ЕР ЖІГІТТІҢ СЕРІГІ — ҚЫРАН БҮРКІТ

Печать

 

argaiv1797

 

Халқымызға ежелден белгілі бекзада өнер – құсбегілікпен айналасатындар уақыт өткен сайын азайып барады. Десе де, қанымызға сіңген бұл дәстүр қазақ барда жойылмақ емес. Біз соған сенеміз. Құсты қолға ұстай білу, үйрету, баулып аңға салу әркімнің пешенесіне жазылмайтын қадірлі де, қасиетті құбылыс болса керек. Біздің өңірде ата салтын сақтап, бүркіт баптаумен санаулы адам айналысады. Солардың бірі – Ақжар ауданындағы Дәуіт ауылының тұрғыны Ақылбек Қалиев. “Ер жігіттің үш жолдасы бар: жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт” деген халық даналығын ұстанған Ақылбек Әнуарбекұлы – құсбегілікпен бірге тазы асырап, иттің осы тұқымының көбеюіне, саятшылықтың сақталуына өз үлесін қосып жүрген азамат.

Қазақтың дәстүрлі саятшылық өнерін серік еткен азаматтың айтуынша, қыран құсты үнемі бабында ұстау үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Бір бүркіт күніне бір жарым килограмм ет жейді екен. Қыстың аязды күндері бүркітті томағасын кигізіп, үйде бағады. Қыста аулаған аңдардың етін тоңазытқышта сақтап, жаздай сонымен тамақтандырады. Бүркіт салқын жерді ұнатады. Соны білетін иесі күннің ыстығында құсты қараңғы қораға бос жіберіп, ортаға тас және су құйылған шылапшын қоятынын айтады. Су екі күнде бір ауыстырылуы керек. Бүркітке қажетті жағдай жасап, бойындағы күш-қуатын толықтырып отырмасаң, өресін көрсете алмайды.

Аталарымыз: “Бүркіт – кедейкепшіктің айналысатын өнері емес”, – деген. Ол рас. Бүркітші қыркүйектің соңы, қазан айының басында күн суыта бастағанда құсты ұшырып, баулиды екен. Аңға шығатын кезде етті суға шайып, қан-сөлсіз беру де бүркітшінің жақсы білетін тәсілі. Яғни, құс аңға шыққанда қан тілеп, бірден жемтігіне бас салуы керек. Ұстаған аңнан өзінің сыбағасын беру – әр бүркітші үшін дәстүрлі әрекет.

Ақылбек Әнуарбекұлының ағасы Абылайхан Ізбасов – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Екі жыл бойы одан қыран құс жайлы көп нәрсені үйреніпті.

– Бүркіт – ержігіттің серігі ғой. Менің екі балам болса, үшіншісі – бүркіт. Баламның да құсбегілікке қызығушылығы бар. Болашақта құстарымның санын көбейтсем деп ойлаймын. Онсыз да айрылып қала жаздаған дәстүріміздің мүлдем құрып кетпеуі үшін үлес қоспақпын, – дейді сері жігіт.

Саятшылық біздің мәдени мұрамыз. Сондықтан бүркіт, тазы бағып, оның тұқымын асылдандыру ісін қолға алған.

Ақпан айында Семей қаласында құсбегіліктен халықаралық турнир өткен. Алайда, Ақылбек бара алмады. Оған себеп өңірімізде оған қолдау көрсететін құсбегілік федерацияның жоқтығы. Аудандық спорт бөліміндегілер құсбегілікті қазақ күресіне немесе ат спорты федерациясына жатқызарын білмей қиналған. Еліміздің барлық өңірінде дамыған құсбегіліктің бізде кенже қалып отырғаны қынжылтады.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.