Балалар жемқорлыққа қарсы

Печать

Бүгінгі таңда білім саласының мамандары өскелең ұрпақты адамгершілігі жоғары, жауапкершілігі мол, бастамашыл және елін сүйетін патриот етіп тәрбиелеуде.

argaiv1797

Осыған орай, облыстық білім басқармасының, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері жазғы сауықтыру лагерьлерінде бірлескен шаралар өткізуде. Ондағы мақсат – жасөспірімдерді сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне төзбеушілікке тәрбиелеу болып табылады.

Бұл шаралар оқушыларды қызықтыру әрі белсенділіктерін арттыру үшін әртүрлі ойын, эстафета, үгіт-насихат, театрландырылған қойылым, флешмоб, суреттер конкурсы, “дөңгелек үстел”, тағы басқа түрінде өтті. Мәселен, Қызылжар ауданындағы “Березка” лагерінде өткен “Адал болғым келеді” шарасы нақты оқиға түрінде өрбісе, “Золотая осеньде” болған “Біз адал әлем үшін” шарасы эстафеталық ойынға, “Достықтағы” “Адал болу керек!” шарасы үгіт-насихатқа негізделді.

Тайынша ауданының “Арман” лагеріндегілер шығармашылыққа ден қойып, сыбайлас жемқорлық тақырыбын театрландырылған көрініспен шебер сахналап шықты. Есіл ауданының “Орленок”, “Родничок”, Жамбыл ауданындағы “Лесная поляна” лагерьлерінің өрендері өздерінің адамгершілік ұстанымдарын флешмобпен көрсете білсе, аққайыңдық “Оқжетпес” пен Мамлют ауданының “Искрасы” қылқаламды сөйлетті. Мағжан Жұмабаев ауданының “Березка” лагерінде өткен “Менің құқым бар” тақырыбындағы “дөңгелек үстелде” балалар заңды қалай білетіндерін талдап, тақырыптық қойылымдар қойды, сыбайлас жемқорлық тақырыбындағы викторинаға қатысты.

Сауықтыру лагерьлерінде өткен шаралардың мазмұны, тақырыпты ашуы бойынша қорытындысы шығарылып, үздіктер марапатталды.

Әнипа МҰСЫЛМАНБЕКОВА,

облыстық білім басқармасының бас маманы.