Рухани байлығымыз дәріптелмек

Печать

21-31 тамыз аралығында “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері өткізіледі. Бұл туралы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада облыс орталығындағы мәдениет ошақтарының жетекшілерінің қатысуымен өткен жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова мәлімдеді.

argaiv1682

Бүгінде көрме аясында ұйымдастырылатын іс-шаралардың жоспары мен бағдарламасы бекітіліп, қажетті қаражат көлемі анықталған. Анархан Қалиқызы өңіріміздің елордадағы мәдениет күндері көрме уақытының соңғы кезеңінде өтетіндіктен, қонақтарды таңғалдыру маңызды екенін айтты. Бұл үшін ол мәдениет ошақтарының жетекшілеріне дайындық шараларын пысықтай түсуді тапсырды.

Мәдениет күндеріне барлығы 345 солтүстікқазақстандық қатысады. Шара “Шеберлер көрмесімен” басталып, облыстық филармония әртістері дайындаған концертпен аяқталады. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Гүлнәр Мұқышеваның айтуынша, бұл көрмеге өңіріміздің тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылады. Оларды келушілерге ағылшын, орыс және мемлекеттік тілді еркін меңгерген экскурсия жүргізушілері таныстырады.

“Киіміне қарап қарсы алады” демекші, мәдениет күндеріне қатысушы әрбір жерлесіміздің киім үлгісі де қарастырылған. Осы орайда, өңір басшысы Құмар Ақсақалов киім тігуге облыстық бюджеттен 38 миллион теңге бөліпті.

Спектакль қою мәселесі де шешілуде. Мәселен, облыстық қуыршақ театрының әртістері 24-25 тамыз аралығында екі спектакльді сахналамақ. Бүгінде театрдың директоры Сергей Орлов ұжымы орналасатын қонақүйге қаражатты төлеп те қойыпты.

Анархан Дүйсенова көрмеге аудандық мұрағат жетекшілерінің түгел қатысуы керектігін айтып, облыстық мұрағаттың директоры Сәуле Мәліковаға бұл істі жіті бақылауға алуды тапсырды. Бұл өңір тұрғындарының көрмеге бару рейтингісін көтеруге де сеп болмақ.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары сирек кітаптар мұражайының бас кітапханашысы Гүлназия Бикенованың кеудесіне “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісін тақты.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.