ШАҒЫН БИЗНЕС — ЭКОНОМИКА ТІРЕГІ

Печать

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауы еліміздің даму жолындағы жаңа міндеттер мен тың идеяларды айқындап берді.

argaiv1428

Сонымен Қазақстанның Үшінші жаңғыруы қалай болмақ? Жылдың басты құжатында экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған негізгі бес басымдық қарастырылды. Соның бірі – бизнесортаны түбегейлі жақсарту.

Кез келген елдің экономикасының негізі – шағын және орта бизнес. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, шағын және орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту елдің экономикасын көтеруде маңызды орынға ие. Бизнесті дамыту арқылы салалық және өңірлік монополизмді жою, нарықта тауарлар мен қызметтерді көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалану, қоғам тұрақтылығының кепілі болып отыр.

Әлемнің осындай тәжірибесіне көз тіккен Қазақстан да дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Экономиканың қозғаушы күші ретінде кәсіпкерлік саласын дамыту әуел бастан басымдыққа ие болса да, оны жаңартудың мәні заман талабына айналып отыр. Себебі, әлемде орын алған дағдарыс салқынын бәсеңдетіп, дамудың тың белесіне көтерілуде кәсіпкерлерге жүктелетін міндет ерекше.

Сол себепті жергілікті атқарушы билік тарапынан бизнес құрылымдарына әрдайым қолдау көрсетіліп, оларды инфрақұрылымдық жағынан демеуге барлық жағдай жасалуда. Сондай-ақ, мемлекеттің қаржы-несие саясаты облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беруде. Өңірде кәсіпкерлердің несие шығындарының бір бөлігін субсидиялау, әкімшілік кедергілерді азайту, салық салу жүйесін жеңілдету сынды мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаулар бар.

Осының арқасында ауданымызда кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Бүгінде ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің саны 1946-ға жетті. Егер өткен жылы 20 кәсіпкер өз ісін бастаса, биыл 30-ға жуық жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Аудан тұрғындары көбіне “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламалары бойынша және “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы арқылы несие алып, кәсіптерін ашты.

2016 жылы ашылған кәсіпкерлік нысандарға шолу жасар болсақ, атқарылған жұмыстың ауқымды екеніне көз жеткіземіз. Мысалы, өткен жылы аудан орталығында бірнеше дүкен мен супермаркет ашылды. Олардың барлығының иелері мемлекет қолдауының шапағатын көргендер. Мәселен, 2015 жылы аудан орталығында “Семейный” супермаркеті жұмысын бастап, ірі сауда орындарының біріне айналды. Қазіргі заманауи құрылғылармен жабдықталған әмбебап дүкенде тауардың 5 мың түрі бар. Сондай-ақ, дүкенде балаларға арналған тауарлар, тұрмысқа қажетті заттар, арақ-шарап, азық-түліктің түр түрін кездестіруге болады. Аталған супермаркет иелері мұнымен шектелмей, мемлекеттік қолдауға сүйене отырып, өткен жылы Новоишимкадағы станция шағынауданында екінші сауда орнын ашты.

Ауданның ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу картасына енген “Астық Петропавл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қарақұмық, тары, бұршақ, бидай, арпа, жүгерi өңдейтін цехты іске қосты. Цех бір тәулікте 1,5 тонна қарақұмық, 2,5 тонна тары өңдейді. Сондай-ақ, “Даму” қорының кепілдемесімен “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Арасан” дәмханасы ашылды. Берілген несиенің жартысына тағы бір супермаркет салып, оны үстіміздегі жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.

Шынында да, шағын кәсіпкерлігі мығым елдің шаруасы шайқалмайды. Бұған мысал да жетерлік. Қазақстанда, тұтастай алғанда, бизнесортаны дамытуға деген қадамдар жасалып, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделеді. Биылғы Жолдауда да Елбасы ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу межесін белгіледі.

Биыл ауданда “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында екі ірі жоба іске асырылады. Оның бірі – жалпы құны 50 млн. теңгені құрайтын бизнес нысаны болса, екіншісі құны 65 млн. теңгені құрайтын қонақүй құрылысы. Сондай-ақ, биыл аяқкиім тігетін Еркін Алпысбаев деген азамат өзінің жеке ісін ашуды жоспарлап отыр. Мемлекет қолдауының арқасында бұл жоба да жүзеге асары сөзсіз.

Тағы бір атап өтерлігі, қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына, экспорттық әлеуетімізді дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Бүгінгі таңда ауданда азық-түлiк өндiрумен айналысатын 73 өнеркәсiп бар. Соның екеуі – ет, біреуі сүт өндiреді. Сондай-ақ, бес диiрмен, төрт жартылай дайын тағам әзірлейтін, екі өсiмдiк майын шығаратын және алкогольсіз шырын өндiретін бір цех жұмыс істеп тұр. Бір кондитерлiк цех, 30 наубайхана, 15 бордақылау алаңы және 1 сою пунктi, 11 элеватор бар. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп отырған осы кәсіпорындарға зор мүмкіндік берілген десек болады. Өңірімізде өңдеу саласы енді ғана қарқын алып келеді, кәсіпкерлер үшін ауқымды нарыққа жол ашылып отыр.

Жалпы, ауданның кәсіпкерлік саласы серпінді дамуда. Жүзеге асырылған жобалардың барлығы бір орында тұрмай, жыл өткен сайын кеңейіп, қанат жаюда. Ал жеке кәсіпкерлер ауылдағы бизнесті дамытуға бар күш-жігерлерін салуда.

Бүгінде еліміздің кәсіпкерлік саласына зор мақсат-міндеттер жүктелген. Елбасының алға қойған тапсырмаларын бұлжытпай орындау үшін тиісті жұмыстар қолға алынды. Кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттің зор қолдауы тиімді пайдаланылса, экономикамыздың тұрақты болары анық.

Әліби МИРХАМИДОВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның кәсіпкерлік

бөлімінің басшысы.