ТАЛАПТЫҢ МІНІП ТҰЛПАРЫН...

Печать

Театр – рухани тұрғыда өсуге ықпал жасайтын бірден-бір орын. Халқымыз сахнаны киелі санаған. Бүгінде мен кішігірім болса да, осындай тәрбие үйірмесінің жетекшісімін. 

argaiv1428

Менің театр әлеміне аяқ басуым мектеп қабырғасынан басталды. Батыс Қазақстан облысының Қазталовка ауданындағы Бостандық ауылында оқып жүргенде, сыныптастарыммен “Сегіз сері” әзіл-сықақ тобын құрып, түрлі көріністер қойып, ән айттық. Көпшіліктің алдында өнер көрсету ұнағандықтан, 2006 жылы Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне “актер” мамандығы бойынша оқуға түстім. Сондағы ұстазым, жергілікті драма театрының бас режиссері Асхат Маемировтан көп нәрсе үйреніп, үш жылда актерліктің қырсырына қанықтым.

Кейін елордамыз – Астана қаласындағы қуыршақтар театрында бір жылға жуық жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Сонда жүріп бүгінде Сәбит Мұқанов атындағы облыстық сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаевқа қоңырау шалып, жұмысқа алуын сұрадым. Болам деген баланың бетін қақпай, белін буу керектігін жақсы түсінетін ол менің құлшынысымды құп көріп, актерлер қатарына қабылдады. Міне, содан бері бес жылдай уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында түрлі қойылымдарға қатысып, білігімді арттырдым. Бүгінде менің қосымша жұмысым бар, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы “Шаңырақ” студенттік театрының жетекшісімін.

Аталған театрдың іргесі 16 жыл бұрын қаланды. Қазіргі таңда “Шаңырақтың” құрамында 15 студент бар, бәрі шетінен дарынды. Көпшіліктің көзайымына айналып жүргендері де аз емес. Оларға жетекшілік жасап жүргеніме көп болған жоқ. Маған дейін жастармен жүргізілген актерлік шеберлік сағаттарын ерлі-зайыпты Қажыбай мен Шолпан Айтыбаевтар жүргізген болатын. Солардың жетекшілігіндегі театр 2009 жылы “Театр және тұрмыс” фестивалінде бас жүлдені иеленсе, 2010 жылы Алматы қаласындағы республикалық фестивальда Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықты алды. Былтыр театрымыздың шығармашылығын кәсіби сыншылар жоғары бағалады. Степногорск қаласында өткен республикалық Дельфилік ойындарда “Қара шекпен” пьесасын қойып, үшінші орынға лайық деп танылдық.

Студенттермен аптасына үш рет бас қосамыз. Кешкі сағат алтыдан тоғызға дейін сахналық қойылымдарға, университет өміріндегі түрлі мәдени іс-шараларға дайындаламыз. Мәселен, биыл университеттің 80 жылдық мерейтойына белсене аралассақ, жуырда Жеңіс күні қарсаңында саябақта “Соғыстан хат” атты театрландырылған көрініс қойдық. Жалпы, жұмысым қиын деп айта алмаймын. Өйткені, зерек жастармен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл. Мен тек кейбір тұста ғана ақылымды айтып, бағыттап отырамын. Осындай өзара түсіністіктің арқасында Рақымжан Отарбаевтың “Нашақор” пьесасы да көрерменнің көңілінен шыққан болатын.

Театрдың берері көп. Тәрбиемдегі жастардың бәрі де қабілетті. Үйірмеге қатысатын жастардың дені – оңтүстіктен “Серпін” бағдарламасымен оқуға келгендер. Азамат Қалыбек, Ерболат Шалатаев, Мөлдір Парсахан, Назым Абдиалимова сынды жастар бүгінде кәсіби әртістерше өнер көрсетіп жүр. Бір қынжыларлығы, жергілікті жастардың осындай үйірмелерге деген қызығушылығы төмен. Биыл да кастингке келгендердің көбі “серпіндіктер” болды.

Біз түлекке оқу жылының аяғында дипломмен қоса театрдың арнайы сертификатын тапсырамыз. Онымен студенттер мектептегі, балабақшадағы өнер үйірмелерінде қосымша жұмыс істей алады. Бүгінде театрымыздың түлектерінің кейбірі жетістіктерге жетіп, өнер саласында түрлі қызметтерде табысты еңбек етіп жүр. Оларды тәрбиелеген “Шаңырақтың” алға қойған мақсаты биік. Қазіргі таңда театрдың жас өнерпаздары Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрымен тығыз шығармашылық байланыста. Кәсіби актерлермен шығармашылық байланыс орнатқан жастардың шыңдалары сөзсіз.

Әділжан КӘРІМОВ,

М.Қозыбаев атындағы

СҚМУ жанындағы

“Шаңырақ” студенттер театрының жетекшісі.