Солтүстік Қазақстан газеті

Құқық

КАПИТАН ЖҮКЕНОВ – болашағы зор қызметкер

Печать PDF

argaiv1208

Динара САҒЫНДЫҚОВА, 

СҚО ІІД баспасөз қызметінің аға инспекторы.

Ертең – Қылмыстық іздестіру күні. Алайда, осындай атаулы мерекеде де жедел уәкілдерге тыным жоқ. Олар демалыстың не екенін ұмытқан жандар десек, артық айтқандығымыз емес. Мүліктік қылмыстар бөлімінің бастығы, полиция капитаны Әсет Жүкенов мереке күні өзге әріптестерімен бірге салтанатты шарадан соң әдеттегідей кезекті қылмыс оқиғасы орнына аттанады.
Әсет бала кезінде полицей емес, алыс сапарларға аттанатын көлік жүргізушісі болуды армандапты. Жол жүруді көңілі қалап, саяхатқа шығуды аңсаған. Бүгінде жас маман өзге саланы таңдаса да, балалық шақтағы арманының басқа қырынан орындалғанына қуанышты. Жедел қызметте жүрген кезінде барлық Қазақстан аумағы мен Ресейдің ірі қалаларын аралап шыққан. Тіпті, жұмыс бабымен Солтүстік мұзды мұхит жағалауында да болып қайтқан. Әрине, қылмыскерлерді қолға түсіру мақсатында. Полицей 2009 жылы Ресейдің Дондағы Ростов қаласына сапарын әлі ұмытқан жоқ. Өйткені, сол кезде Әсет Жүкенов Қызылжар АІІБ тергеу тобының жедел уәкілі қызметіне жаңадан тағайындалып, оған жауапты істер тапсырылған болатын. Петропавл қаласының тұрғыны қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 10 жылға жуық уақыт бойы іздеуде болған. Әсет осы істі мұқият қарастырып, қылмыскерді туысқандары арқылы табу мақсатында Мәскеуге дейін барған. Бірақ осындағы және өзге қалалардағы іздестіру жұмыстары еш нәтиже бермей қойған. Кейін операция қайта жалғасып, ақыры қылмыскер Көкшетау қаласында қолға түсті.
Бүгінде мүліктік қылмыстарды ашу жөніндегі бөлім қарақшылық шабуыл, ұрлық, тонау, алаяқтық сияқты қылмыстарды қарастырады. Биылдың өзінде үш жарым мыңнан артық ұрлық тіркелген. Қылмыстардың жалпы санының 80 пайызын мүліктік қылмыстар құрайды, ал оларды ашу оңай жұмыс емес. Әсет Жүкенов сияқты білікті мамандардың басшылығымен бө-лімде кәсіби жедел уәкілдер жұмыс істейді. Өткен жеті жылдың ішінде ашылған қылмыстар санында шек жоқ.
Соңғы кезде белең алған алаяқтық қылмыстарын ашу да оңайға түспепті. Ұялы телефон арқылы хабарласып, алдап-арбау арқылы зейнеткерлердің ақшасын иемденген ер адамды анықтау біраз уақытқа созылғанымен, тәжірибелі полицейлер қылмыстық іске нүкте қойды. Әсет әріпестері Ерлан Арынғазиновпен, Александр Синягинмен бірге қылмыскердің соңына түсіп, ақыры оны құрықтаған. Жыл басынан бері алаяқтыққа қатысты 250 қылмыс тіркелген. “Жедел уәкілге ең бастысы – өз қызметін сүю”, – дейді Әсет Жүкенов. Ол өзінің еңбексүйгіштігі арқасында жоғары жетістіктерге жетіп, 2008 жылы жас маман бола тұрып, жыл қорытындысы бойынша ең үздік жедел уәкіл атанған.
“Капитан Жүкенов – болашағы зор қызметкер, жауапты, оның бойында жедел уәкілге тән барлық қасиеттер бар”, – дейді СҚО ІІД криминалдық полиция басқар-масының бастығы Қанат Айтбаев.

ТҮНГІ МЕКЕМЕЛЕРГЕ РЕЙДТЕР

Печать PDF

Жуырда Петропавлда есірткі заттарын қолдану, жасөспірімдер қылмысын анықтау, кәмелетке толмағандарға ішімдік, темекі өнімдерін сату фактілерін айқындау және олардың ойын-сауық мекемелері мен ата-аналарының қарауынсыз көшеде жүрулерінің алдын алуға арналған рейд өткізілді.

Андрей ФРОЛОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Рейд барысында қаланың адам ең көп жиналатын “Шен” караоке-бары, “Олимп”, “Ностальжи”, “Фантазия” дәмханалары, “Блюз” мейрамханасы, “Эмират”, “Парксити” түнгі клубы сияқты ойын-сауық орындары тексерілді.
“Парк-Сити” түнгі клубына келушілердің құжаттарын тексеру кезінде ішімдік ішіп отырған 19-20 шамасындағы жастар анықталды. Петропавл қаласының ІІБ 21 жасқа толмағандарға алкогольдік ішімдік сатқаны үшін мекеме басшысын жауапкершілікке тарту туралы әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде хаттама толтырды. Сонымен қатар “Фантазия” дәмханасында 1995 жылы туған Ольга есімді қыздың құжаты болмай шықты. Анықтай келе, оның СҚМУ жанындағы колледждің оқушысы екендігі белгілі болды.
Ата-ана қарауынсыз бетімен жүргендер де табылды.
Тексеру барысында Петропавлдағы ойын-сауық орындарының бірде-бірі СҚО ІІД-нің Жедел басқару орталығындағы сырттан бақылау камераларына қосылмағандығы анықталды. Барлық ойын-сауық мекемелерінің иелеріне өздерінің аумағын және оған жақын жерлерді ұлғайтып көрсететін бейнебақылау қою керектігі жөнінде ескертілген болатын. Театр көшесінде орналасқан “Блюз” дәмханасы экономикалық-техникалық білім кешенінің гуманитарлық колледжінен небары 32 метр жерде тұр. Талап бойынша ішімдік өнімдерін сататын ғимараттар мен білім беру ұйымдары немесе балалар мекемелерінің қоршауларының арасы 100 метрден артық болуы керек.

АЗАМАТТАРДЫҢ ШАҒЫМДАРЫН УАҚТЫЛЫ ҚАРАСТЫРМАҒАН 252 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды

Печать PDF

№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Өңір басшысы Серік Біләловтің төрағалық етуімен облыстық әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Алдымен мемлекеттік органдардағы есепке алу-тіркеу тәртібін, сонымен бірге “Жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарастыру тәртібі туралы” заңды сақтау мәселесі қарастырылды. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқарма бастығының орынбасары Асан Мәткәрімовтің айтуынша, өткен алты айда 48 тексеріс өтіп, аудандық және қалалық әкімдіктерде 28 мониторинг жүргізілген. Соның нәтижесінде 369 заң бұзушылық анықталыпты. Ұсынымдар мен ақпараттарды қарастыру барысында 252 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылған. Әкімдіктерде негізінен мынадай кемшіліктер байқалған: жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын мәліметтер базасына уақтылы және дұрыс енгізбеген; ай сайын ақпарат ұсынбаған; қала, аудан және ауыл әкімдері азаматтарды жеке қабылдауды жүргізбеген. Өткен мерзімде 235 шағым уақтылы қарастырылмаған. Бұған негізінен Айыртау, Ақжар, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы және Тимирязев аудандары жол беріп отыр.
Жол полициясы органдары қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде СҚО ІІД ЖПБ бастығы Ақпан Дүкетбаев хабарлама жасады. 2012 жылдың 8 айында жол полицейлері үстінен 300-ден астам жасырын тексеріс жүргізіліп, 72 заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде 19 адам тәртіптік жазаға тартылған. Бұдан басқа бүгінгі күні жол полицейлерінің патрульдік көліктеріне бейне-тіркеу орнатылған. Бұл құрал автокөліктің іші-сыртынан бейнежазба жүргізіп, сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Қазір жол полициясы басқармасында 54 инспектордың орны бос тұр. Бірақ Ақпан Дүкетбаевтың айтуынша, үміткерлер бар, оларды қызметке алу үшін іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Аттестаттау қорытындысы бойынша 4 жол полицейі дене салмақтарының артық мөлшерде болуына байланысты (100 килограмнан жоғары) жұмыстан кеткен. Сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша қолға түскендері де, олардың тікелей басшылары да жауапқа тартылыпты. Облыс орталығына орнатылған жылдамдық өлшеуіштер бойынша жолда жүру ережесін бұзған жүргізушілерге 120 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. “Қазір соның 50 миллионы өндірілді. Ресейден келіп, тәртіп бұзғандармен сот орындаушылары жұмыс жүргізуде. Келесі жылы Петропавлда осындай тағы үш құрылғы орнату жоспарда бар”, – деді СҚО ІІД бастығы Мұрат Ұрұмханов.
Отырыста Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімдері жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша қабылдаған шаралары және осы мәселемен айналысатын өңірлік комиссияның атқарған жұмысы туралы есеп берді.

ЕСІРІП ЕЛІК АТҚАНДАР жануарлар әлеміне 323 600 теңге көлемінде зиян келтірді

Печать PDF

№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл

Олег БЕСПАЛОВ,
облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы бастығының м.а.

Аумақтық орман және аңшылық шаруашылығының қызметкерлері жүргізген рейдтік шаралар барысында заңсыз аңшылықты кәсіп етіп жүрген браконьерлерді ұстады. Жамбыл ауданының Есперлі елді мекенінің аумағында Петропавл қаласының төрт тұрғыны қанды қасап жасапты. Айғақ ретінде олардың мініп келген “Ауди-80” автокөлігінен екі сібір елігінің еті, үш аңшы мылтығы тәркіленді.
Бұл фактілер бойынша жалпы келтірілген зиян 323 мың теңгеден астам соманы құрайды. Жамбыл АІІБ-нің шақырылған жедел-тергеу тобы браконьерлерді аудандық бөлімге жеткізді. Заңсыз аңшылықпен айналысқан аңшылар ешқайда кетпеу жөнінде қолхат толтырды. Осы фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұған дейін, орман және аңшылық шаруашылығының мамандары “Тимирязев” резервтік қорының аумағында “ВАЗ-2107” автокөлігін тоқтатып, оның артқы жүксалғышынан екі еліктің етін тапты. Көлік иесінде еліктерді атуға рұқсат беретін құжаттары болған жоқ. Сөйтіп, Тимирязев ауданының аумағында заңсыз аңшылық жасау фактісі бойынша әшкереленген Новоишимка және Қайранкөл ауылдарының тұрғындары жануарлар әлеміне 323 600 теңге көлемінде зиян келтірді.
Заң бұзушылардан тәркіленген қару-жарақтары, айғақ заттарының бәрі Тимирязев аудандық ішкі істер бөліміне өткізіліп, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр.

ҚЫМБАТ КӨЛІК АЛАМЫЗ ДЕГЕНДЕР тағы бір алаяқтың құрбаны болды

Печать PDF

№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл

Қалалық ІІБ 1-ші полиция бөлімінің қызметкерлері бірнеше петропавлдыққа қатыс ты алаяқтық жасаған Ресей азаматын құрықтады.
Бұл қылмыстың даму барысы қарабайыр: 33 жастағы қала тұрғыны көлік айдап әкелумен айналысқан. Тіркелген жеке кәсіпкерлік құжаттары, екі жақты міндеттер көрсетілген келісімшарттар – мұның бәрі АҚШ-тан көлік алуды аңсаушылардың ешбір күмәнін тудырмау үшін жасалған кезекті алаяқтың әрекеті болған. Пысық жігіт клиенттерінен әрбір көлік үшін 2-ден 9 миллион теңге сомаға дейін қаржы жинаған. Осылайша он адамды алдап соққан алаяқ ақыры із-түзсіз тайып тұрған. Еш нәрседен күмәні жоқ жәбірленушілер келісімшартта көрсетілген мерзім бойы күткенімен, алаяқтың құрбаны болғандарын сезініп, полицияға шағымданған.
Іздеуге жарияланған жігіт ақыры табылды. Ол Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде қолға түсті. Қазір күдікті облыс орталығына жеткізіліп, тергеу оқшаулағышына қамалды.

СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.

ҚОШ БОЛ, ҚАРУ!

Печать PDF

№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл

Жедел-алдын алу шарасы барысында полицейлер заңсыз қару сақтаудың екі фактісін әшкереледі.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары түскен ақпарат бойынша облыс орталығында тексеріс шарасын жүргізу нәтижесінде “Рахат” ЖШС-нің сауда өкілінің жалға алған жеке тұрғын үйінен зауыттық нөмірі жоқ “Револьвер” пистолеті, 29 гильза, 2 оқ табылды. 43 жастағы Петропавл қаласы тұрғынының айтуынша, бұл оққаруды ол өзі жалдап тұратын Ленинград көшесінде орналасқан жер үйден тауып алған. Қазір сараптама жұмыстары жүргізілуде.
Заңсыз қару сақтау оқиғасы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Чистополье ауылында екінші мәрте тіркеліп отыр. Учаскелік инспектор Болат Садупов осы ауылдың бір тұрғынының қора-қопсысын тексеру кезінде жасырулы тұрған шолақ мылтықты тауып алған. Сараптама қорытындысына сәйкес бұл “ИЖ” маркалы қарудың негізінде жасалған атуға жарамды 16 калибрлі шолақ мылтық болып шықты. Бұған дейінгі заңсыз қару ұстау фактісі де Болат Садуповтың қырағылығы нәтижесінде анықталған. Ауылдың тағы бір тұрғыны аңшы мылтығының оқпанын үйде сақтаған. Осыған орай әкімшілік іс қозғалып, ауыл азаматы сот шешімімен бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төледі.
Шара барысында қару ұстайтын 7524 адам тексеріліп, жалпыға ортақ ережені бұзғандарынан 81 мылтық тәркіленді.

СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.

Страница 242 из 242