Қасиеті мол, Қадір түні

Печать

Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

argaiv1582

Қасиетті Қадір түні биыл маусымның 21-нен 22-сіне қараған түнге тұспа-тұс келіп отыр. Бұл түннің атына заты әбден сай: Рамазан түндерінің ішіндегі ең ерекше қадірлісі. Бұл кешті ғибадатпен өткізген адамның сауабы да үстемеленіп, жақсылығы да еселене түсетіндіктен, Қадір түнінің батпандаған берекесі мен ерекшелігін тізіп шығудың өзі оңай емес. Бұл ретте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: “Кімде-кім түнде иманмен, Алланың разылығынан үміт етіп намаз оқитын болса, оның бұрынғы күнәларының барлығы кешіріледі”, – деп уәде берген болатын.

 

Бұл түні адамдардың сырын да, шынын да білетін бір Алла олардың бір жылғы тағдырын да, ризығын да белгілейтін болады. Және де жақсы мен жаманның, өмір мен өлімнің арасы ажыратылып, бәрі де айқындалады. Әрине, тағдыр өлшемі бекітілетін мұндай түнде әр адам бұл дүниеде тура жолдан таймау, ал ақыретте бақытқа бөлену үшін барынша көбірек амал жасауға ұмтылса игі. Бұл түнгі құлшылық мың айға татитынын баршамыз білеміз. Құранда да, хадисте де айтылған Қадір түні туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Рамазан айы кірді. Бұл айда мың айдан да қадірлі түн бар”, – деген екен. Есептесек, мың ай дегеніміз – 83 жыл 4 ай. Ендеше Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең.

Періштелер жерге түсетін және ауыздан шыққан дұға қабыл болатын Қадір түні, шынында да, таңғажайып! Алла тағала: “Сол түні Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер мен Жәбірейіл (ғ.с.) түседі”, – деген (“Қадір” сүресі, 4-аят). Бұл түні періштелер түсіп, Жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жерге түсуі, сөз жоқ, Қадір түнінің маңыздылығын анық аңғартады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса өз хадисінде былай деген: “Қадір түні Рамазан айының 27-ші түніне сәйкес келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі ұсақ тастардан да көп болады”.

Қадір түнінің бұдан басқа да артықшылығы аз емес. Мәселен, Алла тағаланың мейірімі молынан төгіліп, тәубе қылғандардікі қабыл болмақ. Бұл таң атқанша тыныштық орнайды. Жаратушы Иемізге шынайы жалбарынып, ғафу өтінуші пенденің бар күнәсі кешіріледі. Сөйтіп, жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік туады. Мұның бәрін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі растайды: “Бұл түнде Алла тағала кез келген тәубе етушінің жасаған тәубесін қабыл алады. Күн батқаннан таң атқанға дейін аспан есіктері айқара ашылады”.

Бұл түні ғибадат етуді барынша арттырған құба-құп. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: “Бұл түні шайтан таң атқанға дейін адамдарды жамандыққа сүйреуге шыға алмайды. Тіпті, ешкімге кесірін тигізіп, жамандық жасай алмайды. Сиқыршының да сиқыры іске аспай қалады”, – деген болатын. Ал қасиетті Құранда: “Ол түні таң атқанға дейін тыныштық-амандық болады”, – делінген (“Қадір” сүресі, 5-аят). Иә, бұл түні шайтандар жамандық жасай алмайды, Жер бетінде періштелер алшаңдайды. Сондықтан бұл түнді айырықша ғибадатпен өткізген дұрыс. Атап айтқанда, Құран, намаз оқып, Жаратушыға зікір етіп, уағыз-насихат тыңдап, тәубемен өткізген орынды. Дін жолына жаңадан түскендерге құлшылықтың қажеттілігін түсіндіру артық болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиет еткеніндей, “Алла, Сен өте кешірімді, жомартсың, кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре гөр”, – деген дұғаны Қадір түнінде айтқан абзал.

Адам баласы жалған дүниенің жылтырағына, нәпсіге тез берілгіш, соның салдарынан шайтанның қақпанына тұтылып қалып жатады. Сондықтан да Жаратқан Иеміз адам баласына құлшылығын арттырсын деп Қадір түнін сыйға тартқан. Оны мың айдан да қайырлы етіп бергені де содан. Осындай теңдесіз түнде өзіміз, отбасымыз және адамзат үшін дұға етуіміз қажет.

Баршаңызды Қадір түнімен құттықтап, осы түннің татулыққа, бақытқа және шаттыққа дәнекер болуын Алла тағаладан сұраймыз.

Кенжетай қажы БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,

ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.