АЗАМАТ ЖОЛЫ

Печать

Жастық шақ – адам өмірінің қызық пен қуанышқа толы тамаша кезеңі ғой. Мұқалмас жігер мен жалынды күш-қайраттың шыңы. Адамның адамдық бітім-болмысы да, кісілік келбеті де осы жастық дәуренде жасаған игі істерінен нәр алады, қалыптасады. Кешегі өткен бабаларымыз жырға қосқан “Пай-пай, жиырма бестің” ауылынан алыстаған сайын өмірлері өнегемен өрілген, айналасына үлгі, отбасына сыйлы, барын халыққа сарқып берген адамдығы асқақ, азаматтығы бір төбе жандардың жүріп өткен сүрлеулерімен танысуға құмартады екенсің. Басқаны қайдам, өзім адамның атағы мен мансабына емес, адамгершілігіне, мағыналы ғұмырдариясына үңілуді жөн санаймын. Өмірдің бұралаң жолында, қиын құз-шатқалында адами ұстанымынан ауытқымайтын жандарды іздеймін.

argaiv1797

 

Өңіріміздің тарихында ұрпақ болашағы үшін үлгілі іс тындырып, өзінің саналы ғұмырын елдің дамуы мен өркендеуіне арнаған, ел мүддесін өз мүддесінен биік қойған айтулы тұлғалардың өмірі мен қызмет жолы – бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін тағылымды мектеп, ғибрат, өнеге. Көп жылдар бойы кеңес заманы кезінде кеңшар деп аталған ірі шаруашылықты басқарған айтулы азамат Манабай Үмітбаевтың еңбекпен шыңдалған азамат екеніне жуырда ол тұратын Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласына сапарлап барғанымда анық көз жеткіздім. Бізді құшақ жая қарсы алып, әңгіме тиегін ағытқан оның өне бойынан, бітім-болмысынан бар қарым-қабілетін, күш-қуатын, ерік-жігерін халықтың жақсы тұрмысы жолында сарқып берген есіл еңбектің самалы есіп тұрды.

– Жастық шақ жарқ еткен жасындай өтеді де кетеді екен. Тек адамның сол кездері атқарған адал еңбегі, маңдай тері, өнегелі жұмысы, мәрт мінезі тасқа басылған таңбадай қалады-ау. Өткен күнге өкпем жоқ. Жастық жігерімді қарапайым халықтың бақытты тұрмысына арнағаным үшін Алланың, содан кейін адамның алдында ризамын, – деп бастады әңгімесін Манабай Үмітбаев.

Кейін сөзін шорт кесіп, қабырғаға арқасын сүйеп біраз уақыт үнсіз отырды да, ой жетегімен сағымдай бұлдыраған өткен күндерді еске алды. Осындай сәтте есіне темірқазықтай адастырмайтын дұрыс жол сілтеген әкесі Қажымұрат Үмітбаевтың берген тәлім-тәрбиесі, өнегесі түседі. Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласына белдерін бекем буып аттанған жауынгерлерге рух беруі, қолындағы бар дүние-мүлкін сатып, түскен қаржыны танк сатып алуға жұмсауы өңіріміздің, тіпті, еліміздің тарихында кездесе бермеген ерлік, оқиға. Мұндай азаматтар сол кездегі кеңес тарихында да онша көп болған жоқ. Қазақтың даңқын әлемге әйгілеген балуан – Қажымұқан Мұңайтпасұлының өз қаражатына соғысқа арнап ұшақ жасатқанын, осылайша, елін, жерін шексіз сүйген нағыз батыр екенін дәлелдегенін халық жақсы біледі ғой. Сол сияқты, Қажымұрат Үмітбаевтың да өнегелі ісі елдің жадында. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен дара тұлғадан тәлім алған Манабай Үмітбаевтың көкейіне: “Әке өнегесіне, аманатына адалдық таныта алдым ба?”– деген сұрақ қонақтағанда оның есіне түсетін сөз тағы да әке өсиеті. “Қиын күндер шөкім бұлттай өте шығады. Бірақ сол сәтті елмен бірге еңсергенге не жетсін?!”.

Иә, әкенің темірдей тәлімі ерке ұлдың өмірден өз жолын жаңылмай табуына септесті. Жастайынан еңбекке етене араласқан Манабай аға трактор айдап, жер жыртты. Ауылдың тыныс-тіршілігіне бала жастан қанықты. Өзінің өзгелер қызыға қарарлықтай өмірін өзі қалыптастырды. Елу жылға татитындай он жылдан астам еңбек жолында ол ауыл шаруашылығынан басқаға табан аудармай, асқан жауапкершілік пен ауыр бейнеттен тұратын мәртебелі салаға жегілді.

Оңашада ой жетегінде отырғанда оның есіне Ысқақ Ыбыраев атындағы кеңшарға алғаш рет басшы болған жылдары оралады. Тұралаған шаруашылық, “Шықпа жаным, шықпаның” күйін кешіп отырған ауыл жұртшылығы. Қораларындағы бірлі-екілі малдарын қытымыр қыстан қысылтпай шығаратын жемшөптің, сабанның да жоқ кезі. Мезгіл болса үскірік аяз. Қол қусырып, қолда барға қанағат етіп қарап отыруға болмайды. Ел еріне қараған шақта басты төмен салбыратуға жол жоқ. Дәл осындай қысылтаяң сәтте басшының бойында іскерлік пен ұйымдастырушылық қабілет болмаса, ауыл халқының салы суға ғана емес, үміттері құрдымға кетеді деген сөз. Халық пен кеңшардың малын қиын кезден алып шыққан Манабай Үмітбаевтың еселі еңбегі екеніне бүгінде ешкім шүбә келтірмейді. Жемазық табу оңай болмады. Осы сәтте ойына Ресейдің Түмен облысындағы бір кеңшарды басқаратын ескі танысы түседі. Сонда жатып алыстан арбалап, елді аман сақтап қалады. Кеңшардың бір-екі жылдан бері істен шығып, жұмыс істемей тұрған астық қырманын тазалап, жұмысқа жарамды етуі де ерлік дерсің. “Осы ауыр жұмысты менімен бірге атқарған азаматтардың көбі бүгінде о дүниелік болып кетті”, – деп күрсінді ол әңгіме арасында.

Осындай ерен еңбектің арқасында ауыл да, кеңшар да қыстан аман шықты. Жаз шығып, ел арқасы кеңге салынғанда қызу жұмыс басталады. Малға жемшөп дайындап, тұрғындарды тынымсыз еңбектің жемісті болатынына үндейді, сенбіліктер ұйымдастырады. Халықтың еңбегін ортақ мақсат – қалайда аяқтан нық тұруға, еңбекпен еңсені көтеруге, қыстың қамын жазда ойлауға жұмылдырады. Осындай толассыз тындырымды жұмыстардан кейін тұрғындар жүрегінде болашаққа деген сенім мен үміттің оты маздады.

Ірі шаруашылықты аяғынан тұрғызған Манабай Қажымұратұлы бейнетпен келетін еңбектен жасқанбайды. Қандай істің болсын күрмеуін тез шешу үшін халықпен бірге болу, солардың қолдауына сүйену керектігін түсініп, айналасын­дағыларды ортақ мақсатқа жұмылдыра білді. Жемшөп қорын молайтты. Егістік көлемін айтарлықтай ұлғайтты. Осылайша, халықтың тұрмысы түзеле бастады. Кеңшардың бөлімшесі Көктерек ауылының көшелеріне асфальт төсеп, шағын ауылдың тамырына қан жүгіртті. Ал орталық қоныста Мәдениет үйі бой көтерді. Тұрғындар игілігіне берілген 350 орындық әсем ғимарат бүгін де ауыл ортасында асқақтап тұр. Осындай ірілі-ұсақты жұмыстардың ең шоқтығы биігі, қазіргі өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі боларлығы Қариялар үйін салып, іске қосты. Бұл адам бойындағы жақсылық атаулының ана сүтімен даритынын терең түсінген азаматтың өзгелерден ерек болмысын одан сайын айшықтай түсті.

...Жол шетіндегі орындықтарда мұңы да, сыры да ұқсас үш жалғызбасты ананың бір-бірлерімен елеусіз ғана әңгімелесіп отыратыны Манабай ағаны да бейжай қалдырмады. Біраз жасқа таяса да, өмірден баз кешіп жүрген қариялардың тағдырлары аянышты еді. Бастарында жеке баспаналары, бауырларында балалары жоқ оларды көрген шаруашылық басшысы жандарына жақындап:

– Үшеуіңіз бір үйде тұрсаңыздар, қалай болар екен. Сіздерге зәулім үй салып берсек деген ниетіміз бар, – деді. Бұл сөз қариялардың жүрегіне қуаныштың дәнін сеуіп, көңілдеріне нұр болып құйылды. Үйдің құрылысы да жан-жақты ойластырылды. Маңдайшасындағы Аналар үйі деген атау да ақсақалдың жүрегінен шыққан сөз. Қартын сыйлағанның қазынасы мол. Осы сияқты, ілкімді істерде Манабай Үмітбаевтың еңбегі сайрап жатыр. Еселі еңбек елеусіз қалмады. Оның түрлі дәрежедегі марапаттары аз емес. Алайда, Манабай аға үшін қашанда ауыл тұрғындарының, өзі өсіп-өнген жерінің алғысы бәрінен де артық, бағалы.

Жастық жалынмен атқарылған ерен еңбектер бүгінгі таңда оның ойына өткеннің көркем естелігіндей елестейді. “Адамды адам ететін адамгершілігі мен еңбек қана. Құдайға шүкір. Осы екеуін де еншіме салып берген туған ауылымның азаматтарына алғыстан басқа айтарым жоқ”, – дейді Манабай аға өткен күндерді еске алып. Ол жаспын деп жасқанбады. Өмірдің биік заңғарларына ұмтылды. Талаптанды. Ең бастысы, адал еңбекті жан-тәнімен сүйді.

Даусыз, әке – биік асқар тау, отбасының тiрегi, қам­қоршысы. Балаларына сөзімен, ісімен, мiнез-құлқы­мен, жүріс-тұрысымен, керек десеңіз, қас-қабағымен де тәлім-тәрбие беретін темірқазығы! Осы сөздерді Манабай ағаға қарата айтуға әбден болады. Зайыбы Күләш екеуі бауырынан тараған төрт баласына саналы тәрбие берді, шама-шарқыларынша оқытты, тоқытты. Ата-ана үшін балаларының өмірдің түрлі саласында жемісті қызмет атқаруынан, өз жолдарын жаңылыспай табуларынан, жеке отау құруынан асқан бақыт бар ма?!

Бүгінде ол қуса жеткізбейтін, сағымдай бұлдырап көрінетін өткен өміріне өкпе артпайды. Саналы ұл-қыз өсіріп, олардан немере-жиендер сүйіп отырғанына, абыройлы өмір сүргеніне іштей шүкіршілік етеді.

Адамның адамшылығы ел мен жерге, өзі өмір сүрген ор­таға деген қарым-қатынасынан білінетін болар. “Жақсыменен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай”, – демекші Манабай ағамен сұхбаттасқан аз ғана уақытта оның осынау жетпіс жылдық ғұмырында адамгершілікпен тыныстап өскенімен қанықтым. “Артыңызға, жетпіс жылдық ғұмырдарияңызға бұрылып қарағанда көз алдыңызға қандай жайттар елестейді, санаңызға не дүниелер оралады?” – деп сұрғанымда:

– Өмір деген ағын судай екен. Лезде өте шығады. Пенде үшін адамдықтан асқан байлық та, бақыт та жоқ. Адам өтірікке, жамандық атаулыға жуымаса, адалдығы өмірдің биік баспалдақтарына бастайды. Шынайылық, қайырымдылық, кешірімділік сияқты қасиеттер де ердің қанаты болуы тиіс. Жанымен, жүрегімен қандай шаруа істесін, мейлі лауазымды қызмет, мейлі қарапайым қара жұмыс болсын, жанын беріп атқаратын азаматтарды үнемі қолдаймын. Тәубе, өткенге өкпем жоқ. Өміріме, отбасыма, зайыбыма, балаларыма, жора-жолдастарыма ризамын. Олар менің қылдай қиянатқа иек артпауыма да көп жәрдемдесті, – деді ол.

Бұл өмірдің бұралаң жолдарында адамгершілікті ту еткен нағыз ер-азаматтың сөзі.

Жуырда қолыма ақын Есенқұл Жақыпбектің кітабы тиді. Сол кітаптағы ақынның:

“Мөлдірлікке атбасын бұрып барған,

Бір жақсылық күтеді ол тұнық таңнан.

Жаман пиғыл тоспайды ешкімнен де,

Ешкімнен де сыры жоқ бүгіп қалған.


Езуінен жиылмай күлкі керім,

Осылай-ақ күн кешсін, шіркін, ерің.

Мылтық кезеп сен оған тұрар болсаң,

Ойнап тұр деп ойлауы мүмкін оның.

Өміріңнің әр күні бір сын еді,

Өзгелердің қамы үшін күрсінеді.

Сен әшейін бас шайқап қоя салған,

Қиянаттан ол қатты түршігеді, – деген өлең жолдары атақ-дәрежені, мансапты емес, бәрінен ар-ұятты, абыройды жоғары қойған азамат Манабай Үмітбаевтың дарқан болмысын одан сайын айшықтап тұр емес пе?! Иә, өмірде адамға ең керегі абырой десек, ол табанды еңбектің, тынымсыз ізденістің, қажырлы қайраттың, білім мен біліктің, күш пен жігердің нәтижесінде ғана келеді. Міне, осындай адами қасиет­терімен қоғамда лайықты орнын тапқан Манабай Үмітбаев – өмірдің мәнін, адамдықтың сырын пенделіктен жоғары парасатпен пайымдай алатын, жақсылыққа құштар, жамандыққа жаны қас, тік сөйлеп, әділетті шешім қабылдауға бейім, өзінен зорларға жағынып, жалтаңдамаған ардақты азамат.

Ол жас ұрпаққа өлшеусіз үлгідей көрінетін биігіне кейбір пысықайлар сияқты ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп жеткен жоқ, бойындағы табиғат берген асыл қасиеттерінің: білімінің, парасатының, ақылының арқасында бағындырды. Адамды тура жолынан адастыратын жалғандыққа жаны қас Манабай аға бүгінде жетпістің белесіне үлкен абыроймен келіп отырғаны да сондықтан. Халық үшін атқарған қыруар шаруасын реті келгенде көзге шұқып көрсетпейтін мұндай азаматтар кеуделеріне тағылған орден, медальдармен мақтанбайды, үнемі тұрғындардың шынайы ризашылығына бөленуді көздейді.

Басқаларға үлгі еткің келіп тұра­тын азаматтар болады. Мінезі – кесек, тұлғасы – нар, істеген ісі – зор. Ол басқаларды жақсылығымен жа­рылқап, шапағатына бөлеп жүреді. Жаратылысынан атаның емес, адам­ның баласы. “Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын”, – деген көпке жанашыр таби­ғаты тағы бар. Міне, Манабай Үмітбаев – осындай дара азамат. Елбасымыз “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында туған жер, өскен ортасына көмек қолын созған жандардың атына жылы лебіз білдіріп: “Туған жеріне көмек жасаған жан­дарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек”, – деген болатын. Манабай Үмітбаев сынды азаматтың ел үшін, тал бесігі – туған жері үшін жасаған еңбегі осындай болашағы зор ұлағатты бастамаға бір мысал боларлықтай.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.