Солтүстік Қазақстан газеті

КҮЙ КҮМБІРЛЕП, ӘН ӘУЕЛЕГЕН ӘУЛЕТ

Печать PDF

“Отбасы – бақыт мекені ” деген мәнді де мағыналы сөздің тамыры тереңде жатыр. Әрбір шаңырақ – өз алдына шағын мемлекет. Халық даналығында “Ұлы жол үйдің табалдырығынан басталады” деп айтылуы да тегін емес. Өйткені, адамның өсіп, оқып, заман көшіне ілескенше қалыптасуы оның туған ортасына, ата-анасы мен бауырларына тікелей байланысты.

argaiv1900

Еселі еңбегімен өнеге көрсетіп, қасиетті өнерді қанат еткен үлгілі әулеттердің бірі – Шал ақын ауданында тұратын Қожамбетовтер отбасы. Киелі сахнаның сәнін келтіріп жүрген өнер иелері – атақты Қожамбет жыраудың ұрпағы. Отағасы Сәлімгерей Қожамбетов пен оның жан жары Балқия Нығыметқызы өмірлерінің мәні мен сәніне айналған жеті баласымен бірге аудандық, облыстық мәдени шараларға белсенді түрде қатысып, өңірдің мерейін асырып жүр.

Бұл әулетте ақындық пен шешендік дәріптеліп, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тәлім-тәрбиелік әдеттері мен ғұрыптары, салт-дәстүрлері сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етілуде.

Отағасы – Бірлік ауылының тумасы. Өмірлік жары Балқия Нығыметқызы Жезқазған өңірінен. Бала кезінен әнге құмар болған отанасы музыкалық училищені тамамдап, кейін осы салада ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен.

– Өнер – әрбір адамның бойына беріле бермейтін асыл қасиет. Мен Қожамбет ақынның немересі болсам, зайыбым – Найманның бас көтерер беделді ұлы Бабаштың немересі. Бізден тараған ұл-қыздарымыз ән мен биге, рухани мұраның асыл қазынасы болып табылатын қазақтың дәстүрлі музыкасына әуес. Сондықтан да басымызға бақ болып қонған өнерді кие тұтып, әрі қарай жандандыруға сүбелі үлесімізді қосамыз, – дейді Сәлімгерей Қожамбетов.

Ұрпағын қиындығы мен қызығы қатар жүретін өнер жолына тәрбиелеп, бесік жырымен бірге ұлттық ән-күйге баулыған көпбалалы ана бар байлығы балалары екенін айтады.

– Ән-күйге бір табан жақын өскен баланың өресі кең болады. Бұл да тәрбиенің бір құралы. Ең бастысы, олардың бойына имандылық, инабаттылық пен адамгершіліктің нәрін себе білу керек, – дейді көпбалалы ана Балқия Нығыметқызы.

Ұлдары мен қыздарын өнер бәйгесіне баптап қоса білген ерлі-зайыптылардың мақсаты бір. Ол – көз қуаныштарын қазақтың өнеріне баулу, сол арқылы тәрбие беру. Ата-ана үміті ақталып, балалары бүгінде әр салада қызмет етсе де, барлығы бір адамдай домбыраның құлағында ойнайды. Өнерді дәріптеген осындай өнегелі жандарды көргенде, қалай ғана сүйсінбеске?!.

Маржан ЖОМАРТҚЫЗЫ,

мұражай қызметкері.

Шал ақын ауданы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау