САЛАФИЗМ — ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА ТӨНГЕН ҚАУІП

Печать

Елімізде соңғы жылдары бірнеше лаңкестік оқиғалар тіркелді. Мұндай қанды қылмысқа салафизм ағымында жүргендердің қатысы бары анықталды. Бір сөзбен айтқанда, салафизм ағымы – зайырлы мемлекет ұстанымын теріске шығарып, азаматтардың бостандығына, ішкі тұрақтылық пен ұлттық құндылықтарға қауіп төндіріп отыр.

argaiv1582

Салафизм идеологиясымен көптеген мемлекеттер күресуде. Атап айтар болсақ, Тәжікстан, Өзбекстан, Дағыстан секілді елдерде салафизм ағымының жұмысына заңмен тыйым салынған. Осы теріс ағымның өкілдері ежелден қалыптасқан дәстүрлі ұғымдарды, елдің тірегі болып саналатын ұлттық-рухани құндылықтарды, салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен тарихымызды жоққа шығарғысы келеді. Олар бүгінгі қоғамның беталысына түбегейлі қарсылық көрсетіп, жақтастарын шариғат заңымен басқарылмайтын мемлекеттерді мойындамау және бағынбауға шақырып, “дінсіз мемлекетпен” күресуге үгіттеп, қоғамда үлкен алауыздық тудыруға тырысуда.

Салафизм өкілдері дәстүрлі діннің қиянат жасауға қарсы екендігіне мән бермейді. Санасы уланғандар бүгінгі күні билікке, басшыға, ата-анаға қарсы шығып, оларды “кәпір” деп айыптайды.

Қасиетті Құранда: “Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешелеріңе жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға “түһ” деп те айтпа”, – деп айтылған. Ал хадисте: “Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!” – дейді. Дана халқымыздың атадан балаға мирас болған ежелгі салт-дәстүрі де әке-шешені құрметтеуге міндеттейді. Сондықтан салафизм бағытында жүргендер ата-ананы кәпірге балау арқылы қатты қателеседі. Олар шариғат талаптарын қатаң ұстанбайтын елді кәпірстанға балап, жастарды ол жерден мұсылман мемлекетіне міндетті түрде көшуге үгіттейді. Бұған қоса, салафиттер салт-дәстүрімізді жоққа шығару арқылы өзінің ұстанымында болмағандармен амандаспайды, келіннің үлкенге иіліп сәлем беруін шірік деп санайды, аруақтарға Құран бағыштамайды. Олардың мұндай бассыздықтары елін, жерін, Отанын, тілін, дінін, дәстүрін сыйламайтын жастардың көбеюіне ықпал етуде. Осындай санамен өскен жас ұрпақ ертеңгі күні Отанын, дінін қызғыштай қорғауға құлықсыз болары анық. Ондай елдің болашағының баянды әрі мәңгі болуы да екіталай.

Сондықтан салафизм жетегінде кеткен жастарымызды ойларынан қайтаруға, оларға дұрыс бағыт-бағдар беруге бүкіл ел болып жұмылуымыз қажет.

Раушан АМАНТАЙ,

халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығының жетекші сарапшысы.