Жасотандықтар жақсылыққа құштар

Печать

Көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге өскелең ұрпақ өкілдері де көмек қолын созуда. Осындай мақсатпен “Жас Отан” жастар қанатының белсенділері облыс орталығының Былғары зауыты кенті, Заречный шағынауданында болды.

argaiv1428

– Қиын жағдайға душар болған тұрғындардың жағдайы кімді де болса алаңдатары сөзсіз. Біз, жасотандықтар, осындай игі іске атсалысуға бірден келістік. Жалпы, осы сынды тосыннан келетін апаттарда барлығымыз бірлесіп, зардап шеккендерге бір кісідей жұмыла қолғабыс жасауымыз керек, – деді “Жас Отан” жастар қанаты Петропавл қалалық бөлiмiнiң жетекшiсi Абылайхан Қайроллаев.

Қайырымы мол іске таңсәріден кірісетін жастар кеш батқанға дейін біраз жұмыстың басын қайырады екен. Қолдарына айыр мен күрек ұстаған белсенділер тасқыннан кейін аулаларда үйіліп қалған күл-қоқыстарды тазалап, үйлердің ішін қалыпқа келтіруде.

Табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың бірі – Галина Раззакова жастардың қамқорлығына дән риза. Оның осыдан бес жыл бұрын тырнақтап жинаған қаражатына сатып алған баспанасы түгелдей дерлік судың астында қалыпты. “Көп мөлшерде су келеді деп күткен жоқпыз. Үйімді бір түннің ішінде-ақ қызыл су басты. Қазір өзім әріптестерімнің үйін паналап жүрмін. Барлық жиһаз судың астында қалды. Маңай қоқысқа толып кетті. Жастар ауланы тазалап, қолдарынан келгендерінше көмектесіп жүр. Оларға алғысым шексіз”, – деді ол.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.