ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІП

Печать

argaiv1797

“Әйелдің ең бірінші парызы – ине мен жіптің парқын білу, яки тігіншілік өнерін терең меңгеру”, – деген екен ағылшын жазушысы Оскар Уайльд. Қиыннан қиыстырып, киім тіге білу – үлкен өнер. Инежіптің мектебін жетік меңгеріп алған шеберлердің бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Зәуре Әбілқасова. Жастайынан киім тіккенді жақсы көретін маман тігіншіліктің қырсырын анасы Дәмелі Ыбырайқызынан үйренген екен.

 

– Біздің бала кезімізде дүкенде қазіргідей неше түрлі киімдер болған емес. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін анамыз әдемі көйлектер тігіп, жылы байпақтар тоқитын. Мен соның барлығын көріп, одан сабақ алып өстім, – дейді ол анасын еске алып.

Әжесі мен анасына еліктеп өскен Зәуре Қайыржанқызы тігінші болуды кішкентай кезінен армандапты. Бүгінде ол көздеген мақсатына қол жеткізіп, біраз белесті бағындырған. Он саусағынан өнер тамған ісмер осыдан алты жыл бұрын өзінің шеберханасын ашқан. Құстың ұясындай ғана бір бөлмеге орналасқан тігінші: “Осы шеберханамды ашқанда қатты қуандым, қызыма өзімнің анам сияқты үлгі көрсетіп, еңбек етудің қаншалықты маңызды екенін іспен дәлелдегім келді”, – деп ағынан жарылды. Отағасы Сәлім мен ұлы Алмаз оның ісінің алға басуына өзіндік үлес қосқан. Зәуре Қайыржанқызының қолынан келетін ісімен айналысқанына бауырлары да риза болып, оған өзіндік қолдау көрсеткен. Шеберхана ашылғанда Алматы қаласында тұратын інісі Әскер мен ағасы Сайран тігін машинкасын және басқа да қажетті заттарды сыйға тартқан. Осылайша, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, заман талабына сай болуға ұмтылған отбасы бүгінде еңбек арқылы бәрін жеңуге болатынына көз жеткізіп отыр.

– Көштің алдына шықпасақ та, артында қалған жоқпыз. Адал еңбекпен ақша тауып, ұл-қызымызды өсіріп, оқытып отырмыз. Бүгінгідей нарық заманында қол қусырып отыруға болмайды. Мүмкіндік мол, өз ісімен айналысамын деген азаматтарға мемлекеттен де қолдау бар. Осының барлығы ертеңгі күнге деген сенімді шыңдай түседі, – дейді шеберхана иесі.

Анасына қарап ұқыптылыққа, жауапкершілікке үйренген қызы Аяулым қазірден бастап киім тігуге машықтанып жүр. Ол болашақта дизайнер болғысы келеді.

– Қызыма қарасам, өзімнің бала кезім ойыма оралады. Мен де он жасымнан бастап қолыма ине мен оймақ ұстап, мата қиқымдарынан киім тігіп үйренгем. Сол талпынысым жаман болған жоқ. Осының барлығы – ерінбей еткен еңбектің арқасы. Балаға жақсы үлгі көрсете білу үшін көп айтудың қажеті жоқ. Барлығын іс-әрекетпен дәлелдеу керек, – дейді ол.

Шаңырағының шырайын келтіріп, қыз-келіншектерге өнеге бола білген Зәуре Қайыржанқызы алғашқы жылдары ұлттық нақыштағы қалта-қоржындарды тігуден бастаған, қазір көйлек-көншектерді, сырт киімдерді қыс-қартумен, тігумен айналысады. Әрине, шалбардың балағын кесіп, пішуді әр келіншек білетін шығар, бірақ үлкендердің тонынан кішкентай балаға шақ келетін сырт киім тігу үшін, шынымен де, шеберлік керек екеніне ешкімнің де таласы болмас. Міне, өнерімен өрге басқан ісмердің бойынан біз дәл осындай таланттың ұшқынын байқадық. Ол ине мен жіптің арқасында кез келген киімді қысқартып, ұзартып, керек болса пішінін де өзгертіп, түрлі әшекейлермен безендіріп, құлпыртып жібереді. Өз мүмкіндігіне сеніп, істің көзін таба білген осындай қарапайым қазақ әйелдерінен жас келіндер үлгі-өнеге алса, құба-құп.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.