Солтүстік Қазақстан газеті

"Мағжан"

“АБАЙ ЖОЛЫН” ҚОРҒАУДА АЙТЫЛҒАН АДАМДЫҚ СӨЗ

Печать PDF
Қасым НҰРҒАЛИЕВ,
ақын, Дәуқара ОМ-нің
мұғалімі, Мағжан,
Қожаберген жырау
мүшәйраларының

жүлдегері.

argaiv1934

Жел сөздерден ісердей боп алқымы,
Сөйлеп жатыр бәз біреулер алқына.
Екі тәулік болды, міне, осымен,
“Абай жолы” түскеніне талқыға.
Жағымпаздар шешенсуде жай қалмай,
Жайшылықта жүретұғын байқалмай,
Күмілжиді әлденеден көпшілік
Көкейдегі келген сөзді айта алмай.
Пір тұтса да сөз абызы Абайды,
Күдікті ойлар жан-жағынан қамайды.
Ақиқаттың айтамын деп арызын,
Көзі көрген аузы күйген талайды.
Аталы сөз айтар болсаң тоқтар кім?
Ізсіз-түзсіз кете барсаң жоқтар кім?
Тозақтағы Қылкөпірде тұрғандай
Халі мүшкіл байқағанға Мұхтардың.
Бір пенде жоқ ара түскен, ақтаған,
Басшы да үнсіз жай кездерде мақтаған.
Есесіне “сыншы” менен мінші көп,
Күншілдігін көлеңкеде сақтаған.
Достар да отыр орындықта құрысып,
Үндемеу ме осындайда дұрысы?
Жақ ашпайды кесетіндей тілдерін,
Жалаң қаққан саясаттың қылышы.
Жаны тілеп туып кетер жанжалды,
Аңдып отыр “үндемес” те әр жанды.
Сонау жылы “Бұлар – халық жауы” деп,
Соттатқызған Бейімбет пен Мағжанды.
Сынап отыр қасың түгіл досың да,
Жағдай емес бұл бір болған тосын да.
Сәкен менен Ілиястай біртуар,
Қаламгерлер қараланған осында.
Келсе- дағы амалсыздан жиналып,
Көбі отыр өз-өзінен қиналып.
Ар-ожданның жалынына шарпылып,
Сезінгендей Мұхтар кешкен күйді анық.
Жүйке қалай сыр берместен төзе алды,
Тұманданды талай жанның көз алды.
Жанарында жалын ойнап жасындай,
Қаймықпастан Ғабит бір кез сөз алды.
– “Азамат деп санар болсаң өзіңді,
Болу керек парасатты сезім бір.
Тараймыз ба ұят жүгін арқалап,
Айта алмай Адамдықтың сөзін бір?
Адамдықтың тайдырам деп сертінен,
Абайға да талай жауыз дерт ілген.
Ақын жанын өсек сөзбен шабақтап,
Ет кескендей болған талай етінен.
Абай тілі – сенің осы тіліңде,
Абай сөзі – ой-санаңда, діліңде.
“Абай жолы” – қазағымның болмысы,
Аспандатар ел мерейін түбінде.
Алаш дертін асыл сөзбен емдеген,
Абайдайын біртуар жан кемде-кем.
Ұлы Абаймен ұлт бейнесін танытқан,
Ұлықтайық Әуезовтің еңбегін.
Жақтас болып кедей менен кәріпке,
Заман сырын ұға білген көріпкел.
Жазса Мұхтар, жазды дана Абайды,
Жазған жоқ қой бай-манапты дәріптеп.
Бар ғұмырын арнап өткен халқына,
Абай деген – теңдесі жоқ нар тұлға.
Ұғар болсақ “Абай жолын” емес біз,
Ұлы Абайды салғандаймыз талқыға.
“Абай жолын” сақтап қалып талқыдан,
Алғыс алған сөз зергері халқынан.
Адамдық сөз Ғабең айтқан аңыз боп,
Алты Алашқа тарап кеткен артынан.

br /

КӨТЕРДІҢ КӨККЕ ЕЛІҢДІ (Ғабит Мүсіреповке)

Печать PDF
Кәкімбек САЛЫҚОВ,
Қазақстан Республикасының

еңбек сіңірген қайраткері, ақын.

Аулыңа келдік тағы да,
Ардақты Ғабит ағамыз.
Туған жердің бағына,
Асқақтай түсті бағаңыз.

Жарқырап тұр алтын күз,
Тойыңа шашу шашқандай.
Мұражайыңды да көрдік біз,
Тарихқа таңба басқандай.
Тәуелсіз ел боп жаңардық,
Жаңғырды жазған хатың да.
Мәңгілік есте қаларлық
Аудан бар сенің атыңда.

Айналды бейнең мүсінге,
Еңбегің елге танылды.
Рухың бар оның ішінде,
Тасқа да жұлдыз тағылды.

Бүкіл ел саған болды үндес,
Орындап асыл ойыңды:
Ұлпанға да көк күмбез,
Айшықты белгі қойылды.

Етеді мақтан жамағат,
Көтердің көкке еліңді:
Еңбек ері деген ат,
Тек саған үздік берілді.
Құрмет көп сендей асылға,
Сәні сол өмір көшінің.
Мұхтар мен Сәбит қасында,
Сақталар мәңгі есімің.

Туған ел ұран етеді,
Шындықтан өтсең бұлтармай.
Бар қазақ сүйіп өтеді,
Есеней мен Ұлпандай.

29. 09. 2012.
Қызылжар – Жаңажол.

Страница 44 из 44