Солтүстік Қазақстан газеті

Дін

ИНТЕРНЕТ ТЕ – ИМАНДЫЛЫҚ ИІРІМДЕРІ

Печать PDF

“Қызылжар” мешітінің кітапханасын пайдаланушылар кітап қорының аздығын, өздеріне қажетті діни әдебиеттерді таба алмайтындығын айтатын. Бұл олқылық біртіндеп шешіліп келеді. 

argaiv1208

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
“Қызылжар” мешітінің баспасөз хатшысы.

Кітап қоры Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан келіп түсіп жатқан ислам мәдениеті мен білімді қолдау қоры арқылы басылып шыққан жаңа діни әдебиеттермен толыға түсуде. Мешіттегі сауат ашу курсында дәріс алушыларға, мектеп оқушыларына, намазхандарға осы кітапханада өздерін ойландырып, толғандырып жүрген сауалдарға жауап алатын, жалпы ислам діні құндылықтарына тереңірек бойлауға қолайлы жағдай жасалды.
Енді міне, олар осы кітапханада орнатылған алты компьютерде Интернет арқылы ҚМДБ-ның, “Қызылжар” мешітінің, басқа да ислами сайттарынан соңғы жаңалықтарды біліп отыру, ислам әлемінен сыр шертетін “Асыл арна” телеарнасының хабарларын көру, бүкіл әлемде болып жатқан құбылыстармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Компьютермен жұмыс істей білмейтіндерді Ливияда оқып, діни білім алған “Қызылжар” мешітінің ұстазы Хамзат Әділбеков үйретеді. Осы қызметті пайдаланушылар бір-біріне ыңғайсыздық туғызбауы үшін құлаққалқан арқылы тыңдай алады. Кітапханада орнатылған үлкен экран арқылы уағыз материалдары көрсетіледі. Қалалық және аудандық мешіттердің бас имамдары, намазхандар қатысқан компьютер сыныбының ашылу рәсімінде ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, “Қызылжар” мешітінің бас имамы Қасымхан Абдуллаұлы осы құралдарды сатып алып, орнатуға өңір кәсіпкерлері қол ұшын бергенін айтты.

ӨЗІНЕ-ӨЗІ ҚОЛ ЖҰМСАУ — АЛЛАҒА НАРАЗЫЛЫҚ

Печать PDF
Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ.

“Өзіне-өзі қол жұмсапты” деген жүректі мұздатып, жаныңды үрейлендіретін суық хабар андасанда естіліп тұрады. Өзіне-өзі қол жұмсау – әр кісінің қолынан келе бермейтін іс. Иә, ауру меңдеп, енді беті бері қарамайтынын білген науқас өзінің бұдан әрі қиналмай өлгенін тілеуі мүмкін. “Өлімнен ұят күшті” деп те, жау қолына тірі түспеуді көздеген мақсаты немесе лажсыздық та адамды өзіне қол жұмсауға итермелеуі мүмкін. Өзіне-өзі қол жұмсаудың себеп-салдары ретінде ауру, біреу қорқытқан, тұрмыс жағдайына байланысты, тәрбиенің нашарлығы, осалдық пен әлсіздік, т.б. келтіріледі. Өзіне-өзі қол жұмсау өжеттік, жаужүрек, батыл шешім бе, жаңсақтық па? Әлде бұл заманның зауалы ма? Нәубет пе, індет пе?
Өзіне-өзі қол жұмсағандарға талдау жасап көрейік. Ішімдікке тойып алып, жұбайымен араздасқан лауазымды адам асылып өлді. Бекітіліп берілген мал басының жетіспеуіне байланысты қойшы, оған жауапты мал маманы өзіне қол жұмсаған. Жоғары білімді әйел мұғалім күйеуінің не мамандығы, не қолайлы істеген жұмысы жоқтығын қайта-қайта бетіне басып, жұрттың, балаларының алдында кемсіте бергендіктен, өзіне қол жұмсауы, үйленбей ерлі-зайыптыдай араласып, көңілдері жарасып жүрген жұптың біреуінің тастап кетуі, әлеуметтік теңсіздіктен, өзінен білім дәрежесі төмен, тәжірибесі жоқ адамның лауазымды қызметке заңсыз жолдармен тұрып, өмір бойы адал қызмет жасап келе жатқан адамды ұжым алдында кемсітуі, отбасы жағдайына байланысты қатарындағы оқушылармен бірдей сынып өміріне араласа алмауы, өзін төмен санауы, оған оқытушының оқушылар алдында байқамай ескерту жасауының салдарынан да өзіне қол жұмсаған жағдайлар болды. Теледидардан 13 жастағы екі қыздың әкелеріне сыйлық даярлап, өздерінің шешімдеріне ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ екенін хатқа түсіріп, көп-қабатты үйдің шатырынан секіріп, есіктің алдына құлап өлгендерін көрсетті. Екі қыз да құлап келе жатқандарында мүлде дауыс шығармағандарын көзбен көргендер айтты. Суицидтің анықтамасын көптеген ғалымдар ауруға апарып тірейді. Аурумен қатар, біздіңше, өзіне-өзі қол жұмсаушылардың көбі ең бірінші орынға жарық дүние, отбасын қоюдың орнына, басына түскен проблеманы, соны шешудегі қиыншылықтарды, жауапкершілікті жоғары қоюында болып тұр.
Адам баласы жарық дүниеге келген соң оның өмірінде қиыншылықтар алдынан шығатыны – абсолютті шындық. Сол қиындықтарды жеңе білу, талпыну, еңбектену, шыдамдылық, сабырлылық, ең болмаған күнде болашаққа сенім болу керек. Өзіне-өзі қол жұмсаумен жарық дүниеден өтуге болады, бірақ туған-туысқандарына қайғы-қасірет әкелетінін, оларды замандастары алдында ұятқа қалдыратынын, өзінің Алла тағала алдында үлкен күнәға бататынын білмейді деуге де болмайды. Басқа түскен қиындықтан құтылудың жолдарын бірігіп, ақылдасып шешуге жол іздеу маңызды.
Алла тағаланың ең үлкен сыйы – ол адам баласының жарық дүниеге келуі. Өзіне-өзі қол жұмсау – Аллаға қарсы тұрғандық, үлкен күнә делінеді.
Көрші мемлекеттің бір облысында өзіне қол жұмсағандардың жаназасын шығармай, бейіттен аулақ жерге жерлейді екен. Әрбір ауылда өзіне-өзі қол жұмсағанға дәл осындай көзқарас ұстанылса, ең алдымен қиналатын марқұмның туған-туысқандары болады. Қалың бұқара арасында осы мәселеге үлкен маңыз берілсе, “өзіне-өзі қол жұмсаған адам жұрт қатарлы жерленбей, намазы шығарылмайды” дегенді естудің өзі тежеу болары хақ.
Құран Кәрімнің Ниса сүресі 29-ая-тында “Өздеріңді-өздерің өлтіруші болмаңдар” делінген. Бұл жерде ата-ананың рөлін жоғары көтеру мәселесі тұр. “Сені жарық дүниеге әкелген ата-анаңды сыйлауың керек, оларды ренжітіп, көңілдеріне дақ түсіргенің – Алла тағаланы ренжіткенің болып табылады”, – деген ұғымды бала санасына дарытуымыз қажет.
Ханафи мазһабы бойынша “Діннен шыққан адамға, кәмелетке толып, өзін-өзі өлтірген есі дұрыс жанға, әке-шешесін өлтірген жанға, тонаушыға, адамдарды жазықсыз өлтірушіге жаназа намазы оқылмайды” деген шариғат талабын жастар, оқушылар алдында басында сәлдесі, үстінде шапаны, аузында иманы бар адам бір рет мысал келтіріп айтса, ол ата-ана, мұғалімнің жүз айтқанына татиды. Бұл ретте дін қызметкерлерінің алатын орны жоғары болып келеді. Көтеріліп отырған мәселе бойынша діни уағызда бүгінгі күннің, жарық дүниенің маңызын жоғары қойып айтудың мәні зор. Бұл мәселеде қоғамдық ұйымдар, ата-ана қай дәрежеде уағыз, түсінік жұмысын атқарады, нәтижесі соған да байланысты. Ата-баба, халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне жете мән берсек, ертеңгі жемісіміз де, жеңісіміз де сол болмақ.

ЖАСТАР ҰЛЫ АБАЙДЫ ҰҚСА ИГІ

Печать PDF

Ислам – адам баласы Жаратқанға құлшылық етіп, шын ниетімен ғибадат қылу арқылы осы өмірдің дәмін татып, игілігін көріп және келесі өмірде ақырет рақатын көру үшін Алланың жіберген діні. Ол әуелі, адамгершілік жолы. Сондықтан ислам дінін гуманистік тұрғыдан қарастырған жөн. Осы гуманистік бастауды замандастарымызға тәптіштеп жеткізу – абыройлы міндетіміз. Тек осы жоғары құндылықтар ғана жастарды жақсылыққа итермелеп, бүгінгі заманда ілгері басуға көмектеседі. Мұның бәрін бойына сіңірген адам Отанды сүю, ар-ұят, намыс секілді қасиеттерді бойына сіңіреді.

Зарина ФАЙЗУЛЛИНА,
студент.

Исламның педагогикалық жағы мықты. Мәселен, ол адамның рухани құндылықтары: тәрбиелілігі, адамгершілік пен моральдық қасиеттері, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы жөніндегі идеяларды насихаттайды. Иланудың негізінде жастар бойына үш негізгі қасиетті дарытады. Біріншіден, адалдық, яки Отанға, сөзге, халыққа, махаббатқа адал болу. Ондай адамға сенуге де, арқа сүйеуге де болады. Екіншіден, жұбаныш, үміт, ол жақсының жаманды жеңуінен, әділдіктің әділетсіздікті жоюынан көрініс табады. Мұндай оптимизм адамға әлеуметтік тұрғыда дамуға мүмкіншілік беріп, арман-мақсатқа жетер жолын көрсетеді. Үшіншіден, сүйіспеншілік, өмірде ынталандыратын да осы деп білеміз. Осы айтылған қасиеттер исламның жоғары рухани күшін құрайтынын ұмытпағанымыз жөн.
Абай өмірде мақсатқа жету жолы – Алланы сүю деп көрсетеді. Отыз бесінші сөзінде екіжүзді қажылар мен молдаларды “адамның сайтаны – монтаны сопылар” деп суреттейді. Бұл әсіресе, біздің заманымызда өзекті. Өйткені, бүгінде кейбір жастардың дінге терең үңілмегендігінен, жаңсақ әрекеттері ара-тұра көзге түсіп қалады. Бәзбіреулер өзін діндар етіп көрсете жүріп, дінді әлі де терең игеріп, толық түсіне бермейді. Мұндайлар ұлы Абайдың Құдай мен адамның, өмір мен өлімнің, жан мен тәннің, иман мен ұяттың, дін мен ғылымның, дін мен дін иелерінің өзара байланысы туралы түсініктері әлі де ғибратты, нұсқалы екендігін ұқса игі. Өйткені, жастар – бүгінгі заманның келбеті мен еліміздің келешегі.

ЗЕКЕТ – АЛЛАНЫҢ БЕРГЕН НЫҒМЕТІНЕ ШҮКІРШІЛІК

Печать PDF
Нұрлан ЖҰМАБАЕВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы
зекет қорының СҚО бойынша өкілі.

Ықылым заманнан бері қазақ рухани дүниесі бай және мұсылманшылықтың бес парызын назардан тыс қалдырмай орындап отыруды ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етіп келе жатқан халық екендігі әмбеге аян. Ислам дінінің қадір-қасиетін терең бойлап түсінген ата-бабамыз қай заманда да жоқ-жітікті, жетім мен жесірді далаға тастамаған. Данышпан Абай атамыз да: “Кең болсаң, кем болмайсың”, – деген жүрек-жарды сөзімен үлкен мағынаны меңзеген. Қаблиса жырау бабамыздың жүрегінен шыққан мына төмендегі алмас қылыштай өлең шумақтары да бұған бұлтартпас дәлел болады:
Парызды сонан соңғы
“зекет” дейді,
Қолыңа нелер келіп,
не кетпейді.
Бергенің береке
болып ақыретте
Жұмақтың биігіне жетектейді.
Ай, мұсылмандар, жарандар,
Малыңнан зекет беріңіз,
Бірлігін Хақтың біліңіз.
Хақ жолымен жүріңіз,
Пәк болады дініңіз!
“Зекет” сөзі араб тілінен аударғанда өсу, көбею, тазару деген мағыналарды білдіреді. Демек, зекет беру арқылы мұсылман адамның мал-мүлкіне Алла тағала береке беріп, көбейте түседі деген сөз. Сондай-ақ зекет беру арқылы мұсылман қолындағы байлығын түрлі рухани ластықтан тазартады. Адамдардың көкейіндегі сараңдық қасиеттерін азайтып, басқаларға қол ұшын беруді үйретеді. Өзгелерге жәрдем етудің рахатын сезіндіреді. Адамның көкірегінде пайда болатын ашкөздік пен дүниеқұмарлық секілді сезімдерден тазалап, тәкаппарлық пен сараңдықтан тыяды. Осылайша зекет адамды рухани сауықтырып, жүрегін тазалайды. Алла тағала Құранда зекеттің адамдарды рухани тазалайтындығы туралы: “Олардың малдарынан зекет ал. Зекет арқылы оларды тазалап, нәпсілерін тәрбиелейсің” (“Тәубе” сүре-сі, 103-аят), – дейді. Сондай-ақ Құран Кәрімде: “Олардың мал-мүлкінде сұрап келетін және марқұм қалған адамның ақысы бар” (“Зәрият” сүресі, 19-аят), – дейді. Бұл аяттардың негізінде зекеті берілмеген байлық – өзгелердің ақысы араласқан байлық болып есептеледі. Ал оның иесі Алла құзырында өзгенің ақысын жеп отырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Зекетті мойындамай, оны бермегендерді жазғырып Алла тағала Құранда: “Мүшріктерге от азабы болады, себебі олар зекет бермейді және ақыретті де мойындамайды” (“Фуссилат” сүресі, 6-7-аяттар), – дейді.
Мұса пайғамбардың (а.с.) уақытында Қарун атты бір бай кісі бар еді. Дәулеті тасқаны сонша, байлығының есебін білмейтін. Бірақ өте сараң болатын. Бір күні Алла тағала Мұсаға Қарунның малынан зекет алуды бұйырды. Зекетін есептеткенде, көзіне көп көрінген Қарун оны беруден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ Мұса пайғамбар да өз міндетін орындау үшін Қарунға зекет беруі керектігін айтып жүрді. Мұсадан (а.с.) біржола құтылғысы келген Қарун сұлу бір әйелді алтынмен азғырып, Мұса менімен зина етті деп жала жап дейді.
Бір күні Мұса (а.с.) халыққа уағыз айтып жатады:
– Егер адам ұрлық жасаса, қарақшылыққа барса, зина етсе, жазасын алуы тиіс...
– Уа, Мұса, осыны сен жасасаң да, үкім өзгермей ме? – деп сұрайды елдің соңын ала отырған Қарун.
– Иә, – дейді пайғамбар, – бұл үкім бәрімізге ортақ.
– Ендеше, сені жазалау керек, куәгерім де жоқ емес, сен пәлен әйелмен зина жасапсың, – деп Қарун уәделі әйелді шақыртады. Бірақ жеме-жемге келгенде пайғамбарға жала жабуға әлгі әйелдің дәті шыдамайды. Шынын айтып, керісінше Қарунның қитұрқы ниетін ел алдында әшкерелеп береді. Бұған ашуланған Мұса пайғамбар (а.с.) Алла тағаладан мұның ақыры не болатынын сұрайды. Алла тағала Қарунды жазаласа да, кешірсе де, Мұсаның өз еркіне бергенін айтады. Мұса (а.с.) қолындағы аса таяғын жерге ұрып қалғанда, Қарунды тізесіне дейін жер жұтып қояды. Тағы бір сілтегенде, Қарунды түгелдей жұтып қойды.
Арада біраз уақыт өткенде, ел арасында “Мұса Қарунның байлығын иемденгісі келіп көзін құртыпты” деген өсек пайда болады. Бұл сөз пайғамбардың құлағына жетісімен, Мұса (а.с.) Қаруннан қалған байлықтың бірін қалдырмай жер жұттырып жібереді.
Ақыретті ұмытып, дүние-қоңызданған, малынан зекетін бермеген, онымен қоймай пайғамбарға жала жапқан қайырымсыз Қарун байдың өзі де, дүниесі де осылай жермен жексен болып құрып кеткен екен.
Нисабы (күнделікті қажеттіліктен артық мөлшер) жеткен мал-мүліктің зекетін беру, оны осы харамнан тазалайды. Сол секілді зекет арқылы қоғамда жасалатын ұрлық-қорлық, зорлық-зомбылық қылмыстар азаяды. Байлар мен кедейлер арасындағы алауыздықтың алды алынады. Міне, осылайша Алла тағала тек зекет берушіні ғана емес, жаппай қоғамды да рухани кемелділікке жетелейді.
Зекет беру – ислам дініндегі бес діңгектің бірі. Құран Кәрімде намазды орындаңдар деп келген әмірмен бірге зекет беріңдер деген Рахман бұйрығы әрдайым қатар жүреді. Алла тағала өзінің қасиетті Кітабында 32 жерде мүміндерден зекет беруді талап еткен. Сонда да, адамның шамасынан тыс міндетті оған жүктемейтін Мейірімді Раббымыз нисабы жеткен мал-мүліктің 2,5 пайызын ғана зекет етіп беруді талап етеді. Сансыз нығметті беріп, адам баласын құрметтеп көтерген Жаратушының жолына байлығының 2,5 пайызын ғана арнау, сараңдық ауруына ұшырамаған Жаппар Хақтың құлдарына, сірә, қиын болмаса керек.
Исламның ең маңызды ерекше-ліктерінің бірі – материя мен рухтың, дүние мен ақыреттің арасында құрған тепе-теңдігі. Әрбір мәселеге тек қана материалдық тұрғыдан қарамай, ақыреттік рухани жағы-нан да қарап қорытындылауы. Зекет осы тұрғыдан маңызды. Өйткені, зекет – рух пен материя арасында құрылған байланыс және тепе-теңдік негіздерінің бірі. Ислам байлықтың белгілі бір адамдардың ғана қолында болуының қате екендігін айқын білдіреді. “Хашр” сүресінде пай ретінде дұшпаннан алынған малдың таратылу тәртібін көрсеткен аятта былай делінеді: “Байлықтың, тек байлардың арасында ғана айналып жүрмеуі үшін деп...” (7-аят). Сондай-ақ зекет – байлық пен нығметтерді берген ұлы Жаратушыға шүкір болып табылады. Оның әміріне бас иіп, оған құл екендігін білдірудің бір жолы.
Барлық нәрсенің иесі, әкімі, патшасы – Алла тағала. Жаратылған нәрсенің барлығы – Алла тағаланың мүлкі. Бар тіршілікке ризық үлестіруші – Алла тағала. Оған сенуіміз және сүйсінуіміз қажет. Оның байлығы шетсіз-шексіз. Оған шынайы сенгендер фәниде қиналмайды. Керісінше, ризық қуғандар өмірін өкінішпен өткізеді.
Адам зекет беру арқылы фәни және өткінші мал-дүниесін мәңгілік бақиға ауыстырады. Берген аз мөлшердегі малының есесіне ақыретте таусылмайтын еселенген сауапқа қол жеткізеді. Баршамызға асыл дініміздің бес парызының бірі – зекетті өз шарттары мен қағидаларына сәйкес, жүйелі түрде Алланың разы болатынындай беруімізді және екі дүниеде де жүзіміз жарық жүруімізді жазсын! Әумин!

Страница 52 из 52