талпынуда. Осы мақсатта Елбасы Н. Ә. Назарбаев бүгінге дейін қаншама реформаларды жүргізгені белгілі. “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауы бұрынғылардан айырықша. Елбасы атап өткендей, Қазақстан тәуелсіздіктің үшінші мүшеліне аяқ басты. Әлем бойынша дамыған елу елдің қатарына еніп, ендігі мақсатты отыздықтың қатарына бағыттадық. Оның орындалуы үшін Президент нақтылап берген жоспарды бірлік пен берекемізді жарастырып, жүзеге асыруымыз шарт.

argaiv1934

Бүгінгі таңда Жамбыл ауданына қарасты Благовещенка ауылдық округiнде үш жарым мыңға жуық адам тұрады. Халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған түрлі реформалар мен бағдарламалардың пайдасын көріп отырған Благовещенка, Богдановка, Майбалық, Талпын ауылдарының тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiреді.

Ауыл шаруашылығы – елдің асыраушы саласы. Бүгінгі таңда осы салаға мемлекет тарапынан қолдаулар жасалып, жерді емген диқандардың, қамшы ұстап, мал қайырғандардың берекесі артып, ырысы еселенуде. Бүгінгі таңда округте алты фермерлік, сегіз шаруа қожалығы, үш жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. “Көктемнiң бiр күнi жылға азық” деген диқандар құнарлы жерді ырысының көзіне айналдырды. Әрі мемлекеттің қолдауы да мол астық алуға жағдай жасап отыр. Мәселен, округтегі егіншілікпен айналысатын шаруашылықтарға 6 млн. 811 мың теңге субсидия бөлiндi.

Ал нәсібемді малдан табамын деген шаруаларға арналған бағдарламалардың арқасында округте төрт түліктің саны артты. Қазiргi уақытта 1 169 бас iрi қара, 675 шошқа, 3 261 қой-ешкi, 7 793 құс бар. Округ тұрғындары “Алтын асық”, “Құлан” бағдарламаларына қызығушылық танытуда. Мал өсіріп, сапалы ет өндіремін, қымыз дайындаймын, одан түрлі өнімдер әзірлеймін деген малсақ жандарға бұл бағдарламалар өте тиімді. “Қойдың сүті қорғасын” деген “Екпін – 2002” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Алтын асық” бағдарламасы бойынша асылтұқымды қой өсіру үшiн 7 млн. 707 мың теңгеге 300 ұрғашы тоқты, алты қошқар алды. “Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тұқымды асылдандыру жөнiнде келiсiм жасады.

Ал “Кожанов А.С.” жеке кәсіпкерлігі “Құлан” бағдарламасы бойынша 2 млн. 860 мың теңгеге 11 бие, бір айғыр алды. Жалпы округ бойынша мал шаруашылығын дамыту үшiн сомасы 4 млн. 486,0 мың теңге субсидия берiлдi.

Жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшiн округ тұрғындары – Е.А. Крысальная (жүк тасымалдау), И.А. Сафин (құс шаруашылығын дамыту үшiн), Т.С.Қайыров (мал шаруашылығына) “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы арқылы 8 млн. 600 мың теңге несие алды.

Сонымен қатар Елбасы елдің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінгі таңда Благовещенка ауылында 20 сауда-саттық нысаны, базар, дәрiхана, жанармай және газбен қамтамасыз ететiн бекет, екі шаштараз, шағын наубайхана, шиножөндеу орталығы жұмыс істейді.

Өткен жылдың аяғында “Династия-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражатына майлы дақылдарды өңдейтiн цех ашты. Осындай ұмтылыстардың арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болып, ауыл тұрғындары еңбекке араласты.

Елбасының: “Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс”, – деген тапсырмасы бұл саланың одан әрі жандануына септігін тигізері сөзсіз. Бұл ауыл тұрғындарының әлеуетін көтерудің бірден-бір жолы.

Өткен кезеңде тұрғындарды жұмыспен қамту, уақытша жұмыссыздарды еңбекақы төленетін қоғамдық жұмыстарға тарту және қайта даярлау мен оқыту аясында 191 адам еңбекке араласты. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 9 адам еңбек нарығында сұранысқа ие кәсiби мамандықтар бойынша оқуға жiберiлдi.

Елбасы өзінің биылғы Жолдауында атап өткен төртінші басымдық – адами капиталдың сапасын жақсарту. Жалпы адами капитал дегеніміз не? Адами капитал дегеніміз – еңбек ресурсын жақсарту үшін жасалған инвестиция. Құдайға шүкір, халқымыздың 100 пайызы білімді деп айта аламыз. Сол себептен де осы 25 жыл ішінде Қазақстан елеулі табыстарға жетті. Ендігі міндет – білім беру жүйесінің рөлін өзгерту, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту.

Бүгінгі таңда округте 639 баланы білім нәрімен сусындатып отырған үш орта мектеп бар. Округтiң орта мектептерi компьютермен, басқа да заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiлген. “Балапан” бағдарламасы аясында мектептер жанынан үш шағын-орталық ашылды. Благовещенка №2 орта мектебінде жақын маңдағы ауылдардың балалары алаңсыз білім алуы үшін интернат бар. Қазір онда 40 бала тұрып, білім алуда. Апта сайын бұл балалар арнайы бөлінген көлікпен үйлерiне барып тұрады.

Елбасы әлемді өз тұрақтылығы, келісімі және бейбітшілігімен тамсандырған еліміздің креативті жастары алдағы уақытта келешегімізді кемелдендіретініне сенімді. Біз өмір сүріп отырған ғасырда мемлекетіміздің болашақ дамуын интеллектуалды адами капитал айқындайтын болса, округіміздегі білім саласы мамандары осы бағытта қажырлы еңбек етіп жатқаны сөзсіз.

Білім берумен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс. Әсіресе, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне басымдық беріліп отыр. Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Осы орайда Елбасы: “Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ аясында тең жағдай туғызу керек. Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын”, – деді.

Бүгінгі таңда бұл тапсырманы орындау үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Округте 5 медициналық мекеме – облыстық наркологиялық орталық, дәрiгерлiк амбулатория, ауылдық аурухана, екi медициналық бөлiмше бар. Онда 180 адам жұмыс iстейдi. Дәрiгерлiк амбулаторияда клиника-диагностикалық зертхана, ренген-флюрография, физиотерапевтiк, дені сау балалар, ем-шара, тiс емдеу кабинеттері бар. Стационар бөлiмi 15 орынға шақталған.

Жолдауда айтылған, бүгінде жергілікті жерде жүзеге асырылып жатқан тапсырмалардың барлығы – әлемдік дағдарыстың әрбір сәтіне ерекше дайындығымызды пысықтап, ел экономикасын дамыту мен халықтың тұрмысын жақсартып, табысы жоғары ел қатарына қосу үшін жасалып жатқан жұмыс. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында қыруар шаруа атқарылып, толайым табыстарға бастаған тындырымды тірліктер жасалды. Бүгінде алпауыт әлем елдері санасатын күнге жеттік. Ендігі кезеңде, еліміздің экономикалық қуаты одан әрі бекіп, халықтың әл-ауқаты арта түсуі үшін жұмыла еңбек етуіміз қажет. Бейбітшілік пен тыныштықтың нұрлы жолынан танбай келе жатқан мемлекетіміздің келешегі сонда ғана бұдан да кемелдене түсері анық.

Тұрмыс ИМАНЖАНОВ,

Благовещенка ауылдық округiнiң әкiмi.

Жамбыл ауданы.