ҒЫЛЫМ АЙДЫНЫНДАҒЫ ЖОЛ

Печать

Қазіргі Шал ақын ауданының Ақсу ауылында 1928 жылы дүниеге келген ол буыны бекіп, бұғанасы қатаймаған балғын шағынан-ақ тағдырдың ауыр соққысын, жоқшылық пен жетімдіктің ащы дәмін бір адамдай-ақ татып өсті. Ата-анасынан ерте айрылған, екі ағасы сұм соғыста қаза болған сегіз жасар баланың сүйенері де, маңдайынан сипар жанашыры да жоқ еді. Алайда, жасынан өмірдің ыстық-суығында, ауыр еңбектің қайнаған ортасында шыңдалып өскен ол тағдыр тәлкегіне мойымай, бойына біткен мұқалмас жігердің, өрліктің арқасында Петропавл қаласындағы мал дәрігерлік техникумын, содан кейін Омбы ауыл шаруашылығы институтын үздік бағамен тамамдап шықты.

argaiv1682

Оның ғылым айдынына құлаш сермеуі де, осы кезеңнен басталады. Талантты да алғыр жас Алматыдағы Қазақ КСР Ғылым академиясының эксперименталды биология институтында кіші ғылыми қызметкер болып жүріп, осы оқу орнының физиология зертханасында аспирантураны тамамдайды. Қазақ ғылымының қасиетті шаңырағында білім кәусарымен еркін сусындап, Қаныш Сәтбаев, Александр Полосухин, Нәйла Базанова сында атақты ғұламалардан дәріс алған Қазис Тәшенұлы тынбай еңбектенуінің нәтижесінде зор абырой-құрметке ие болып, аз уақытта осы институт зертханасының меңгерушісі, институт директоры, Қазақ КСР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, академия Төралқасының мүшесі болып жаңа шыңдарға көтеріледі.

Алайда, Қазис Тәшенұлын қанаттандырған атақ-абырой да, жоғары мансап та емес, өзі таңдаған ғылымға деген құштарлық, еліне қызмет етуге деген ұмтылыс еді. Жас та болса, зердесі терең, ғылыми өмірдегі жаңашылдыққа құмар Қазис Тәшенұлы сол кезде елімізде жаңа ғана өркен жая бастаған, Қазақстан үшін маңызы зор физиология саласын түбегейлі зерттеуге кірісті. Ізденіс-зерттеулері жақсы нәтиже берген жас ғалымның бастамасымен 1988 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының физиология институты ашылғанда еліміздегі лимфа жүйесінің физиологиялық құбылыстарын зерттейтін жетекші ғылыми мекемені басқару Қазис Тәшенұлына сеніп тапсырылған еді. Ол бұл жауапты міндетті абыроймен атқарып, оның басшылығымен ғалымдар жануарлардың ас қорыту және лимфа жүйесін жан-жақты зерттеу нәтижесінде мал азығы құрамындағы микроэлементтердің әсерін анықтап, соның негізінде ет, сүт өндірудің жаңа ғылыми негіздерін ашты. Зерттеу нәтижелерін сол жылдардың өзінде алғашқы болып қолданған Іле Алатауының бойындағы шаруашылықтарда ет, сүт өндіру көлемі күрт артты. Ал институт зертханасында ашылған ас қорыту жүйесі физиологиясын хирургиялық жолмен зерттеу әдістері арнаулы ғылыми нұсқаулықтар мен ауыл шаруашылығы оқу орындарына арналған оқулықтарға енгізілді.

Биік тау алыстан көрінеді ғой. Қазис Тәшенұлы басқарған зертхана ұжымының ғылыми табыстары шетел ғалымдарының да назарын аударып, бүгінде Словакияның, Польшаның, Ресейдің био-химия және физиология саласындағы ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз әріптестік байланыс орнаған.

Жүрегі кең, білімді адамды халқымыз жылы шуақты сәулесімен өзіне тартып тұратын шамшыраққа теңеген. Қазис Тәшенұлының мінезі де осындай ізгілігімен дараланады.

– Кіммен болса да мейірім ұшқындаған ойнақы көздерін қулана қысыңқырап, әңгімені риясыз әзілмен бастағанда ол адамды жүрек жылуымен баурап алады. Сонысымен айналасындағылардың көңілін жадыратып, серпілтіп тастайды, ол адамға сенімділік ұялатып, жігеріне қанат бітіреді. Бұл Қазис Тәшенұлына тән ерекше қасиет, – дейді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің адам және жануарлар физиологиясы институтының директоры Е.Мақашев. – Қазақстан физиологтар қоғамына жиырма жылдан аса төрағалық етіп келе жатқан оның өзі басқаратын ұжымды топтастырып, ғалымдардың ізденістерін бір арнада тоғыстыра білетін ұйымдастырушылық қабілетінің сыры да оның көңілінің кеңдігінде, ашық-жайдары болмысында шығар.

Қазис Тәшенұлы бүгінге дейін үш жүзден астам ғылыми еңбек, оның ішінде төрт монография, шетел басылымдарында жиырмадан аса ғылыми-зерттеу мақалаларын жариялапты. Елу бес жыл бойы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетінің адам және жануарлар физиологиясы кафедрасында профессорлық дәрежеде еңбек еткен оның алдынан тәлім алған 25 ғылым докторлары мен кандидаттары ұстаздарының жолын жалғастыруда. Ғалым үшін ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп, шәкірттерін қияға ұшырудан асқан бақыт бар ма?!

Ол – ғылыми ізденісті ел болашағымен ұштастыра білетін, заман ырғағына үн қосып отыратын сергек жанды ғалым. Оны ойландырмайтын, толғандырмайтын мәселелер жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын халықаралық жобаның аясында Оңтүстік Қазақстанмен іргелес Қырғызстанның шекаралық аймағындағы Шу өзені маңында уран кенінің экологиялық қатері алаңдатқан Қазис Тәшенұлы арнайы зерттеу жүргізіп, уран өңдеудің қоршаған ортаға зиянсыз технологиясын енгізуді ұсынған болатын. Бұл да елінің ертеңін, ұрпағының болашағын ойлаған азаматтың ерен ісі еді.

Жемісті еңбегімен елінің абыройын асқақтатқан Қазис Тәшенұлының халқына қызметі жоғары бағаланды. Ол – “Ерен еңбегі үшін”, “Еңбек ардагері” және басқа медальдармен, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Құрмет грамоталарымен, халықаралық “Ақ Крест” орденімен марапатталып, есімі Қазақстанның Алтын кітабына енгізілген асқақ тұлғалы ғалым. Ол – солтүстікқазақстандықтар мақтаныш етерлік отандық ғылым көкжиегіндегі жарық жұлдыз. Тек жерлестері асылын бағалап, есімін болашақ ұрпақ жадында қалдырарлық шараларды қолға алса, игілікті іс болар еді.

Өмірінің даналыққа толы кемел шағына жетіп отырған оның жүрегі елім деп соғады, әлі де қанаты талмас қырандай биік шыңдарға көз тігеді.

Жанбатыр САРТАЕВ,

Қазақстан Республикасы әскери ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор.