Солтүстік Қазақстан газеті

Экономика

БАНК КРЕДИТТЕРІНЕ ЖӘРДЕМҚАРЖЫ БЕРУ өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралды

Печать PDF

№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл

argaiv1208

Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті. Онда банктердің кредиттері бойынша сыйақы ставкалары мен кепілдендіру үшін жәрдемқаржы беруге арналған өтінімдер қаралды.
Петропавлдық жеке кәсіпкер Тілеужан Бейсембаев жүк тасымалдаумен айналысады. Ол “Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау бойынша қызмет көрсету” жобасын жүзеге асыру үшін “Евразиялық банк” АҚ-ның облыстық филиалынан 14 пайыздық үстемақымен кредит алған. Өңірлік үйлестіру кеңесі 3 жыл бойы 7 пайыз көлемінде кредитті бюджеттен жәрдемқаржыландыру және кредит сомасының 50 пайызына кепілдік беру туралы шешім қабылдады. Сонымен бюджет кәсіпкерге банктің 0,8 млн. теңгелік сыйақы ставкасының орнын толтырады, енді Тілеужан Қасымұлы алдағы үш жыл бойы банкке кредиттің 7 пайыздық үстемесін ғана төлейтін болады. Оның үстіне бюджет кәсіпкердің банк алдындағы сомасы 6,6 млн. теңгелік кредитіне кепілдік береді. Осы жоба арқылы 1 жұмыс орны ашылады.
Тайынша қаласындағы жеке кәсіпкер Майра Қажыманова жолаушылар тасымалдау кәсіпорны арқылы 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тайынша – Көкшетау бағытына қатынайтын автобус сатып алу үшін “Дельта банк” АҚ-ның облыстық филиалынан 12 пайыздық үстемеақымен кредит алған. Бір жұмыс орнын ашқалы отырған Майра Сағатбайқызына да 3 жыл бойы 7 пайыз көлемінде жәрдемқаржы және кредиттің 50 пайызына кепілдік берілетін болды.
“Мада Трейд” ЖШС Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығында сыйымдылығы 15 мың тонналық элеватор құрылысын қолға алып отыр. Серіктестік директоры Сергей Потаповтың айтуына қарағанда, жаңа нысанның жалпы құны 407 млн. теңгені құрайды. Ол “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ қолдауымен “Цеснабанк” арқылы қаржыландырылмақ. Астық қабылдау кәсіпорнына түріктің “Овиал” фирмасының қондырғылары орнатылады. Оның құрылысын петропавлдық “Жер-Дән” ЖШС-нің құрылысшылары жүргізуде.
Өңірлік үйлестіру кеңесі тиісті құжаттарын әзірлегеннен кейін аталмыш серіктестікке “Цеснабанк” кредиті бойынша сыйақы ставкасына жәрдемқаржы және банк алдында кредиттің 50 пайызына кепілдік беруге шешім қабылдады.

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ТРЕНИНГ

Печать PDF

№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл


Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның өңірлік филиалы облыс орталығындағы И. Шухов атындағы қалалық кітапханада кәсіпкерліктің жедел курсын өткізді. Оған кәсіпкерлер мен журналистер қатысты. Семинарды “Сила” тренинг орталығының қызметкері жүргізді.
Екі күндік курс шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіліп отырғандығы туралы ақпараттан басталды. Ел экономикасын жандандырудың бір жолы – жеке кәсіпкерлікті дамыту деп білетін Үкіметіміз іскерлік танытқандарға өзінің қолдауын көрсету үшін бірнеше бағдарламаны жүзеге асыруда. Оның біразы “Даму” қоры арқылы жүргізіледі. Шындығында осы қордың жұмысымен жақсы таныс кәсіпкер өзіне мемлекет тарапынан жасалатын көптеген жеңілдіктерді пайдалана алады, делінді семинарда. Сондай-ақ “Табыс табудың жолын тапқан кәсіпкер өзінің бастамасын одан әрі дамыту үшін бизнестің бүгешігесін үйреніп, ісіне жаңа серпін беруі қажет”, – деген дәріскер Ирина Васильева тыңдаушыларға іскерліктегі байланыс орнату жолдары мен амал-тәсілдерін бастап, кәсіпкерлік құжаттарын қалай жүргізу қажеттігіне дейін түсінірді. Сондай-ақ ол әр тақырыптан соң тыңдаушылардың қаншалықты ұғынғандықтарын пысықтау үшін бірнеше тренинг ұйымдастырды. 
Семинардың соңында әр тыңдаушыға кәсіпкерліктің жедел курсынан өткендігі туралы сертификат берілді.


Страница 167 из 167