Солтүстік Қазақстан газеті

Әлеумет

АРДАҚТЫ АРДАГЕРЛЕР Құрмет кітабына енгізілді

Печать PDF
Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Қатты жаңбыр жауса, жалп ете түскелі тұрған сары жапырақтар сияқты сиреп қалған қариялардың бәрі де ардақты. Солардың ішінде елімізге ерекше еңбек сіңірген ардагерлер аз емес. Міне, соларды облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет кітабына енгізу жөнінде осыдан екі ай бұрын шешім қабылданған болатын.
Өткен жұма күні өткізілген облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген мәжілісінде Құрмет кітабына енгізілген қадірменді қарияларға куәліктер тапсырылды. Бұл тізімнің басында Жақсылық Ысқақов тұр. Одан кейін – Сергей Пресняков, Степан Башкиров және Оралбай Сағындықов. Сондай-ақ Вагулино ауылдық округінің бастауыш ұйымы да осы тізімде.
Қол қусырып отыруды білмейтін ардагерлер өткен жылы көркемөнерпаздар байқауына қатысса, биыл мұражайлар арасында байқау өткізді. Бұл байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлері осы жолы марапатталды. Байқаудың жеңімпазы – Ғабит Мүсірепов атындағы аудан. Соколовка мен Кішкенекөл ауылдарының мұражайлары екінші-үшінші орындарды бөлісті. Жақсы мұражайлардың көптігіне байланысты аталымдар бойынша да марапат иелері анықталды. Мәселен, Бостандық мектебінің мұражайына жылы лебіз білдірілді.

ТАҒДЫР СЫНЫНА ТӨЗЕ БІЛГЕН кейуананың жасы – 100-де

Печать PDF

argaiv1208

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

“40 жыл бойы ет комбинатында жұмыс істедім. Сол жерден зейнеткерлікке шықтым. Басымнан талай қиындық өтті. Бірақ оларға мойынсынбадым. Жаратқанның осы күнге дейін жетуіме мүмкіндік бергенін жақсылыққа балаймын”, – дейді қарт ана.
Жылы жүздесу барысында облыс әкімі мереке иесімен, оның туысқандарымен тілдесіп, амандық сұрасты. Қарттар күніне орай өңір басшысы Матрена Бондареваға теледидарды сыйға тартты.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

102 ЖАСТАҒЫ КҮЛДАШ ӘЖЕЙ 3 ұл, 6 қыздан 8 немере, 28 жиен сүйіп отыр

Печать PDF

 

Кеше өңір басшысы Серік Біләлов пен қала әкімі Болат Жұмабеков Бензострой ықшамауданының Гагарин көшесінде кенже қызы Әлия Дүйсенбекованың қолында тұратын 102 жастағы Күлдаш Мүсәфірованы Қарттар күнімен құттықтап, бағалы сыйлық тарту етті.

Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.

– Құдай қосқан қосағым, Ұлы Отан соғысының мүгедегі Кәрке Мүсәфіров екеуміз де Қызылту (қазіргі Уәлиханов) ауданының Кіші Қараой ауылында дүниеге келгеміз. Еңбек ете жүріп, 3 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірдік. Олар: Астана, Павлодар, Петропавл және Ресейдің Омбы қалаларында түтін түтетіп жатыр. Бүгінгі күні 8 немере, 28 жиен сүйіп отырмын. Шөберелерімді санап көрген емеспін. Жас келді ғой, жаңылыса беремін. Патшамызға рахмет, 37 мың теңге зейнетақы аламын. Құдайға шүкір, мына Сіздің алдыңыздан шығып, сәлем берген Ерсайын сияқты немерелерім мен қазақы жол-жораларыма жетеді. Тағдырыма ризамын, – деді өңір басшысымен әңгіме барысында Күлдаш Әлімбайқызы.
Серік Біләлов кейуананың жағдайын сұрап, ұзақ ғұмыр тіледі, мерекеге орай “Индезит” автоматты кір жуу машинасын тарту етті.

Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

ЖАЛЫН — ЖАЙБАРАҚАТТЫҚҚА ЖАУ

Печать PDF

Биылғы жылдың соңғы 9 айында облыс көлемінде 646 өрт оқиғасы тіркеліп, одан 400 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 32 адам, оның ішінде 1 бала қайғылы қазаға ұшырап, 23 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды. Өрт салдарынан 136 құрылыс орны отқа оранып, оның ішінде 42 тұрғын үй, 58 бас мал, 33 автокөлік толығымен күйіп кетті.

Өткен апта да өртсіз болған жоқ. Мәселен, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында қайғылы жағдай орын алды. Бір қабатты тұрғын үйдің екі бөлмелі пәтеріндегі өртті ауыздықтау барысында өрт сөндіру мамандары 87 жастағы зейнеткердің мүрдесін тапты. Жергілікті тергеушілердің айтуынша, өрт оқиғасы тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан орын алып отырған сыңайлы.
Дәл осындай жағдай Тайынша ауданының Озерный ауылында тіркелген. Бір үйдің жатын бөлмесіндегі матрас, төсек жабдықтары жанып, еден айтарлықтай зақымданды. Өртті бірігіп сөндірген ауыл тұрғындары 51 жасар үй иесінің өлі денесін тапты.
Петропавл қаласында екі пәтерлі тұрғын үйді шарпыған тілсіз жау ағаш құрылымды шаруашылық құрылыстарын жойып, үй шатырының бір бөлігіне зақым келтірді. Өрт сөндіру мамандары тілсіз жауды ауыздықтап, қауіпті 4 газ баллонын сыртқа шығарып, көрші пәтерді аман сақтап қалды. 43 жастағы үй иесі 1-2 дәрежелі бет және дене жарақаттарын алды. Өрт сөндірілмеген темекіні шаруашылық құрылыстарына тастай салған баспана иесінің салғырттығынан болған көрінеді.
Лазутин көшесінде тұрғын үйдің шатыры мен қабырғасы және Маяковский көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйдің шатыры, терезе жақтаулары, үй жиһаздары отқа оранып, оқиға орнынан 2 газ баллоны шығарылып, жарылысқа жол берілмеді.
Ал Есіл ауданының Явленка ауылында екі қабатты тұрғын үй отқа оранып, оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру қызметкерлері 20 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Жалын теледидар, диванды зақымдап, баспананың кіреберісі көк түтінге толды.
Аққайың ауданының Ивановка ауылында және Петропавл қаласының Қ.Кеншінбаев көшесіндегі гараждарды жалын шарпыса, Ружейников көшесінде “ВАЗ-2110” автокөлігі толығымен жанып кетті.
Сондай-ақ Петропавл қаласының “Зеленый луг” саяжай қоғамында шыққан өрт салдарынан саяжай үйі толығымен күлге айналды.
Апта сайын облыс тұрғындарының ондаған тонна шөбін жалмап келе жатқан от тыйылар емес. Өткен аптаның өзінде Айыртау ауданының Лобаново, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шұқыркөл, Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево елді мекендерінің тұрғындары жалпы 25 тоннадан астам шөптерінен бір мезетте айрылды. Ал жыл басынан бері облыс бойынша күлге айналған мал азығының көлемі 825 мың тоннаға жетіп жығылады.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

ЖАҢА БЕКЕТ АШЫЛДЫ

Печать PDF

Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаево қаласында облыстық өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі басқармасы жанынан газ бен түтіннен қорғау бекеті ашылды.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген облыстық өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі басқармасының бастығы Ерік Мәжитов отқа оранған ғимарат ішінде 40-45 минутқа дейін болып, зардап шегушілердің өмірі мен дүние-мүліктерін тілсіз жаудан аман сақтап қалуға зор мүмкіндік беретін бекеттің салынғанына қуанышын білдіріп, өртке қарсы қызмет бөлімінің жеке құрамына мықты денсаулық, отбасына бақыт тіледі.
Өртке қарсы қызмет ардагері Марат Әлжанов ТЖД Булаево қаласындағы өртке қарсы қызметте нағыз кәсіби мамандар жұмыс істейтіндігін, сондай-ақ су жаңа бекеттегі заман талабына сай құрал-жабдықтың арқасында өрт тез ауыздықталып, өртке қарсы қызметтің сапасы арта түсетіндігі қуантатын жайт екенін атап айтты.
Шара барысында Ерік Мәжитов пен Марат Әлжанов салтанатты түрде көк лентаны қиып, өрт оқиғасы кезінде құтқарушыларға қажетті арнайы киімдермен, германиялық аспаппен жабдықталған бекетті бірінші болып аралады. Бекеттің іші мен аспаптарды тамашалаған қонақ-тар мен мектеп оқушылары өрт сөндірушілердің қызметін жеңілдету мен адамдардың өмірін құтқаруда маңызы зор құрылғы жайында тағылымы мол ақпарат алды.
Облысымыздағы бесінші газ бен түтіннен қорғау бекеті Германиядан 4 млн. теңге қаражатқа сатып алынған жоғары сапалы құрылғымен жабдықталған. Ол өз кезегінде өрт сөндіру сапасын арттыру, апаттық-құтқару жұмыс-тарын жүргізу, соның нәтижесінде өлім мен зардап шеккендер санын азайту, сонымен қатар бөлімшелердегі жеке құрамның дайындық деңгейін арттыру жұмысында өз септігін тигізбек.

ҚАДІРМЕНДІ ҚАРИЯЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Печать PDF

 Кеше облыс әкімі Серік Біләлов Халықаралық қарттар күніне орай алдыңғы буын өкілдерімен кездесіп, мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ардагерлердің жағдайына үнемі назар аударып, қамқорлық көрсетіп келеді. Осының негізінде өңірімізде соғыс және еңбек ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуде ауқымды жұмыс атқарылуда. Қазіргі таңда қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығын өткізу дәстүрге айналды. Соның арқасында зейнеткерлер мен мүгедек жандардың қысқы маусым алдындағы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері шешіледі. Үстіміздегі жылғы 15 қыркүйекте қайырымдылық сенбілігі өткізіліп, жиналған қаржы зейнеткерлер мен мүгедектерді қолдауға бағытталды, – деген өңір басшысы Серік Біләлов ардагерлердің еліміздің қоғамдық-саяси өміріне, жастарға патриоттық, рухани тәрбие беруде белсенділік танытып жүргендігін атап өтті. Еліміздің алдағы уақытта да аға буынның әлеуетін жақсарту үшін барлық жағдайды жасайтындығын жеткізді. Осындай зор ілтипатқа бөленген аға буын өкілдері де алғыстарын айтты.
– Салтанатты жиынға қатысып отырған қарттардың барлығы жауапты қызметтер атқарып, өңіріміздің дамуына сүбелі үлестерін қосқан. Бүгінгі таңда біздің елеулі еңбегіміз ұмытылмай, қоғам тарапынан құрметке ие болуымыз көңілімізді өсірді. Өз мамандықтары бойынша тәжірибелі, білікті кадр болған қарттар жастарға үлгі-өнеге болуға әбден лайық, – деді мінбеге көтерілген ақсақалдардың бірі Құдайберген Қалиев.
Қызметте жүрген жылдарындағы қызықты сәттерді естеріне алған қарттар алғыстарын жеткізіп, әлі де болса өңіріміздің көркейе беруі үшін өздерінің үлестерін қосатындықтарын айтты. Елдің әлеуметтікэкономикалық дамуынан хабардар аға буын облыс әкімі Серік Біләловке өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ойларын білдірді. Әдемі әңгімемен жалғасқан салтанатты шара барысында өңір жетекшісі облысты дамытуға қатысты алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Страница 204 из 204