МАҒЖАННЫҢ МАХАББАТЫ

Печать

Сұлу ол тұлғасымен, мінезімен.

argaiv1293

Жырлары жаралғандай күн көзінен.

Шашының бұйрасы да бұзылмаған,

Қаншама өтсе-дағы сын тезінен.

 

Қанша азап түссе-дағы бір басына,

Түспеген қылдай қылау тұлғасына.

Мағжанды күткен ару сағынышы,

Жетіпті суымастан бір ғасырға.


Емес бұл жай әншейін жыр ұйқасы,

Арудың жетті ақыры ғұмыр жасы.

Өзімен түрме дәмін бірге татып,

Қасынан қалған емес Зылиқасы.


Әуелден елжіреген жас жүрегі,

Болған соң Сарыарқаның тас түлегі.

Таққан ол “айдан – алқа, күннен – жүзік”,

Зылиқа – ұлы Мағжан нақсүйері.

Сақталып жүрегінде сөзі берік,

Жүргені бір естелік өзіне еріп.

Жүз жасап өтті өмірден Зылиқасы,

Мағжанның ақталғанын көзі көріп.


Күш беріп көз алдына келтіргені,

Қапас деп ойламады ол түрмені.

Қалдырған аманат қып Зылиқаға,

Мағжанның махаббаты өлтірмеді.


Сымбаты өз алдына сұлулығы,

Шырқырап көз алдында құлын күні.

Мәңгілік сақтап қалар аруларды

Мағжанның махаббаты – ұлылығы.


Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ,

ақын, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты,

 I орын иегері.