Солтүстік Қазақстан газеті

Білім

САН ҚЫРАНДЫ САМҒАТҚАН ҰЯ – 80 жылдық тарихы бар мектеп

Печать PDF
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.

Шал ақын ауданының Ы.Ыбыраев ауылындағы мектеп шежіресіне көз жүгіртетін болсақ, осыдан сексен жыл бұрын ауылда бастауыш мектеп қана болыпты. Оның ғимараты бір байдың тәркіленген үйі екен. Онда Сәдуақас Жандосов деген азамат мұғалім болған көрінеді.
Өсіп келе жатқан ұжымдық шаруашылық орталығына аталмыш мектеп үйі тарлық етеді. Соған орай ұжымшар басқармасы жаңа ғимарат салу жөнінде шешім қабылдайды. Көкшетаудың Зеренді өңірінен келісім бойынша әкелінген қарағайдан жаңа мектеп үйі бой көтереді. Соның арқасында 1933-34 оқу жылында – төртжылдық, 1938-39 оқу жылында жетіжылдық мектепке айналады. Оның жанынан интернат ашылып, осы жылдары оқушылар саны 500-ге дейін жетеді.
1942 жылы Ленин орта мектебі өзінің алғашқы 10 түлегіне өмірге жолдама береді. 1971-72 оқу жылында мектеп қазіргі 3 қабатты ғимаратқа көшіпті. 1980 жылы мектеп жанында екі қабатты интернат үйі салынған. Оны әр жылдары Сейтпи Сейітбеков, Шияп Садықов, Сейтен Сауытбеков, Қайрош Қоспанов, Құрмаш Баязиев, Шекен Қасымов, Бәзира Рақымберлина сынды азаматтар басқарған. Қазіргі директоры – Есен Баржақсин.
Мектеп ұжымы әр жылдардағы түлектері – дипломат Сәлім Құрманғожинді, Президенттің “Бейбітшілік және рухани татулық” сыйлығының иегері, қазақ, орыс және неміс тілдерінде бірдей жазатын белгілі қаламгер, аудармашы Герольд Бельгерді, жазушы Ермек Қонарбаевты, ақын Жарасбай Нұрқановты, қоғам қайраткерлері Анатолий Шаловты, Мәркен Ахметбековті, Уәп Латановты, полиция генералы Әлімжан Ахмединді, полковниктер Қоблан Хамзинді, Серік Балахметовті, Думан Таевты, ғалымдар Думан Нұрғалиевті, Болат Құсайыновты, Еңлік Жұматаеваны, Ұлан Әлмішевті мақтан етеді.
1947 жылы ұстаз Нұрсұлу Құсайынова ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланса, 3 маман республикаға еңбек сіңірген мұғалім атағын иеленген.
1946 жылдан осы күнге дейін мектепті алтын және күміс медальдармен бітіргендер саны 39-ға жетіп отыр.
Бұл күндері мектеп осы білім ордасын 1957 жылы күміс медальмен аяқтаған, партия және кеңес қызметкері болған Мәркен Ахметбеков есімімен аталады. Онда 25 мұғалім еңбек етеді, оның 21-і – жоғары және бірінші санатты ұстаздар. Білім беру ошағының 10 қызметкері ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 5 мұғалім Алғыс хатымен марапатталыпты, 3 ұстаз облыс әкімінің 1-ші және 2-ші дәрежелі сыйлығы мен Құрмет грамотасына ие болған.
Ұстаздардың біліктілігін арттыруына, шығармашылықпен жұ-мыс істеуіне, озат тәжірибе жинақтауына мектеп директоры Есен Баржақсин, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Байбатырова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анар Уәпова жете көңіл бөледі. Атал-мыш ұжым ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған ІІІ республикалық “Білім ұясы” байқауының “Жалпы білім беретін үздік мектеп” атауына қатысып, Алғыс хатпен марапатталыпты. Ал мектеп директоры Есен Баржақсин осы байқаудың облыстық кезеңінде “Шығармашыл тұлға” атауының жеңімпазы атанған.
Мектеп ұжымында жаңа технологиямен жұмыс істеуге бар күш-жігерін жұмсап жүрген ұстаздар аз емес. Солардың бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰМУ-дің 1985 жылғы түлегі, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің маманы Зейнегүл Баяхметова. Осыдан он жыл бұрын “ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері” атанған Зейнегүл Қабдоллақызы әріптестеріне ашық сабақтар өткізуде, оқушыларды ҰБТ-ға әзірлеуде, шәкірттерді әртүрлі байқауларға даярлауда лайықты құрметке бөленіп жүр. Педагогикалық қызметте жинаған мол тәжірибесі үшін оның есімі биыл республикалық Құрмет кітабына енгізілді.
Ұлағатты ұстаздардан білім алған шәкірттер де аудандық, облыстық түрлі байқауларға үзбей қатысып келеді. Мысалы, 5-сынып оқушысы Әлина Нұртазина облыстық Мағжан оқуларының, 9-сынып оқушысы Әйгерім Фазыл Абай оқуларының жеңімпазы атанса, 10-сынып оқушысы Айсұлу Қасымова Ғ.Мүсіреповтің 110 жылдығына арналған “Қаламгер сөзі – өмірдің көзі” көркемсөз оқу сайысының жүлдегері атанды. Пән олимпиадаларынан да жүлде олжалаған шәкірттер аз емес.
Оқу орнында дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері Сейілхан Шаяхметов пен Нұрболат Әбілмәжіновтің басшылығымен шахмат, тоғызқұмалақ, футбол, волейбол, күрес секциялары жұмыс істейді. Оқушылардан құрылған командалар аудандық сайыстарда тек жүлделі орындардан көрініп жүр.
Мектеп түлектері биылғы ҰБТ-да орташа 88,7 балл жинады. Сынаққа қатысқан 9 оқушының 2-еуі – ЖОО-ға, 5-еуі орта арнаулы оқу орнына грантпен түсті.
Осыдан екі жыл бұрын “Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша қомақты қаржы бөлініп, мектеп ғимаратының іші-сырты мен шатыры күрделі жөндеуден өткізіле бастаған еді. Жаңа оқу жылына дейін бұл қомақты жұмыс толығымен аяқталды. Қазіргі кезеңде мектепте заманауи талаптарға сай ақпараттану, мультимедиалық, физика, биология кабинеттері жұмыс істейді. Мекеме басшыларының айтуына қарағанда, ұжымда өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалған.
СУРЕТТЕРДЕ: үздік ұстаз З. Баяхметова; мектеп ғимараты.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРУ АРНАСЫНДА

Печать PDF

Үстіміздегі жылы ұстаздар қауымы өздерінің кәсіби мерекесін жоғары қоғамдық-саяси белсенділік жағдайында қарсы алып отыр. Елбасы “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласында атап көрсеткеніндей, ұлттық білім беру жүйесін табысты жаңарту барлық жаңғырту үдерісінің тиімділігінің негізгі факторларының бірі болып табылады.  

argaiv1087

Орал ҚАППАСОВ,
облыстық білім басқармасының бастығы.

Бүгінгі күні біз білім қоғамымызды ілгері жылжытатын зияткерлік қозғалтқыш болып табылатын жарқын да тұрақты болашақтың табалдырығында тұрмыз.
Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына тек білім арқылы қол жеткізе аламыз. Осыны түсіну, біріншіден, білім бастауында тұрған, өз білімдерін тәрбиеленушілерінің бойына сіңірген педагогтердің мерекелік көңіл күйіне ерекше рең берсе, екіншіден, еліміз бен жұртымыздың алдында кәсіби парызымызды тиісті деңгейде атқаруға зор жауапкершілік жүктейді. Кәсіби мереке еңбекте жеткен сүбелі жетістіктерің болса, қуаныш пен қанағаттану сезімін сыйлары хақ. Облыс педагогтерінің көтеріңкі көңіл күйде болуына барлық негіз бар.
Облыстың білім беру саласындағы оң өзгерістер 2010-2014 жылдарға арналған мектепке дейінгі білім беруді дамытудың “Балапан” және білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру барысына байланысты. Білім беру нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Үстіміздегі жылы Есіл ауданындағы Тауағаш ауылында 90 орындық мектеп бой көтеріп, Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылында 80 орындық негізгі мектептің және облыс орталығында 120 орынға шақталған жатақханасы бар 720 балаға арналған Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы жүріп жатыр.
12 жылдық білім беру үлгісіне көшуге дайындық барысында Айыртау, Есіл аудандарының Саумалкөл және Николаевка орта мектептері негізінде тірек мектептер ашылды.
Елбасының тікелей тапсырмасымен бастау алған “Балапан” бағдарламасы табысты орындалу үстінде. Оның мақсаты – мектеп жасына дейінгі барлық балаларды білім берумен қамту. Мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту қарқыны мен ауқымы көрсетіп отырғандай, бұл міндетті 2015 жылы толық орындап шығуға мүмкіндік бар.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы орта білім беруді жаңғыртудың негізі мен іргетасы болып табылады. Бүгінгі күні облыста 900-ге тарта жаңа үлгідегі кабинеттер бар, мектептердің 51%-ы интерактивті тақталар мен лингофондық-мультимедиалық кабинеттермен жабдықталған. Оқу үдерісінде ақпараттық-коммуникативтік технологиялар алдыңғы қатарға шығарылады.
Білім беруді жаңғыртуды мұғалімнің белсенді араласуынсыз елестету мүмкін емес. Мұғалім мен мектеп екеуін бөле-жара қарауға болмайды, оларсыз білім беруді қайта құру, еліміздің бо-лашақ азаматтарын тәрбиелеу мен қалыптастыру мүмкін емес. Педагог мәртебесі мен маман-дықтың беделін арттыру – қолданыстағы бағдарламаның басым бағыты, бұл ұстаздар біліктілігін арттыру және даярлау жүйесіндегі түбегейлі өзгерістерді қарастырады.
Бүгінгі кезеңде мүлдем жаңа құрылымдар – Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Ұлттық біліктілікті арттыру орталықтарының жанында педагогикалық шеберлік орталықтары жұмыс істейді. Әлемдік үздік тәжірибе негізінде әзірленген педагогтерді қайта даярлаудың 3 деңгейлі бағдарламасы енгізілуде.
Бізде жаңғырту мен инновация үдерістерінің нәтижелері айқын байқалатын, өскелең ұрпақты оқытудың жоғары сапасына қол жеткізіп жүрген педагогикалық ұжымдар аз емес.
Бұлар: облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты (директоры Бақытжан Омаров), облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” лицейі (директоры Константин Рыб), Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат (директоры Күлжан Төкенова), Тайынша ауданындағы Алабота орта мектебі (директоры Мархаба Ақтаева), Талшық орта мектебі (директоры Болат Зәкенов), Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі (директоры Нағима Тәженова), Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжі (директоры Жеңіс Әбілмәжінов), Петропавл қаласындағы №1 кәсіптік лицей (директоры Жеңіс Бабжанов); балабақшалар: “Нұрбөбек” (меңгерушісі Ольга Осипова), Петропавл қаласындағы “Болашақ” (меңгерушісі Гүлнар Сатина), Тайынша қаласындағы “Болашақ” (меңгерушісі Ботагөз Алпысова), облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы (директоры Владимир Новик), Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубы (директор Владимир Ташков) және басқалары.
Жинақтаған тәжірибе мен бұрынғы жетістіктерімізге сүйене отырып, жаңару арнасындағы біздің саланың қарқынды алға жылжуын жалғастыру үшін білім беру қызметкерлерінің алдағы міндеттері қандай болмақ?
Қаржыландырудың жаңа үлгісін енгізу, педагог қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін көтеру, білім берудегі менеджментті және жоғары білікті кадрларды даярлауды жетілдіру – бұл таяудағы жылдардағы дамудың негізгі басымдықтары.
Егер мәселеге кәсіби көзқараспен келетін болсақ, мұғалім өзінің қызметін тәрбие мен оқытудың сапасын арттырумен дәстүрлі түрде байланыстыруды негізгі борышы санайды. Алайда, егер мұғалімдікті оңтайлы қоғамдық-саяси күш ретінде, яғни азаматтық парыз ұстанымы ретінде қарастыратын болсақ, онда педагогтердің өз елінің тағдыры үшін жауапкершілігі айтарлықтай кеңи түседі.
Бұл ретте біздің жалпы рухани құндылықтарымыз, мәдени-білім беру жетістіктеріміз туралы сөз болып отыр, оларды қорғап және сақтап қана қоймай, сонымен қатар көбейтіп, жаһандық көлемде жан-жақты алға бастыруымыз қажет.
Ұлттық білім беру жүйесінің пішіні анық байқалған қазіргі заман жағдайларында тұлғаны дамыту үдерісі ретінде тәрбиеге мүдделілік қайтадан артып отыр. Мұғалім мен оқушының тұлғалық-бағдарлық қарым-қатынасы оның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Тұлғаның рухани тәрбиесіне, адамның адамгершілік бейнесін қалыптастыруға ерекше орын беріледі. Бүкіл қоғамды біріктіретін мемлекеттік тілді оқыту сапасын арттыру ерекше назар аударуды қажет етеді. Өндіріс, әлеумет, отбасы, мектеп білім беру факторларын бұдан әрі де интеграциялау көзделіп отыр.
Кәсіби және техникалық білім беру инфрақұрылымдары жақсартылуда. Өндірістен қол үзе отырып, маманның өндірісте бетпе-бет келетін технологиялары мен жабдықтарын меңгермей, бүгінгі өз ісінің шеберін даярлау мүмкін еместігі ешкімнің де күмәнін тудырмайды.
2020 жылға дейін еліміздің білім беру жүйесі халықаралық стандарттармен бекітілген адами капиталды дамыту деңгейі және жоғары білім сапасы түріндегі нәтижелерге қол жеткізетін болады. Бұл бізден шығармашылық қуат пен кәсіби шеберлікті қажет етеді және ол бір күннің немесе жылдың жұмысы емес екендігі түсінікті жағдай.
Облыс педагогтерінің білім беруді жаңғырту бойынша толық мөлшерде белгіленген бағдарламалық мақсаттарды өмір шындығына айналдыру үшін ғылыми-әдістемелік және шығарма-шылық әлеуеті, оң тәжірибеде қалыптасқан жоғары кәсіби шеберлігі жеткілікті.

Страница 103 из 103