Солтүстік Қазақстан газеті

АЙДАРДЫҢ АЙШЫҚТЫ АСУЫ

Печать PDF
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Тайваньнің Тайбэй қаласында студенттер арасында өткен XXIX жазғы Универсиада жеңімпазы, солтүстікқазақстандық ауыр атлет Айдар Қазовты қабылдады.

Облыс басшысы әлемнің 142 елінен жеті мыңнан астам спортшы қатысқан Бүкіләлемдік жазғы Универсиадада топ жарған Айдар Қазовты құттықтап, жаңа жеңістер тіледі.

argaiv1087

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында дене шынықтыру және спорт мәселесіне ерекше назар аударады. Жуырда Астанада “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі аясында кәсіпқой бокс кеші өтті. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері ел сенімін ақтап, спортсүйер қауымға үлкен қуаныш сыйлады. Әлемдік спорт додасында намысты қолдан бермей, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген біздің жерлестеріміз де аз емес. Солардың бірі – Қытайда өткен Бүкіләлемдік жазғы Универсиаданың жеңімпазы Айдар Қазов. Облыс жұртшылығы атынан Айдарды жеңісімен құттықтап, алдағы бәсекелерде еліміздің көк туын биікке желбірете беруін тілеймін! – деді Құмар Іргебайұлы.

Шара барысында ел мерейін асырған зілтемірші Айдар Қазов пен оның алғашқы бапкері, ауыр атлетикадан облыстың бас жаттықтырушысы Ерік Әлібаевқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты және ақшалай сыйлық табысталды.

Өз кезегінде жазғы Универсиаданың чемпионы көрсетіліп отырған құрметке алғысын білдіріп, алдағы бәсекелерде жеңіске жету үшін бар күш-жігерін аямайтындығын жеткізді.

Қабылдауда еңбек ардагері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Александр Липовой, спорт ардагерлері Теміртас Әлжанов пен Виктор Бондаренко сөз алып, жерлес спортшының жеңісі солтүстікқазақстандықтар үшін үлкен мерей екенін атап көрсетті.

Шара соңында жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Айдар Қазов қараша айының соңында АҚШ-та өтетін әлем біріншілігінде үздіктер қатарынан көрінуге барын салатынын атап айтты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.



Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау